18.05.2023, 16:47
Оқылды: 21

«Су құбыры құрылысына ертеңнен бастап кірісеміз»

Теректі ауданында үш жылдан бері созылып келе жатқан іске қозғалыс біткендей.

Сәуір айында, газеттің №18 санында «Жарығы жоқ, суы жоқ,  пенде қайтіп күн көрер...» деген тақырыппен Жаңа Өмір ауылынан үй салуға жер алып, онымен үй сала алмай жүрген жандардың мәселесін көтерген болатынбыз.

terekti-3-1

Сол мәселе бойынша жоғары жақтың есігін қағып жүрген көпбалалы ана Айсұлу Бахтиярованың бастамасымен бір топ тұрғын Батыс Қазақстан облысы әкімінің қабылдауында болды.

Бүгін Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова, Теректі аудандық мәслихаты депутаты Әділет Орынбасаров, аудан әкімінің орынбасары Амангелді Тоғызбаев Жаңа өмір ауылы шетіндегі 780 жер телімі басына арнайы барып, осы жерге су жеткізуші мердігермен кездесті.

WhatsApp Image 2023-05-18 at 14.05.55

Ауыз су құбырын тартуды 2022 жылдың жазында мердігер «ҚазЕвроСтрой» ЖШС 780 бастаған болатын. Мемлекеттік сатып алу нәтижесінде құрылыстың жалпы құны - 380,7 млн.теңге. Бүгінде мердігер жұмыстың 60 пайызын орындаған көрінеді. Жоспар бойынша су тарту құрылысы биыл аяқталады деп белгілеген. «ҚазЕвроСтрой» ЖШС өкілі: «Су құбыры құрылысына ертеңнен бастап кірісеміз», - деді.

Ал кезінде біршама жұмыс жасалғанымен, қолды болып, қирап қалған электр желісін тарту әлі де тоқталыста. БҚО Теректі ауданының Жаңа өмір ауылындағы 780 жер телімін электрмен жабдықтауды жаңғырту» жобасы бойынша есептік жобалау құжаттары жасалған. Жыл басында, қаңтар айында бұл жоба бойынша кешендік сараптаманың оң қорытындысы шығыпты. Нысанның жалпы құны – 658,4 млн.теңге. Осы жобаны қаржыландыру туралы «Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына» тапсырыс хат жолданған.  Қаржы көзі табылған соң мердігер анықталып, желі қалпына келтіріледі.

«Жолаушының кешікенінен үміт ет» деген, істің оң шешімі боларына үміттіміз.

Газет – ауданның айнасы, халықтың құлағы мен көзі. Жаңа өмірдің жаңа жерге қоныстанушылары жағдайынан алдағы уақытта  хабар беріп  отырамыз.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы  

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале