30.12.2021, 15:46
Оқылды: 138

Спорт үздіктеріне марапат

Жәнібек аудандық мәдениет үйінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен жылды қорытындылау мақсатында «Спорт үздігі - 2021» марапатын табыстау рәсімі өтті.

27

Алдымен LED-экран арқылы спортта озық болған, спорт саласының үздіктері мен аудан бойынша жыл ішінде алған белестер көрсетілді. Одан соң жиында сөз алған аудан әкімі Азамат Сафималиев биыл биік белестерді бағындырған аудан спортшыларын құттықтады.

-Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Тәуелсіздік алған жылдардан бері еліміздің спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымыз асқақтай түсуде. Мемлекет тарапынан спорт саласына үлкен міндеттер қойылды. Соның ішінде дене шынықтыру мен спорттық даярлыққа ең қолайлы мүмкіндіктер туғызу. Бүгінде ауданымызда бұқаралық спортты дамыту мен жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлауға көп көңіл бөлінуде. Жаңа спорт нысандары салынып, ауылдық округтерде спорт алаңдары ашылуда. Биылғы жылды қорытындылап, спорт үздіктерін марапаттау мақсатында ұйымдастырылып отырған шара спортшыларымызды алға жетелеп, жаңа серпіліс сыйлайтыны анық. Жаңа жыл құтты болсын!, - деп бір топ азамат пен азаматшаға марапаттар табыстады.

26

Дәлірек айтсақ, «Жыл спортшысы», «Жыл жаттықтырушысы», «Ардагер спортшы», «Үміт артар спортшы», «Бұқаралық спортты дамытудағы үздік ауыл», «Үздік федерация», «Рухы қайсар жан», «Үздік спорттық ұжым», «Үздік спорт тілшісі», «Жыл серпілісі», «Спортшылар отбасы», «Спорт жанашыры», «Жылдың үздік командасы» аталымдарымен сәйкесінше қол күресінен облыстың бірнеше дүркін чемпионы, ҚР чемпионатының қола жүлдегері Рахат Көшкінғали, шағын футболдан БҚО құрама командасының ойыншысы, аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Аманжол Есенов, саналы ғұмырын аудан спортын дамытуға зор үлесін қосып, жеңіл атлетика мен шахматтан көптеген шәкірт тәрбиелеген ардагер ұстаз Серік Масанов, үстел тениисінен облыс құрама командасының мүшесі, облыстың бірнеше дүркін чемпионы Әлия Меркен, Ұзынкөл ауылдық округі, үстел теннисі федерациясы, қазақ күресінен бірнеше дүркін аудан, облыс жеңімпазы, Ақоба ауылында қазақ күресі спортының негізін қалаушы Ринат Қалмияров, аудандық полиция бөлімі, аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінің жауапты хатшысы Гүлзара Төреғалиева, қол күресінен ҚР спорт шеберіне үміткер Жалғас Берікғалиев, Серік Самодияновтың отбасы, жеке кәсіпкер Асқарбек Неғметов және волейбол ерлер командасы марапатталды. Сондай-ақ аудан спортына жанашырлық танытып, ауданда ұйымдастырылған бұқаралық-спорттық шараларға атсалысып, қолдау білдіріп, демеушілік көрсетіп жүрген бір топ ұлтжанды азаматтар, үстел теннисі, қол күресі, ат спорты, күрес, шағын футбол, каратэ-до спорт түрлері бойынша жетістіктерге жеткен спортшылар аудан әкімі Азамат Сафималиевтің алғыс хатына ие болды.

25

Кеш барысында аудан көркемөнерпаздары Аслан Есенов, Жандос Темірғалиев, Асуан Құсайынов, Райымбек Каримов, Мейрамгүл Дәулетқалиева жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бүлдіршіндер би билеп, спорт түрлерінен көрініс көрсетті.

Гүлзара Тілекқабылқызы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале