25.05.2022, 17:45
Оқылды: 101

Соңғы қоңырау сыңғыры мен түлектердің тартуы

Бүгін еліміздің барлық өңірлеріндегі білім ұяларында күміс қоңыраудың үні естіліп, жұртшылық түлектерге сәт сапар тіледі. Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінде де «Түлек 2022 – жаңа Қазақстан ертеңі» атты соңғы қоңырау ерекше сән-салтанатпен өтті.

9

Мектептерімен қимай қоштасқан 30 түлек үлкен өмірге қадам басса, олардың ішінде біреуі «Алтын белгіге» үміткер. Салтанатты шараға аудан әкімі Дархан Закарин, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Руслан Ғұмар, Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Бегайым Төлеуғалиева, ұстаздар, түлектер және 10, 20, 30, 40, 50 жылы мектеп бітірген түлектер қатысты.

8

Аталмыш мектептің директоры Б.Төлеуғалиева биылғы мектеп түлектерінің жетістіктерін атап өтіп, ақ жол тіледі. Аудан басшысы Дархан Әмірханұлы алтын ұя мектебін бітіріп, қияға қанат қағатын жас түлектерге сәт сапар тілеп, оқу жылының аяқталуымен құттықтады.  Сонымен қатар аудандық білім беру бөлімінің басшысы Р.Қонысбайұлы аудан, облыс көлемінде кәсіби шеберлігін танытып жүрген мектеп ұстаздарын марапаттады. Әр жылдары мектеп бітірген түлектер де өздерінің жүрекжерды ізгі лебізін білдіріп, аудан мен мектепке сый-сыяпаттарын табыстады. Соңғы қоңырауды соғу рәсімін биылғы мектеп түлегі мен 1-сынып оқушысы орындап, ән-биге кезек беріп, тарихи іс-шараны жоғары деңгейде аяқтады.

11

Одан әрі 1982 жылы Жаңақала орта мектебін бітірген түлектердің ҚР Рәміздеріне 30 жыл толуына орай көк туды тарту ету рәсімі өтті. Жаңақала ауылының кіреберісінде жаңадан салынған саябаққа аудан рухын көтеру мақсатында барлық ережеге сай арнайы сертификатталған 18 метрлік, құны 1 млн 800 мыңды құрайтын ту тұғырын орнатты.

10

Жиында аудан басшысы сөз алып, 40 жылдық түлектерге алғысын білдіріп, құттықтау тілегін жолдады. Өз кезегінде мектеп түлектері атынан Жұмагерей Базекешов қолдау білдірген сыныптастарына алғысын айтып, ауыл әкімі Ақан Қапановқа сертификат пен екінші көк Туымызды табыс етті. Аудандық мәдени-демалыс орталығының әншісі Қ.Айдарбековтың орындауындағы «Көк байрақ» әнімен салтанатты жиын өз мәресін жетті.

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале