14.04.2024, 22:34
Оқылды: 11

Су тасқынының екінші кезеңіне дайындық қатаң

Өңірімізде төтенше жағдай жарияланғалы Бәйтерек ауданындағы көптеген ауыл қарғын сумен күрес, ал Жайық өзені жағасындағы елді-мекендер тасқынды алдын алу іс-шараларына кірісіп кетті.

InShot_20240414_222507437

Тасқынның бірінші толқыны кезінде өзгелермен бірге ауылдағы мемқызметкерлер, соның ішінде ауылдық округ әкімдігінің мамандары да осынау істің бел ортасында жүрді. Солардың бірі – Байқоныс ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Арғын Жұлдызбеков.

1993 жылы Қаратөбе ауданында дүниеге келген ол 2019 жылы отбасымен Бәйтерек ауданына қоныс аударып, көп кешікпей мемлекеттік қызметке кіріскен. Былтырдан бері Байқоныс әкімдігінде еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, мұнда су тасқынына қарсы күрес іс-шаралары 23 наурызда, яғни күн жылынып, қардың суы еруі кезінде басталған. Содан бері тоқтаған жоқ. Бірінші кезеңде 5 мотопомпа, 2 ассенизатор көлегі, 2 тиегіш трактордың (погрузчик) көмегімен қарғын сумен арпалысқан. Қазір су тақсының екінші кезеңіне дайындық қатаң. Байқоныс ауылындағы Набережный көшесіндегі 40 үйдің артына Жайық өзенінен шығып, аңғарды толтырған су тақалып келіп тұр. Соған орай бөгет салу, қапқа құм салып, жағалауды бекіту жұмыстары тоқтамастан жүруде.

InShot_20240414_222519183

- Айтып келмейтін апат ауылымызға да ауырлығын салғалы тұр. Осындай қиын-қыстау кезде барлығымыз жұдырықтай жұмылып, бірлігімізді көрсетуіміз керек. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбек етсек қана алар асуымыз көп болмақшы. Тілсіз жауды алдын алу кезіндегі бірігіп еңбек ету адамдар арасындағы өзара сыйластықты, бірін бірі құрметтеу, жақын тұту сезімдерін қалыптастырып, арттырары анық. Біздің күшіміз бірлікте, - дейді Арғын Жұлдызбеков.

Салтанат Зұлқарнаева, 

Бәйтерек ауданы

Байқоныс ауылдық округі

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале