14.05.2020, 9:53
Оқылды: 186

Соңғы тұяқ

-  Менің бір жиырма жылдай ішімде сақтап жүрген әңгімем бар еді. Соны саған айтып берейін. Сен жазып көрсеңші. Өзім жылқы жылы туылғандықтан ба, жылқы малын сүйемін. 80-90 жылдары Теректі ауданының Ұзынкөл ауылында қызметте боп, сол жерде тұрдым. Ұзынкөлдің абыройлы кісілерінің бірі болған, Ұлы Отан соғысының ардагері, көп жыл мал дәрігері, зоотехник боп қызмет еткен Зиядден Әлібеков деген ақсақалдың аузынан естіген болатынмын. Бір соқыр қара айғыр туралы әңгіме еді, - деді маған бір кездескенде Төлеген Есмұханов ағам.

091A107D-BE40-432B-A347-E69C6E0C8BE2

Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет» грамотасын иеленген күміс көмей әнші ағаның «жылқы туралы әңгіме айтайын» дегені алғашында құлағыма түрпідей тигені рас. «Әнін айтып, халықтың қошеметіне бөленіп жүре бермей ме екен, жылқыда несі бар?» деп ойлап оным аузымнан шыға жаздап барып:

- Жарайды, айтыңыз. Тыңдайын, - дедім қаламым мен қойын кітапшамды ыңғайлап.

Сөйтсем, Төлеген ағаның жылқы малына сүйіспеншілігі, қызығушылығы қазақы қанымен сіңген қасиет екен ғой, өзі де жылқы ұстайды екен. Өзі әңгіме айтқанда, әсіресе жылқыны суреттегенде анау-мынау жазушыдан кем емес.

*           *           *

Қазан төңкерісіне дейінгі кезең. Оралды ақ казактар жайлаған уақыт болатын. Жымпиты уезіне қарасты қазіргі Қаратөбе жеріндегі бір орта шаруалы адамның бір көзі соқыр қара айғыры болады. Қара айғырдың жасырақ, мінілмеген асау күнінде үйретілгенде қамшы тиіп, содан көзі соқыр боп қалады. Көзінің соқырлығына қарамай, қара айғыр мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шығып, бәйгенің алдын бермейді. Жарыс сайын бәйге алған соқыр айғыр «елу құлағы елу» ғой аты мәшһүр болады.

Бір күні Оралдың бай-көпестері той жасап, ат шаптырады. Тойға жер-жерден небір пырақтарды косады. Ақ казактардың жұтынып тұрған сұлудай бабы келіскен әскери аттары да бақ сынау үшін жүйрік санын көбейте түседі.

Содан бәйге басталып, аттар дүркіретіп, дүрілдетіп шауып, бірі озып, бірі қалып, ат та шаршап, атқа шапқан шабандоздар да қалжырайды. Бәйгеде соқыр айғыр бірінші келеді. Айғыр иесінде қуаныштан ес болмайды. Айқай-шу, дабырласқан кісілердің, кісінеген жүйріктердің дауысы да тұлпарлардың тұяғынан көтерілген шу да саябырсыды. Сол жерде үлкен кеңес болады, бәйгелерді бөліседі. Орал казактарының атаманы Бородин соқыр айғырдың иесін шақыртады. Айғырдың иесі іші бірдемені сезгендей қылп ете қалады. «Әй, менің қара айғырыма көз салып отырсың-ау».

- Сен мына соқыр айғырыңды бізге тастап кет. Бәйгенің үстіне қосып, мен саған жиырма жылқы беремін, - дейді ұсыныс жасап паңданған, құнды жағалы киім киген, мұрты иегіне жеткен атаман Бородин.

Жас кезінен үйретіп, өзі баулыған соқыр айғырдың иесі келіспейді.

- Жоқ, олай ете алмаймын,  бұл соқыр айғырдың мен үшін орны бөлек. Ол - менің әкемнен қалған тұяқ. Әкемнің көзіндей көрем. Бұл - қасиетті жылқы. Бір жиырма емес, он жиырма жылқы берсең де қара айғырымды айырбастамаймын.

Діттеген мақсатына жетпей қоймайтын, қолында билігі мен байлығы бар атаман Бородин казактарды жұмсап, соқыр айғырды қалайда тартып алғызады. Ал, иесі зар илеп, шарасыз күйде қала береді.

Соқыр айғырды Бородин Овчинников деген бір байға береді. Овчинников деген атбегі, жылқы малын жалынан тартып мініп, бес саусақтай атап-санап беретін жан. Өзі ақ казактардың әскери аттарын дайындайды. Жалпақталда оның жылқы бағатын имениесі бар. Овчинников Оралдағы Карев деген көпеспен бәсекелес, бақталас. Екеуі жылқы ұстауда, балық, тағы басқа сауда-саттықта үнемі бірінен-бірі озуға тырысады екен.

Соқыр айғырды «әп» дегенде таныған Овчинников:

- Әй, мынауың керемет айғыр екен. Бәйгені осы айғыр алмағанда, шайтан ала ма? Біздің жолымыз болды деген осы! – дейді қуанып.

- Көрейік, Овчинников, не тындырарыңды.

- Көрсек көрейік, айтпады демеңдер, мен бұдан адам айтып жеткізбес тұқым шығарам!

Овчинников соқыр айғырды аялай, баптай жүріп, ақ казактардың сұлу тұрпатты биелеріне қосып, будандастырады. Казактардың биелері құлындап, ол құлындар өсе келе, бойы биік, сауырымен жамбас арасы ұзын, қоян тірсек, қаз мойын, адам мінгенде соқпайтын, отырғанда серіппедей басылып-көтеріліп тұратын, шапқанда адымы кең, «Овчинников тұқымы» аталып кеткен асыл тұқымды жылқыларға айналады. Әскери казактардың бәрі бір-бір «Овчинников тұқымын» тақымына басады. Шуласқан, гу-гулескен халық мына бір асыл тұқымды жылқы малына ауыздарын аша таңданысады.

Әскерлері ер қанаты пырақ мінген атаман Бородин риза болып, бірнеше жылдан кейін жиырма жылқысын казактарға айдатып, баяғы Жымпиты уезіндегі соқыр айғырдың иесіне апарғызады.

Сөйтіп, Азамат соғысы басталады. Бородиннің, ақ казактардың малдары, жылқылары кәмпескеленеді, талан-таражға түседі. Ресейге айдалады. Овчинников тұқымы жойылып кетеді.

*              *             *

Ұзақ жылдар өтті. Елу жылда ел жаңа, қырық жылда қазан жаңа. Ұлы Отан соғысынан кейін елде қызу тіршілік орнап, ел көркейіп, өркендеген шақ. Ұлы Отан соғысының ардагері Зиядден Әлібеков зоотехник боп қызмет етіп, бейбіт күнде де елге үлесін тигізіп жүр. Ауыл адамдары әділдігі үшін, еңбекқорлығы үшін сыйлап Зиядденді «Зиақа» деп атайтын. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін білетін Зиақаң бойы еңселі, мұртты, мұрны үлкендеу кісі еді. Бір қараған кісіге жыр-дастандардағы батырдай көрінетін.  

Бір күні ауыл болып, бір үйге жиналып, өткен-кеткенді айтып, Зиақаңды ортаға алып отырған. Үлкендердің осы үйде екенін біреу меңзеген болуы керек, костюм-шалбар киінген, қолында пәпкесі бар, қалалық екенін сырт келбеті айтып тұрған бір жігіт кіріп келді.

- Ассалаумағалейкум!

- Әліксалам! - деген жан-жақтан шуласқан дауыстар шықты.

- Әй, бала, қай баласың?- деп отырғандардың ішінде біреуі дүрсе қоя берді.

- Тәйт әрі! Жөніңе отыр,- деді үлкендерден біреу.

- Мен жылқы шаруашылығын зерттеп жүрген академик Тұрғанбаев боламын. Алматыдан сіздің жаққа арнайы ат ізін салып отырған жайым бар.

- Жылқы іздеген болсаң, үй ішінен іздейсің бе? Далада емес пе жылқы деген. Ха-ха! - деді әлгі біреу қарқылдап күліп. Зиақаңның орнында отырған күйі бір қозғалып қойып, «һм!» деп тамағын бір кенегенінен күлкісін тыя салды.

- Осы сіздің жақтарда бұрын «Овчинников тұқымы» деген асылтұқымды жылқы болған екен. Архивтен сондай тұқымның болғанын анықтадым. Қазір қайда жоғалып кетті? Бірде-бір тұқымы қалмауы мүмкін емес,- дейді академик Зиядденге.

- Иә, ондай тұқымның болғаны рас. Алайда қазір жойылып кетті ғой. Бұрын кәмпескеленгенде Ресейге біршамасы қуылып, айдалған. Сол жақтан іздеп көруге болады.

- Олай болса, сіз менімен бірге жүріңіз, аға. Бірге іздейік.

Алматыдан келген академик қонақасын жеп, Зиядден екеуі ертесіне Ресейге бірге аттанады. Орыс жерінде екеуі «Овчинников тұқымын» көп іздеп, «іздеген табады» дегендей, асылтұқымды жылқыны кездестіреді. Кездестіргенде де Дондағы Ростовтан «Овчинников тұқымының» бір үйірін іздестіріп табады. Жылқы бақташысы Андрей деген шал екен. Зиақаң мен Тұрғанбаевтың әңгімелерін тыңдағаннан кейін:

- Бұл жылқылардың асыл тұқымды екені рас. Алайда олар қазір жергілікті жылқылармен араласып кетті ғой.

- Мейлі. Не болса да мен бұл жылқыларды елге айдап әкетемін.

Асылдың сынығы ғой бұл. Қанына тартады ғой,- деп болмай Зиядден Андрейді көндірді.

Сөйтіп, академик пен Зиядден екеуі бес биені айдап, Ұзынкөлге бет алды.

Алыстан қараңдаған бірдеңе шаңдатып көрінгесін, бала-шаға жүгіріп, шуласып, бірі шешесіне, бірі атасына айтып, не екенін сұрасты.

- Мәшине ғой деймін.

- Әй, мынауың мәшине де, трактор да емес.

- Танкі шығар.

- Өй, ақымақ! Не деп тұрсың? Аузыңа ие бол!

Ауыл халқы осылай айтысып тұрғанда, Зиядден мен Тұрғанбаев та жақындады.

- Жылқылар ғой.

- Зиақаңдар келе жатыр.

Дуылдасқан жұрт жылқыларды көріп, «пай-пайға» басты.

- Жылқы деп осыны айт!

- Па, шіркін, сұлуын-ай!

- Жылқы қалай? Бұл басқа жылқылармен араласып кеткендері. Нағыз асылтұқымдылары мұның көкесіндей болған. Бірақ бұлар да Овчинников тұқымынан тараған. Осал болмауы керек. Осы жылқыларды көбейтіп алайық деп бес биесін әкелдік,-деді Зиядден өзіне де, жылқыға да риза болып.

Биелер шаршаған шығар,- деп ер адамдар жылқыларды жетектеп әрі қарай әкетті. Әйелдер жағы шай қамына кірісті. Бес биенің төртеуі ұрғашы құлын тапса, біреуі көк еркек құлын туады.

Бұрын саятшылық өнері бар Зиядден еркек құлынды құнан болғанша өсіріп, құнан кезінде піштіріп, ат қылып мінеді. Көк ат жүйрік, әрі сұлу болады. Талай мәрте көкжалды қуып көкжелкесін қонжитып, атымен қасқыр аулап жүрді.

Қара күзде малға ит-құс шауып, ел-жұрт адал малынан айырылып, қақсап қала берді. Ауылдық кеңестің жазу-сызуынан қолы босамай, құшақ-құшақ қағаздармен жүрген Зиядденге ауыл азаматтары:

- Зиақа, қағаздармен жұмысың бастан асып жатқанын білеміз. Әйтсе де ел аман, жұрт тынышта қорадағы адал малымызды ит-құс деген қараң қалғыр қояр емес. Бірдеңе қылмасаңыз болмайды.

- Машинамен де шығайық.

- Өй, онда маған несіне айтасыңдар, өздерің-ақ машиналарыңмен, мылтықтарыңмен шыға бермейсіңдер ме?- деп Зиақаң ренжіңкіреп қалды.

- Ойбу, Зиақа, Машина тұрғанда, мылтық тұрғанда атыңызбен қасқырды сіз алсаңыз, атыңыздың мәртебесі керісінше өсе түспей ме?

Өңмеңнен өткен өткір, ызғар желдің өтінде кеш түсе Зияқаң көк атымен, тағы бір атты жігіт мылтығымен және ауылдық кеңестің УАЗ-ы қасқыр қууға шықты. Үшеуі үш жаққа кетті. Зиядден өзен бойын жағалай, қамыс арасынан қасқырды шамасы осы жерде болар деген оймен қарайлап келеді. Адам иісін сезген болуы керек, бір көкжал атып шығып, алды-артына қарамай зулай жөнелді. Артынан Зиядден көк атымен қуып кетті. Көк ат қасқырға деген өшпенділігін шабысымен көрсеткендей, бар жылдамдығымен, бар пәрменімен шапты. Тұяғы жерге тимейтіндей. Иесінің ыңғайын сезіп, тебінгенінен-ақ, қамшы тигізбестен-ақ шабады. Қасқырдың артынан ізін суытпай келеді. Бір мезетте жанына жете бергенде, көкжал Зиядденнің аяғына жабысты. Зиядден аяғын тебініп, тартып алды да, көк ат кейін қарай қаша жөнелді. Қасқыр шаршады ма, әлде «қуғыншылары» қайтып келмейді деп ойлады ма, бір төбеге шоқиып отырып, аспандағы жұлдыздар мен айға мұңын шаққандай бір рахаттанып ұлып алды. Зиядден қайтадан қасқырға қарай шапты. Көк ат та «осы жолы құтылмассың» дегендей, шапқанда тұяғын жерге ызамен тигізеді. Шауып келе жатқан аттылыны көрген қасқыр қаша жөнелді. Көк ат осы жолы тез қуып жетіп жанынан өте бергенде, Зиядден зілдей шоқпарымен қара тұмсықтан қалт жібермей ұрып кеп қалды. Шоқпарын олай бір, былай бір сілтелеп, басына тигізіп, қасқырды құлатты. Зиядден қасқырдың тұра алмайтынына көзі жеткен соң, атынан секіріп түсті. Қасқыр әлі өлмеген екен. Басы қан-қан. Жүндері қызыл қанға боялған. Көзін бір ашып, бір жұмып жатыр. Қасқыр екеш қасқырға да өмір шіркін тәтті көрінген шығар, әлде өмірмен қоштасқаны ма, өлермен дауыспен ұлығанға ұқсайтын бір дыбыс шығарды да өліп кетті.

- Мұндай тез алдырар ма ең? Айлалы екен десем, амалсыз бейшара екенсің, -деп қанжығасына байлап түн жарымында ауылға бет алды.

Ауылға келсе, өзімен бірге қасқыр аулауға шыққан мылтықты, аттылы жігіт те, УАЗ-бен шыққан жігіт те ауылға келген екен. Олар да бір арланның ажалына жетіпті.

Зиядден талай рет көк атымен қасқыр алып жүрді. Көк атпен Зиядден ғана емес, бүкіл ауыл боп мақтанатын.

Көк атпен бірге туған әлгі төрт ұрғашы құлын, төрт бие болып, жергілікті жылқылармен шатысып, асылтұқымдық қасиеті жойылып кетті. Кәдімгі қарапайым ат болып қала берді.

- Қап, көк атымды айғыр етіп қалдырсам, асылтұқымнан айырылмас едім ғой, - деп Зиядден қатты өкінді.

Асыл тұқымды өсірем деп өшіріп алғанына іші удай ашыды. Қатты қапаланған Зиядден көзіне іркілген жасты ұстай алмады. Төмен қарай домалаған жасты ерніне тие бергенде жұтып алды. Зиядденнің мұңына ортақтасқан көк аспанның көз жасын қара жер жұта берді.  

*              *            *

- Міне, маған Зиядден Әлібеков осы әңгімені айтып берді. Сенің Жымпитыңнан сондай тамаша асылтұқымды жылқылар шыққан. Сен мұны білуге тиіссің деген болатын,- деп аяқтады Төлеген аға әңгімесін.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале