25.01.2024, 12:30
Оқылды: 22

Су тарифі өскен жоқ. Бірақ...

Жыл басы әдетте жаңа бағалармен, жаңа тарифтермен таңғалдырып жатады. Көз үйренген, көңілге жатталған бұрынғы бағалар ауысып, әр жыл өз бағамы, өз өзгерісі, өз қымбатшылығымен өзгеше боп келеді. Өзгермей тұрған ауыз су тарифі ғана.

тариф1

         Шыңғырлау ауданы бойынша ауыз су мәселесі шамамен 96 %-ға шешілген., аудан орталығында да, ауылдық жерлерде де таза ауыз су үйді-үйлерге кіргізіліп, қазір тұрғындар үйлерінде сантехникалық тораптарды, су жылыту құрылғыларын орнатып, кәдуілгі қалалық жағдайларды жасап тастаған.  Жазғы кезеңде шаруашылық суы беріліп, көпшіліктің бау-бақша егіп, көкөнісін керегінше өсіруіне де мүмкіншігі мол.

Таза ауыз суы, жазғы шаруашылық суын таратып беріп, су құбырлары желісін жарақты күйінде ұстап, үзіліссіз су берілуін қамтамасыз етіп отырған аудандық «Комтехсервис» коммуналды шаруашылық мекемесі. Мекеме тарапынан 2015 жылдан бері тариф бағамы көп өзгеріске ұшырамаған. Қайта жылдар сайын қосылған  ауылдар есебінен тариф бағамы азайтылып келген. Мысалы, 2015 жылы ауыз су бағасы кубына 391 теңге, 2017 жылы 246 теңге болса, 2022 жылдан 256 теңге болған.

«Егер еліміз бойынша тұрақты көтеріліп келе жатқан жыл сайынғы 7%-дық баға өсімі (инфляция) қосылып отырса, су тарифі  бүгінгі күнге дейін 50 % көтерілер еді», - дейді мекеме мамандары.

Бірақ бұл мекеме мұндай баға өсіру тәсілін қолданбаған. Бұған қоса, ауыл тұрғындары үшін берілетін арнайы көмек пайдаланылған судың әр кубына 90 теңге жеңілдік те бар. Бұл да бүгінгі күнге дейін қолданыста, яғни, әр тұрғынға таза ауыз суды пайдалануда үлкен жәрдем.

Тарифтің төмендігі тұрғындар үшін жасалып отырған жеңілдік. Алайда жалпы стратегиялық маңызы бар су, газ, электр энергиясының тарифі шығын құнын толтырып отырса, бұл мекеме жұмысының алға басуының тікелей кепілі.

тариф

 «Комтехсервис» коммуналдық шаруашылығы су құбырлары желісінің жарақтылығын қарап отырған бірден-бір мекеме. Аудан бойынша су көздерінен ауыл-ауылдарға, аудан орталығына берілетін су желілері, үйлерге тартылатын құбырлар торабының жалпы ұзындығы 347 шақырымнан асады. Бұған 11 су тарту мұнарасын қосыңыз. Су трассасы бойында және әр мұнарада болатын су айдайтын стансалар мен сусорғы жабдықтары да осы мекеме жауапкершілігінде. Негізгі Ардақ-Жаңакүш-Шыңғырлау су құбыры трассасынан басқа әр ауылдық округтің өзіндік су тарату тораптары бар екенін ескерсек, мұның барлығын бақылап отыру үлкен жұмыс пен қаражат, уақыт пен адам күшін қажет етеді.

         Ал су тарифі әлі өскен жоқ. Қаржы тапшылығының өсуіне де бір себеп осы. Сондай-ақ осы тұста айтылуы керек мәселе ауыз суы төлемін қасақана төлемеушілер де, төлемей созып жүретіндер де бар боп шықты. Мұндай абоненттер аз емес екен. Есептеуіш құралға магниттер қойып, жүрісінен жаңылдыратын, бақылаушы маманды үйлеріне кіргізбей, тексеруге кедергі жасайтындар, ұрлығы ашылып қалса, бақылаушы (контролер) үйіме рұқсатсыз кірді, заттарым жоғалды деп байбалам салатындар да бар. Айтуға ауыз бармайтын осындай аса ұят жағдай.

         Еңбектің үлкен-кішісі болмайтыны секілді, міндеттің де жауапты-жауапсызы болмайды. Көрсетілген қызметтің (үйге келіп тұрған ауыз суы немесе электр қуаты) міндеттілігі сияқты, сол қызметке уақтылы төлем де міндетті.

 Жалпы үйге су келмей қалса қиындық көбейіп кетеді. Ас пісіруден бастап, толып жатқан тірліктің сусыз болмайтыны кемде-кем. Жуырда ғана көшедегі құбырдың жарылуына байланысты кейбір көшеге екі күн су берілмей қалды. Тұрғындардан наразылық көбейіп, шағымдар түсе бастады. Кішкене баласы бар аналардың арызы бір төбе...

Сол уақытта қақаған аяз, ақ қар-көк мұзда «комтехсервистіктер» күндіз-түні тоқтамастан жұмыс жасады. Сіреу жерді қопарып, құбырдың жарылған жерін жамап шықты. Тамақтануға да бармай, қазылған құбыр басында ауқаттана жүріп, тез арада су берілуін қамтамасыз етті. Білгенге бұл да ерлік.

Қолдарын біресе суға, біресе отқа тыға жүріп апатты тез ауыздықтаған сол жігітердің айлық табысы 87-110 мың теңге арасында. Әрине, қазіргі нарық бағасымен есептесек, бұл аз табыс. Бұған себеп тарифтің төмендігі мен уақтылы төленбеуі және төлемдерден қасақана жалтару жағдайлары. «Егер тариф көтерілсе, біз айлық жалақыны 150-160 шамасына дейін көтерер едік»,  - дегенді айтады мекеме есепшілері.

 Қазіргі уақытта мекемеде аудан орталығы мен ауылдарды қоса алғанда жалпы саны 65 адам жұмыс жасайды. Жұмыс күші тапшы, әсіресе, механизаторлар мен көлік жүргізушілер қат. Келуге құлықтылар некен-саяқ, яғни, азғантай айлыққа көпшіліктің келгісі келмейді.

Осындай, біріне-бірі астасқан түйіндер ортасында «Комтехсервис» мекемесі халыққа тоқтаусыз қызмет етіп келеді.

Мәселенің тағы «бітеу жара» тұсы - мемлекеттік сатып алу. Бұған дейін де олқылығы көп бұл заңның стратегиялық маңызға ие мекеменің жұмысына бірден-бір кедергі екені айтпаса да түсінікті.

Мысалы ретінде айтар болсақ, мұнараға су айдап тұрған сусорғы мотор (насос) істен шықты делік, сол сәттен бастап мұнарадағы елге берілетін қаншама тонна су қата бастайды. Тез арада не жөндеп, не жаңасын әкеп салмаса, еңіреп қатқан мұнара мен құбырларды жылыту, жібіту тіпті мүмкін емес сияқты, бірақ екі күннің бірінде апатты режимде жұмыс жасайтын «Комтехсервис» жұмысшылары осындай қиындақтарды да ұйқысыз, демалыссыз жүріп, жеңіп шығып жатады.  Әсіресе, қыс айында қайта-қайта істен шыға беретін сусорғы жабдықтар Орал, Ақсай қалаларының дүкендері мен қоймаларында, базарларында толып тұр. Бағалары 420-650 мың теңге аралығында. Ал мемлекеттік сатып алудағы бағалар 850 мыңнан басталады. Әрісі 1 миллион 200 мыңға жетіп жығылады. Бұл дегеніңіз өзі де табысынан шығыны көбейіп тұрған мекемені таза тұралату емес пе?! Сол құралды тікелей  базардан барып ала қойса, су берілуі тез қалыпқа келтіріліп, әрі кеткенде 1 тәулікте жұмыс қайта жанданар еді.

Бірақ бітер іске мемлекеттік сатып алу «көлденең» тұрып алып, берекесін кетіріп жүр. Яғни, тиісті порталға шығу керек, оны біреу арзан бағаға (арзанның сорпасы татымайтынын естеріңізге салып қояйын) ұтып алу керек, оны қай қиырдан ұтып алатыны да маңызды. Қысқасы бұл жерде бір немесе екі айсыз келетін құрал жоқ. Енді өзіңіз ойлап көріңіз, бір ай қатып тұрса, мұнаралар не болады, құбырлар не болады, халық қайда барады.?!

Су төлемінен жырып, тиісті аз-мұз ақшаны беруден жалтарып жүрген ағайын, жоғарыда айтылған мәселелерді бір ойлап көріңізш. Сізге ұят емес пе?

 Мәселе көп, бірі тариф, бірі мемлекттік сатып алу, электр қуатының жиі үзілуі де насостардың тоқтауына, ал ол тағы сол жағалай қату қаупіне апарады. Мемлекеттік сатып алумен алынған жанар-жағармайдың қыста қайта-қайта қатып, жолға шыққан тракторлар мен өзге техникалардың жол бойында тұралауы, механизаторлардың далада қонуына себеп боп жүр.

Жуырда мекеме өз қызметкерлеріне жылы киімдер жиынтығын әперді. Төрт жылда бір рет алмастырылып отырылатын жылы киімдерді жүздері аязбен тотығып, алақандары суыққа мүйізденіп кеткен жұмысшы қолдары аялай қысып, зор ықыласпен қабыл алып жатты. Өйткені, олар қыстың суығын, аяздың ызғарын жанымен, болмысымен түйсінген, бірақ әрқайсысы азаматтық міндетінен бір қадам шегінбейтін, жұмысына адал адамдар, еңбектің қадірін, жауапкершіліктің салмағын әбден мойындап, уақытпен санаспайтын еңбек майданының сарбаздарына айналған жандар.

         Жанды ауыртқан жайт (мемлекеттік сатып алу мәселесі) жуырда келген мәжіліс депутаты Абзал Құспанға да жеткізілді. Стратегиялық нысанға жататын мекеменің тартып отырған залалы мен зияны баяндадалды. Бұл мәселенің қай салада да ушығып тұрғанын айтқан халық қалаулысы осынау заңды өзгерту мәселесі көтеріліп жатырғанын және бұл туралы көбірек мәлімет жинап жүргенін, жағдайдың ескерілетінін айтты.

Қаршыға Асу,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале