28.08.2020, 9:57
Оқылды: 455

С.Меңдешевте – жаңа әкім

Рухани орталық мәжіліс залында "Қазақстан Республикасының сайлау туралы" Заңына, "Қазақстан Республикасының мемлекеттік жергілікті басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына сәйкес мезгілінен бұрын босаған С.Меңдешев ауылдық округі әкімінің орнына жаңа әкімді тағайындау үшін сайлау өткізілді. Сайлауға 11 аудандық мәслихат депутатының 10-ы қатысты.

С.Меңдешевте – жаңа әкім (1)

Аудан әкімі жергілікті қауымдастық өкілдерімен кездесіп, төрт үміткер ұсынған еді. Оның ішінде бір үміткер тіркеуге дейін өтініші бойынша өзінің кандидатурасын алып тастады. Қалған үш үміткер заң талабына сәйкес құжаттарын тапсырып, үміткер ретінде тіркелді.

Жаңақала аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Өмірзақ Ақбасов пен Жаңақала аудандық мәслихат хатшысы Закария Сисенғали жиын барысында сайлау рәсімінің ережелерімен таныстырып өтті. Одан әрі үміткерлер мен сенім білдірген өкілдеріне бағдарламаларымен таныстыруы үшін мінбеге шақырып, сөз кезегін берді. Қатысушы үміткерлер өздерінің өмірбаяны мен бағдарламаларын таныстырып, сенім білдіруші өкілдер өз үміткерлеріне қолдау көрсетті.

С.Меңдешевте – жаңа әкім

Берілген дауыстарды аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері есептеп, қорытындылады.

Дауыс беру кезінде 10 депутаттың төртеуі Ербол Ақбасовқа, қалған алтауы Алмас Нұрғазиновтің кандидатурасын қолдап, дауыс берді. Нәтижесінде басым дауысқа ие болған Алмас Нұрғазинов "Қазақстан Республикасының сайлау туралы" Заңының талаптары бойынша С.Меңдешев ауылдық округінің әкімі болып сайланды.

Өз кезегінде аудандық мәслихат хатшысы Закария Жүсіпқалиұлы көп дауысқа ие болған азаматты жаңадан сайлануымен аудандық мәслихаттың атынан құттықтап, еңбегіне жеңіс тіледі.

Айта кетсек, Алмас Нұрғазинов Байғуатұлы 1989 жылы туған. Осыған дейін С.Меңдешев ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы қызметін атқарған. Қырқопа ауылының тұрғыны, «Nur Otan» партиясының мүшесі.

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

   zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале