15.04.2021, 14:20
Оқылды: 63

Спортқа арналған ғұмыр

Максим Биғалиев Жәнібек ауылында дүниеге келген. Осындағы №1 орта мектепті аяқтаған соң, №9 Жәнібек селолық кәсіптік-техникалық училищесінде оқып, шопырлық мамандықты меңгереді. Мектепте оқып жүрген кезінде жас өреннің спортқа деген құлшынысы ерекше болды. Соның арқасында білім ұясындағы волейбол, баскетбол, футбол құрама командаларының сапында аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, белсенді әрі өрнекті ойынымен көзге түсті.

67E61E0C-529F-456A-A582-A11B7453A27E

1972-1974 жылдары Т.Жароков атындағы орта мектепте және Абай атындағы мектеп-интернатта дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде еңбек етті. Кейін Кеңес әскері қатарына алынып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеді. Одан оралған соң аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде баскетболдан жаттықтырушы боп, жас өрендерді спортқа баулыды. 1978 жылы «Қайрат» ерікті спорты қоғамының, 1979-1985 жылдары аудандық ДОСААФ комитетінің төрағасы болып сайланды. Ол 1986 жылы ауданда алғаш рет «мен» деген азаматтардың басын қосып, көкпар ойынын ұйымдастырды. Ресейдің іргелес Палласовка ауданына шығып, ондағы қандастарымызға ұлттық рух беру үшін осы ойынды насихаттап отырды. Оның ел ішіндегі топырақты өлім, қуанышты той болсын әділ төрелігін айтып, ақылын қосып ортасында жүргеніне де ел куә. 1989-1993 жылдар аралығында жас техниктер стансасының директоры қызметін абыроймен атқарды. Соңғы жылдары Жәнібек колледжінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, жатақхана тәрбиешісі болды.

Максим Жамалитдинұлы жетпісінші жылдардан бастап, ауыларалық «Алтын шайба», «Былғары доп» командаларына жетекшілік етіп, қоғамдық жаттықтырушы ретінде шәкірттер баптады. Әскери міндетін атқара жүрген кезінде білек бұлшық етін ширықтырып, гір тасын көтеруге ден қойды. Содан бері көптеген жарыстарда аталған спорт түрінен жеңімпаз атанды. Саламатты өмір салтын күнделікті өмірмен сабақтастырған нар тұлғалы азамат талай жасөспірімдерді спортқа бейімдеп, бағын ашты.

-Бала кезімнен гір көтеру, баскетбол, теннис ойындарына құштар болдым. Мені жастайымнан спортқа баулыған Ғайнөш Дегетаев пен Амангелді Жамашев болатын. 1969 жылы оқушылар арасында баскетболдан облыстық жарыс өтті. Оған Мир Құсенов, Мәди Өтепқалиев, Назар Қуанғалиев, Замир Иманғалиевтермен бірге мен де қатыстым. Жарыс барысында оған қатысушы командалардың бәрін сыпыра ұтып, облыс чемпионы атандық. Жетпісінші жылдардың басында аудандық комсомол комитетінің хатшысы Р.Сариева екеуміз аудан орталығындағы көшелерді аралап, футболдан аула командаларын ұйымдастырдық. 1972-1974 жылдары әр көше-көше болып жарысқа түсетін балалардың аудандық құрама командасы облыстық «Былғары доп» турниріне қатысып, жүлделі орынға ие болды, - деген екен Мәкең бір естелігінде. Сондай-ақ ол 2008 жылы гір тасын көтеруден облыс чемпионы атанып, облыс әкімінің қолынан түрлі-түсті теледидар да алыпты.

2014 жылдың ақпан айында аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде армрестлинг және гір спортынан ересектер арасында аудандық ашық турнир өтті. Онда спорт ардагері, гір спорты бойынша облыстық сайыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Максим Биғалиевтің жүлдесі сарапқа салынды. Турнирге аудандағы ауылдық округтердің командаларымен қатар, алыстан ат арытып келген Бөрлі ауданының спортшылары да қатысты. Турнирдің ашылу салтанатында спорт саласында аянбай тер төгіп, еңбек сіңірген құрмет иесіне аудан әкімінің алғыс хаты табысталып, қазақы салтпен иығына шапан жабылды. Өзі еңбек еткен Жәнібек колледжінің атынан тарту-таралғы берілді. Спорт ардагерінің өмірбаяны арқау етілген слайд-баяндама көпшілікке таныстырылды. Сол жылдың жаз айында ол Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында Елбасы Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін өткен бесінші облыстық халықтық спартакиадаға гір тасын көтерушілердің жаттықтырушысы болып барды.

2017 жылдың сәуір айында Максим Жамалитдинұлының Пайғамбар жасына толуына орай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен спорт мектебінің ұйымдастыруымен оның жүлдесі үшін 2000 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер мен ересектер арасында ауданның ашық біріншілігі оздырылды. Оған әрісі Орал қаласы мен Тасқала, Бөрлі аудандарынан, берісі ауданның ауылдық округтерінен спортшылар ат терлетіп келді. Жарыстың ашылуында аудан әкімінің орынбасары, еңбек ардагері, ардагер-ұстаз сөз сөйлеп, ізгі тілектерін арнады. Жастарды жастайынан спортты жанына серік еткен М.Биғалиевтен үлгі алуға шақырды.

Ашық біріншілік қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастыру комитетінің диплом, медаль, ақшалай және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – дені сау ұлт қалыптастыру болса, жастар мен жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты насихаттап, дамытуға бар қажыр-қайратын, күш-жігерін сарп еткен Максим Жамалитдинұлының өмірден өткеніне ақпан айында бір жыл болды. Көзі тірі боп ортамызда жүрсе, наурыздың 23-і күні 67 жасқа толар еді...

Асқар Құсайынов,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале