1.11.2021, 17:31
Оқылды: 54

Шырайлы Шежінмен мақтанамыз

Жуырда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Үздік 30 ауыл» аталымы бойынша республикалық конкурс жарияланған болатын. Аталмыш конкурстың қорытындысын естіп, сүйінші сұрап та үлгердік.  Жалпы Батыс Қазақстан облысының халқы, соның ішінде тасқалалықтар үшін аса қажет еді.

E2138BD2-7FA5-4981-B895-8F84B0E22917

Қос бірдей аталымды жеңіп алған, яғни үздік 30 ауылдың қатарына еніп, өзі де «Үздік ауыл әкімі» атағын жеңіп алған ІІ Шежін ауылдық округінің әкімі Алғадай Жамбылұлымен жолығып аталмыш конкурстың өту барысы туралы сұраған едік.

«Сайысты ұйымдастырушылардың бірі Мұратхан Шоқан деген азамат еліміздің түкпір-түкпіріне барып үздік отыздыққа енетін ауылдарды аралап көрген еді. ІІ Шежін ауылына да атбасын тіреді. Өзі аяқтай келіп, ауылымыздың қазіргі тыныс тіршілігімен танысып суретке түсіріп алған болатын. Әуел баста Тасқала ауылдық округінің әкімі Гүлжан Болатқызы екеуміз облыстық кезеңге қатысып, бағымызды сынап көрген едік. Одан бірінші орынды жеңіп алып, республикалық кезеңге жолдама ұтып алдық. Онлайн форматта өзімнің жобамды республикалық комиссияның алдында қорғап шықтым. Жалпы жобамда ауылымызда жасалып жатқан жұмыстар туралы айтып өттім. Біріншіден ауылымызда «ауыл шаруашылық өнімдері кооперативінің» құрылғандығын атап өттім. Ауылдағы жекенің малы 4 бағытта бағылады және оған халықтан бір тиында сұралмайтындығын айтқанымда комиссия мүшелерінің атқарылып жатқан жұмысқа жылы қабақ танытқанын байқадым. Бақташының еңбек ақысы ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі арқылы төленетіндігін және жеткіздім. Ауылда 323 аула болса, соның 243-і мал ұстады. Бұл айтып отырғаным 2019 жылдың есебі бойынша. Содан ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылғаннан кейін сараптама жасап көрсек, 2020 жылдың соңына қарай ауылдағы мал ұстаушылардың саны 300-ге жуықтаған. Бұл дегеніміз АӨК-нің ауыл халқына берген оң әсері деп білеміз. Бұған дейін Шежін ауылы бойынша бес отбасы атаулы әлеуметтік көмек алатын болса, қазіргі таңда ауылымызда АӘК алатын отбасы жоқ. Яғни жағдай жыл өткен сайын түзеліп келеді. Екінші жобам ауылды көгалдандыру. Ауылдастарды жақсы іске жұмылдыру. Ол үшін техникалық су тарту керек болады. Оны ауылдың іргесімен ағып жатқан Шежін өзенінен ауылымызға дейін жүргізуіміз керек. Ол жұмыстарды атқару үшін көлденең тұрған үлкен мәселелер бар. Алдымен соларды шешіп алуымыз керек. Көктем мезгілінде келетін суды сақтап алу үшін қақпалар орнату қажет болады. Міне менің екінші жобам осы тұрғыда болды. Үшінші жоба - ол ұжымдық бау-бақша егу. Яғни ауылдастарды бірлікке ұйымдастыру. Еңбекке баулу секілді алдымызға мақсат қойдық. Биыл Бейбіт Иманғалиев деген азамат 500 түп алма ағашын ауылдың іргесіне әкеліп екті. Келесі жылы аталмыш кәсіпкер 1000 түп егуді жоспарлап отыр. Алма ағашы үш жылдан соң өнім береді деген жоспарымыз да жоқ емес. Картоп өнімін де ағымдағы жылы жақсы алдық. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары ауызбіршілік танытып қолға алған жұмысты әріқарай дамытудың қамына кірісуде. Ауылдастарымызды жұмыспен қамту тұрғысында біраз игілікті жұмыстар атқарылды. Жалпы қазіргі таңда атқарып жатқан тыныс тіршілігіміз конкурсты ұйымдастырушыларына ұнаған болуы керек. Жуырда Нұр-сұлтан қаласында өткен марапаттау рәсіміне қатысып қайттық. Ондағы әсерімізді сөзбен жеткізу оңай болмас. Еліміздің барлық аймағынан жиналған өкілдердің арасынан суырылып алға шығамын деп ойламаппын. Бұның бәрі ауылдастарым мен ел ағаларының қамқорлығының арқасы. Кішкентай ғана ауылымыздағы ауызбіршілік бізді жеңіске қарай жетеледі»,- дейді ІІ Шежін ауылдық округінің әкімі Алғадай Жамбыл.

«Үздік 30 ауылдың» энциклопедиясына енген Шежін ауылы бұл күнде өңіріміздің мақтанышына айналып отыр. Бұл жетістікке жету үшін ауыл адамдары тынымсыз еңбек етті. Бір бірін қолдау мен құрметтеу ғана бұндай жетістікке жеткізері сөзсіз. «Үздік ауыл әкімі» атағын жеңіп алған Алғадай Жамбылұлы әлі де игі істердің басынан табылатындығын сөз арасында айтып өтті.

Темірболат Әнуарұлы, 

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале