22.02.2024, 16:00
Оқылды: 9

Суицид соңғы жол емес

Колумбиялық жазушы Гарсиа Маркес «Адам дүние есігін анадан туған кезде ғана бір-ақ рет ашпайды. Өмір адамды қайта-қайта жаңадан тууға мәжбүрлейді» деп ой түйген. Расымен де Алланың өлшеп берген санаулы ғұмырында төрт құбыласы түгел адам болмайды. Күйгі тірліктің күйбеңі адамдарды тығырыққа тіреп, шарасыз қалдырады. Ал тығырықтан шығуға жол таппаған жандар көбіне өзіне қол жұмсауды ең оңай шешім деп қабылдайды.

 alkoghol-2714489_1280

Фото: pixabay

Арғы дүниеге асығып, ажалсыз аттанып, мезгілсіз көз жұмғандар жайлы не айта аламыз? Жеткіншектер өзіне қол жұмсаса, «өтпелі кезеңнен өте алмады-ау»  деген кеудемізде өкініш қалады. Ал ширек ғасыр ғұмыр кешіп, Пайғамбардың жасына жеткен көрген-түйгені мол әке, аналарымыз өлім қамытын киюге неге асығады?

Дүниежүзілік статистика бойынша суицид жасаудан еліміз алғашқы қатарда екен. Бұл мақтанарлық жағдай емес. Өзіне қастандық жасау себептері қандай?  Бұл жөнінде Жаңақала ауданындағы жауапты сала мамандарының пікіріне құлақ түрген болатынбыз.

- Сөзімді аса қамқор ерекше мейірімді барлық жаратылыстың иесі болған Алланың атымен бастаймын. Соңғы уақытта «өз-өзіне қол жұмсапты» деген қабырғамызды қайыстырар суық хабарды жиі естіп жүрміз. Бұған бұрынғыдай таң қалмайтын да болдық. Адам баласының суицидтік әрекетке баруының бірнеше себептері бар. Біріншіден, басына келген сынаққа шыдай алмай,  өмірге өкпелеуі. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:  «Ол сондай Алла, сендердің қайсыларың жақсырақ іс-амал жасайтындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты» деген. Яғни бізге қандай да  бір қиыншылық келсе де, Алла тарапынан келген сынақ деп қабылдап, аса сабырлық танытуымыз қажет. Өйткені құдіреті күшті Құдай бізге мойнымыз көтере алмайтын жүк бермейтіні хақ. Екіншіден, тұрмыстық бәсеке. Бұл дегеніміз, өзін өзгеден төмен санап, елеусіз қалғандықтан тіршіліктен торығуы. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Дүниелік жағынан алдарыңа емес, арттарыңа қараңдар. Барға шүкіршілік етіңдер»  дейді. Суицизмнің үшінші себебін «сезім сергелдеңі» немесе «жауапсыз махаббат» деп те атасақ болады. Яғни,   сезіміне селкеу түсіріп, сенімінен шықпаған аруларымыз бен ер жігіттеріміз де осындай қадамға барып жатады. Жоғарыда аталған екі фактор жастар арасында жиі кездеседі.

Ислам дінінде жазықсыз адамды өлтіру немесе өзін-өзі өлімге қию – Алланың ашуы мен аса ауыр азабына себеп болатын ауыр күнә. Себебі дініміздің, қасиетті Құран мен хадистің көрсетуінше, адам баласының орны жаратылыс атаулының бәрінен де жоғары, әрі үстем. Мейлі ол әйел болсын, еркек болсын, кәрі болсын, жас болсын, әрбір адам қадірлі және құрметті. Демек, адам өз өмірін оп-оңай қия салатындай сұраусыз, іздеусіз, бостан-бос жаратылыс емес. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Кім өз жанын қандай затпен қиса, тозақта сол затпен азапталады» делінген. Өз-өзіне қол жұмсау - Жаратқанға қарсы шығу. Алла Тағала, сондай-ақ «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер», «Өз қолдарыңмен өздеріңе қауып төндірмеңдер» деп ескерту жасаған. Бұрын өзіне қол жұмсаған адамды көрмек түгілі естімейтін де едік. Ол кездері өз-өзіне қол салғандарды ауыл ақсақалдары құптамайтын. Молдалар да олардың жаназасын шығармауды жөн деп, бөлек жерге жерлеу керектігін айтқан. Себебі Алланың берген аманатына қиянат жасады деп есептеліп, өзге адамдар мұндай ауыр қадамға бармасын деген ескерту  ретінде жасаған. Ал қазір мұндай түсінік жоқ. Өмірін өлімге қиған жандардың жаназасы шығарылып, бір қауымға жерленеді. Өмір - адам баласы үшін бір-ақ рет беріледі. Мәнді де ғибратты етіп өткізуі өзіне байланысты. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің біреулерің өзіне өлім тілемесін. Бәлкім ол жақсы адам болса, ұзақ өмір сүріп, жақсылығы көбейе түсер, сөйтіп өмір ол үшін жақсы болар. Бәлкім, жаман адам болса, жамандығынан қайтарылар» деген. Қиналған кісінің жанын түсінуге тырысайық, құлазыған көңілдерге демеу болайық. Әр қиындықтың артынан жақсылық келетінін ұмытпайық, - дейді аудан теологі Алтынбек Болатов.

Ал отбасылық психолог Зердегүл Мүсірова:

- Қазіргі уақытта қоғамда  өз-өзіне қол жұмсау фактісі өте көп тіркелуде. Статистика бойынша Қазақстанда суицидке көп бейім келетін - ер адам. Олар әйелдерге қарағанда суицидті бес есеге көп жасайды. Бұл негізі ер адамдардың өзіне сенімсіз, ішкі комплекстеріне байланысты. Кез келген адамның өмірінде қандай да бір жағдайға  байланысты мәселесі болады. Бірақ бұл мәселенің шешімі жоқ, шешімі тек өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері деген дұрыс емес ой. Жалғыз өзіңіз реттей алмасаңыз, арнайы маманға жүгініңіз. Мысалы, суицидиолог, психоаналитик, отбасылық психолог. Арнайы мамандарға уақытында жүгінбегендіктен, арты осындай орны толмас өкінішке ұласып жатады.  Суицидке нақты мәселесі бар және оны шеше алмаған адамдар барады. Бұл ой оларға бірден келмейді, бірінші оларда мәселесіне байланысты жеңіл стресс болады, одан кейін ол үлкен депрессияға айналып, бұдан шыға алмаған адам соңында осындай шешімге келеді.  Әрбір тығырықты  мүмкіндікке айналдырып үйрену қажет. Сондықтан мәселеңіз болса, өзіңіз шеше алмасаңыз, айналаңыздан көмек сұрап үйреніңіз, - деп кеңесін жолдады.

Аудандық аурухананың психологі Анаргүл Ишанова суицидтың түрлеріне тоқталды. Нақтылай кетсек, біріншісі - шынайы суицид. Оған барған адам өмірден түңіліп, үнемі көңілсіз боп жүреді. Тек  о дүниеге кетуге асығады. Екіншісі - жариялық суицид.  Өзіне қол жұмсағысы келетіндер алдымен өзгелердің назарын өзіне аударғысы келеді. Мәселен, біреумен ренжіскен сәтте қолына суық қару немесе арқан, жіп ала жүгіріп, «өлем» деп қорқытады. Ал үшіншісі – жасырын суицид. Бүл түрінде адам өзін-өзі өлтіру дұрыс еместігін түсінеді. Бірақ қиындықтан шығар жол жоқтай көрініп, өлімге апаратын істерге бас тігеді. Сондай-ақ Анаргүл Ислямқызы:

- 15 жылдық жұмыс тәжірибемде суицид мәселесі жиі кездесуде. Соның бірі - аяқталмаған суицид. Яғни өзіне қол салуға бекінген бірнеше азаматты жұбайы, жақыны дер кезінде құтқарып қалып,  психологиялық көмекке жүгінді. Мән-жайды анықтай келе, мұндай қадамға бару себептері - отбасылық мәселе, біразын қажытқан қаржы тапшылығы болса керек.  Соңғы бір жылда өңірімізде суицидтік әрекет 2 есеге азайды. Мұның өзі аз да болса көңілге медеу. Өз өміріне қастандық жасаған біраз азаматтың ағзасынан ішімдік белгісі анықталды. Шындығына келсек, қазір әйел адамдарға қарағанда ер адамдар күйзеліске тез берілгіш.  «Басқа түссе – баспақшыл» дейді дана қазақ. Кезіккен мәселеден «өлсем ғана құтыламын» деп ойлау үлкен ақымақтық. Пенде болған соң бірде шыңға шығасың, бірде төменге құлдилайсың. Өмір сонысымен қызық. Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайды. Тек оны уақытында түсініп, қабылдай білу қажет, - деп сөзін түйіндеді.

Аталмыш тақырып төңірегінде аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Мейрамбек Сағидоллаұлының айтуынша, өзін-өзі өлтіру бойынша қылмыстық кодекстің 105-бабына сәйкес іс қозғалып, қылмыстық құрам анықталмаса, іс қысқартылады екен. Соңғы бір жылда ауданда 6 адам өзіне қол салып қаза болған. Барлығы 30 жастан асқан ер-азамат. Мұның өзі психолог мамандардың жоғарыда  білдірген пікірлерінің  дәлелі. Полиция маманы ауыл азаматтарының мұндай қайғылы әрекетке баруының бір себебі бойында пайда болған дертке шыдай алмағандығы десе, енді бірін отбасылық кикілжің деп түсіндіреді.

Түйткілі көп тіршілікте түрлі қиындыққа тап болып жатамыз. Алайда әр қараңғы түннен кейін жарық күн, әр қиыншылықтан кейін бір жеңілдік барын әсте естен шығармалық!

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале