16.01.2018, 11:58
Оқылды: 51

Соғыс ардагеріне құрмет көрсетті

Зеленов  ауданының Дариян ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Татьяна Макиевская 95 жасқа толды. Ардагер ананы мерейлі жасымен құттықтаған аудан əкімі Асхат Шахаров гүл шоғын ұсынып, құрмет көрсетті. 

- Елдің жарқын болашағы үшін от кешіп жүріп жаралы жауынгерлердің қасынан табылған ерлігіңіз ұрпаққа үлгі. Соғыстан соң да елдің денсаулық сақтау саласында айрықша қолтаңбаңыз қалды, - деген Асхат Берлешұлы  ардагерге мықты денсаулық, отбасы амандығын тіледі.

Татьяна Ивановна 1923 жылы Украинаның Чернигов облысында дүниеге келіп, Львов медициналық техникумында білім алған. 1941 жылғы қарашада Кеңес əскері қатарына алынған жас медбике бірден майдан даласына аттанады. Соғыстан соң 1946 жылы жұбайы екеуі Орал облысының Орда ауданына қызметке жолданады. 1953 жылы əскери қызметтегі отағасының жұмыс бабымен Фурманов ауданына қоныс аударады. 1963 жылдан Дариян ауруханасында медбикелік қызмет атқарады. ІІ дəрежелі «Отан соғысы» Ордені, мерейтойлық медальдармен марапатталған Татьяна Ивановна 1978 жылдан    зейнет демалысында.

- Біз кешкен бейнеттің рахатын көрдік. Рахаты сол - елдің гүлденуі жолында еңбек еттік, ұрпақ тəрбиеледік. Ешқашан тасада қалдырмай, құрметтеп жүргендеріңізге алғысым шексіз, - деген ардагер халықтың бірлігін, елдің амандығын тіледі.

Нұржан Дүзбатыр

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале