28.05.2023, 11:43
Оқылды: 48

Сұлукөлде әдемі іс көп

Мұнда ауыл экономикасының өсуі байқалады, тұрғындарының ынтымағы мен бірлігі бар, ауыл тазалығы мен мәдениеті жоғары, бұқаралық спорт дамуда, ауыл жұрты бос уақытын тиімді пайдаланады. Осылардың бәрі Сұлукөл ауылына тән жетістіктер. Бұл Сұлукөлдің Бәйтерек ауданындағы үлгілі ауыл деңгейіне көтерілуіне мүмкіндік беріп отыр.

IMG-20230528-WA0051

Таяуда аталмыш ауылдық округта былтыр іргетасы құйылған үш тұрғын үйдің алғашқысы пайдалануға берілді.

IMG-20230528-WA0057

- Сұлукөлде «Агросервис Батыс» ЖШС жұмысын жолға қойғалы ауылдың жаңа тынысы ашылды деуге болады. Армат Бисенов бастаған жас жігіттер ауыл шаруашылығын, соның ішінде өсімдік шаруашылығын ғылыммен байланыстырып дамытуда. Сөйтіп ауылға жастардың келіп, еңбек етуінің жарқын үлгісін көрсетіп жатқанына қуаныштымыз. Аталмыш серіктестік қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мақсатында оларға арнап үй салуы да - үлгі боларлық іс. Ауылда жаңа үйлердің бой көтеруі, жолдың күрделі жөндеуден өтуі Сұлукөлге қоныс аударушылардың санын арттыратына септігін тигізері анық, -деді осынау салтанатқа қатысқан аудан әкімі Марат Тоқжанов.

IMG-20230528-WA0056 (2)

Өз кезегінде сөз алған «Агросервис Батыс» серіктестігінің директоры Армат Бисенов сұлукөлдіктердің өмір сапасын арттыру үшін қолдан келген көмекті аямайтынын жеткізді. Ауылды дамыту бағытындағы жоспарларымен бөлісті. Сұлукөлде алдағы уақытта да тұрғын үйлер салу жалғасын табатынын жеткізді. Жалпы көлемі 106 шаршы метрлік бір үйді салуға 25 млн. теңгедей қаржы кеткен. Мұнда тұратын қызметкерлер үйдің тек коммуналдық шығынын төлемекші. Егер олар серіктестікте тапжылмастан он жыл қызмет етсе, бұл үй олардың атына аударылады. Қалған екі үйді де қызметкерлерге беру жоспарлануда. Енді ауылдағы совхоз кезінде салынған машина-трактор шеберханасы (МТМ) болған ғимаратты қайта жаңғыртып, оның бір бөлігін барынша жайлы жатақхана жасау бағытында жұмыстануда. Ондағы бөлмелер де қызметкерлерге беріледі.

IMG-20230528-WA0050

Айта кетейік, 2005 жылы Сұлукөлде құрылған «Агросервис Батыс» ЖШС өсімдік шаруашылығымен айналысады. 2021 жылдан бастап серіктестік ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына қаржы бөліп келеді. Бұл мақсатқа алғашында 5 млн теңге, былтыр 10 млн теңге қаралды. Ал биыл ол сома 20 млн теңгеге жетті. Ол қаражат ауылдағы қауымдастық мүшелерінің келісімі бойынша жұмсалады.

- Тәуелсіздік таңы атқалы бері ауылымызда үй салынған жоқ еді. Былтыр «Агросервис Батыс» ЖШС жаңадан үй салуды бастағанда сұлукөлдіктердің жарқын болашаққа деген сенімдері нығая түсті. Бұл үш үйден бөлек серіктестік ауылымызда тағы да он шақты үй салуды көздеп отыр. Биыл да егін шығымы жақсы болса, үш үйдің іргетасын қалау жоспарларында бар. Тиісті жер телімдері рәсімделді. Ауылымыздың 40 шақты тұрғыны серіктестікте жұмыс істеуде. Алдағы уақытта олардың көбі баспаналы болатынына сенім мол, - дейді Сұлукөл ауылдық округінің әкімі Жаслан Қойшыбаев.

IMG-20230528-WA0054

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале