19.03.2021, 18:13
Оқылды: 42

Шыңғырлаулық тыл ардагерін құттықтады

Жыл өткен сайын Наурыз мейрамы елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жаңа мазмұнмен, жарасымды сән-салтанатымен түрлене түсуде.

162853991_1288195251554551_220002902462925422_n

Бүгін «Nur Otan» партиясының “Ардагерлерді ардақтайық“ партиялық жобасы аясында 96 жастағы тыл ардагері Қуанаева Хиуа әженің үйіне Шыңғырлау аудандық мәслихаты депутаттары наурыз-қоржын апарып, мерекемен құттықтады.

Хиуа әженің өмірі тұнып тұрған естелік, шежіре. Жоқшылық пен жетімдіктің тауқыметін бұла шақтан тартып, ерте есейген. 1925 жылы дүниеге келген ол әкеден 4 жасында, ал анадан 9 жасында айрылып, жетімдіктің ащы дәмін татады. Нағашыларының қолында жүріп 4 класты бітіріп алады, әрі қарай Қуағашта 5-ші сыныпты оқыған соң одан әрмен оқымай тастап кетеді. Білімі бар, қара таниды деп колхоз басқармасы оны 6 айлық тракторлық курсқа жіберіп, бұл кәсіптің тілін Лубенде меңгеріп шығады. Еркін, оқып-тоқығанын іс жүзінде дәлелдейтін де уақыт болмай, аяқ астынан соғыс басталады. Елдің барлық зейіні – майдан, ондағы жүрген тума-туыстарының жағдайы. Сары уайым жеп, күнінен бұрын шөккен қарттар, еңсені басқан қайғы-қасіретке дәрмен қыла алмаған жастар, елдің сол кездегі көрінісі осындай еді. Жауынгерлерге көмек деп әжелер жүн түтіп, жіп иіріп, солдаттарға жылы шұлықтар тоқиды. Ал жастар жағы мен ересектер майданға деп тары теріп, оны қуырып, түйеді, ақтайды.

Өмірге 7 бала әкеліп өсіріп, ерін құрметтеп, ене бағып, көзі жұмылғанша кіршіксіз киім кигізіп, бар дәмдісін аузына тосып, енесінің де, елдің де ақ батасын алған Хиуа әже бүгінде таңымыз бейбіт атып, ұрпағымыз аман болса екен деген тілегін жеткізіп, батасын берді.

Гүлім Шынтас,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале