29.03.2024, 16:00
Оқылды: 46

Су тасқынынан қауіп бар

 

Бүгін Казталов ауданы Жалпақтал ауылдық округінде аудан әкімі Асланбек Сарқұлов Казталов ауданы аумағынан көктемгі тасқын судың қауіпсіз өтуін қадағалау мақсатында қоғам белсенділері мен мекеме-ұйым басшыларына шұғыл жиналыс өткізіп, тиісті органдарға бірнеше тапсырма берді.

20240329114158_IMG_7660

Қазіргі таңда сағат сайын күшейген су мөлшері аудан тұрғындарын кез келген жағдайға дайын болуына үндеу салғандай. Асланбек Сарқұловтың төрағалығымен өткен жиында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнінде арнайы штаб құрылғаны ашық айтылып, күштік құрылымдардың басшылары, округ әкімдері және БАҚ өкілдері жергілікті тұрғындарға дұрыс ақпарат жеткізу керектігіне баса назар аударды.

Жиында Жалпақтал ауылының әкімі Ғаділбек Әлібеков алдағы күндері Қараөзен және Сарыөзен өзендеріндегі су деңгейінің шекті деңгейге дейін көтерілуі мүмкін екенін хабарлап, су тасқынының алдын алу шараларын күшейтуді күн-түн демей бақылауда ұстайтындарын мәлімдеді.

- Біздің тарапымыздан біріншіден жергілікті халыққа түсіндіру жұмысы дұрыс жүргізілуі керек. Екіншіден тасқынның алдын алу шараларын қабылдауымыз қажет. Өңіріміздегі ахуал бәрімізге белгілі. Бұндай жағдайда жайбарақаттыққа салынуға болмайды. Округіміз бойынша су тасқынының алдын алуға қажетті жабдықтар бар. Енді тасқынның қауіпсіз өтуі жолындағы жұмысқа кірісуіміз қажет, - деді ауыл әкімі Ғаділбек Әлібекұлы.

Отырысты қорытындылаған аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы су тасқыны болған жағдайда халықты эвакуация орнын әзірлеу,  азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және науқас адамдар мен жүкті әйелдерді аудан орталығына немесе Жалпақталға шоғырландыру үшін ертерек қамдану қажеттігін баса тапсырды.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале