23.05.2024, 16:30
Оқылды: 1

Су тасқыны: Аңқатыда 23 үйдің құрылысы басталды

Көктем айының басы теректіліктер үшін оңайға соқпады. Қарғын судың кесірінен Теректі ауданының бірнеше округі тасқын судың құрсауында қалды.

су басу теректи 2024 (2)

Дер кезінде тазаланбай еріген қар суының кесірінен баспанасынан айырылған Аңқаты ауылы тұрғындарының өкпе-назы бар. Бір-ақ түнде түгел үйді су шайып кетеді деп ешкім күтпеді. Су басқан аймаққа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев келіп, жығылған халыққа демеу болып, Мемлекет тарапынан көмек көрсетілуін талап ететіндігін айтқан еді.

InShot_20240523_162638563

Бүгінгі күні тасқынның беті қайтқанымен салдары қалды. Жалпы аудан бойынша 650 үйді су шайды. Аңқаты ауылы бойынша 24, Подстепный ауылында 98, Теректі ауылында 2 үй комиссия шешімімен тұруға жарамсыз деп танылды.

Одан бөлек күрделі жөндеуді талап ететін тұрғын үйлер бар. Тасқын судың зардабымен күресу, шығындарды қалпына келтіру басталды.

38 үйді су шайып кетті

Күні кеше су басқан Аңқаты ауылында болып, округ басшысымен, ауыл тұрғындарымен тілдестік.

InShot_20240523_162652067
– Наурыз айының жиырма алтысы күні Аңқаты ауылдық округі аймағында төтенше жағдай болды. Қысқы қар суының еруіне байланысты 38 үйді су шайды. Соның 24-і пайдасыз күйде болды. Қалған 14 үй күрделі жөндеуді талап етеді. Бір тұрғынның өтінішімен ауылдан үй сатып алып берілді.
Қазіргі уақытта 23 үйдің құрылысы басталды. Мердігер «Иском» ЖШС іргетасын құйып жатыр. Компания өкілдері құрылысты қыркүйек айына дейін тапсырады. Сонымен қатар қарғын судың астында үш ірі қара, бір құлын, жиырмадан астам қой кетті. Шығынның орны мемлекет тарапынан толық өтелді. Төтенше жағдай болған сәтте ауыл тұрғындарын мектеп интернатына орналастырдық. Қазіргі уақытта тұрғындар өз үйлеріне кетті. Суға кеткендердің бәріне әлеуметтік, материалдық көмек берілді, – дейді округ әкімі Асқар Хайрекеев.

Дайын баспана берілді

Аңқатылық Асылбек Боранбаевтың үйі де қызыл судың кесірінен апатты деп танылған. Бүгінгі таңда баспана мәселесі шешілген Асылбек Бақтыбайұлымен жүздескен едік.
– Наурыз айының соңында үйім суға кетті. Содан бері отбасыммен бірге туысқандардың үйін паналадық. Су келген сәттен бастап түрлі көмектер келді. Жәрдемдескен жандарға рақметімді айтамын. Осы ауылда туып-өстім. Қарашаңырағым тұруға жарамсыз, апатты деп танылды. Сол кезде маған «жаңа үй салып берейік немесе қоныс аударып, үйлерін саттыққа шығарған жандардан дайын үй алып беруге болады» деген ұсыныс айтылды. Мен дайын үйді таңдадым. Үкімет өзі төлеп, жуырда көшіп баруға дайындық қамын жасап отырмын. Материалдық көмекке де құжат жинап, тапсырдым. Осынау шаураларды ұйымдастырып жатырған еріктілерге, Президентімізге зор алғыс білдіремін. Бұл да бір мемлекет басшысының тапсырмасымен орындалған игі іс деп білемін,- деген Асылбек Боранбаев көпшілікке ризашылығын жеткізді.

Аңқаты тұруға қолайлы жер

Естеріңізде болса, 2008 жылы Рыбцех ауылынан қоныс тепкен 16 үй түгелімен су астында қалды. Ауыл тұрығындарының айтуынша, негізгі бұл үйлер қолайсыз жерде орналасқан. Себебі аталмыш жер бұрынғы су жинайтын каналдың орны екен. Кезінде жайсыз жерге үй салуға кім рұқсат бергенін қайдам, қазір нәтижесін көріп отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, жаңа үйлер жарамсыз.

InShot_20240523_162713279
– 2009 жылдың күзінде ең соңғы болып осы жаңадан салынған үйге орналастық. Іші, сапасы жаман емес. Бірақ жыл сайын жоғары қатарда орналасқан үйлерге су кіреді. Аулаға су жиналып жүрді, бірақ бұрын-соңды үйге су кіріп көрген жоқ. Биыл да дәл солай келіп-кетеді деп ойладық. Әрине, мұнын бәрі уақытша сынақ. «Елмен көрген ұлы той» демекші, еңсемізді түсірмейміз. Бастысы, адам шығыны жоқ, деніміз сау, балаларымыз аман.
Көмекті жан-жақтан әкеліп беріп жатыр. Көрші ауылдардан, әсіресе эвакуациялық пунктке орналасқан бойда артымыздан Шалқар ауылдық округінен, бұрынғы жерлестерімізден көмек келді. Тіпті малымызға шөпке дейін әкеліп берді.
Су келген сәтте затымызды алып шығатындай болмады, абдырап қалғанымыз рас. Тіпті құжаттарымызды тастап қашыппыз. Он шақты күн мектеп интернатында жатып, кейін денсаулық жағдайыма байланысты таныстарымның үйіне шықтым. Дәрігер күні-түні қасымда болды.
Мал шығыны болды. Бір сиыр, бір құлын, төрт қошақан мен қойдың шығынын мемлекет өтеді.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен жаңа үй салып жатыр. Жуық арада су жаңа баспанаға орналасамыз деген ойымыз бар. Көмек беріп жатырған үкіметке, барша қазақ еліне, еріктілерге ризамыз. Жас күнімізде осы елде қызмет еттік. Елімізде тек тыныштық болсын. Аңқаты тұруға өте қолайлы жер. Мал өсіруге де ыңғайлы. Облыс орталығына бір табан жақын, жолы жақсы. Ауылымызға жететін жер жоқ, – дейді Мәншүк Есқалиева.

Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале