7.02.2023, 16:15
Оқылды: 920

Сұрақтың дені – жеке бастың мәселесі

Жәнібек аудандық мәдениет үйінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Жәнібек ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді.

жанибек (5)
Кездесуге облыс әкімінен бөлек облыстық басқармалардың басшылары қатысты.
Алдымен аудан әкімі Азамат Сафималиев алдағы жоспарлар туралы қысқаша баяндама жасады.

cff0d98a-2561-4095-88b5-f868fb306766
Әкім баяндамасынан кейін тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылды.

Мәселен, 2021 жылдың қараша айында пайдаланымға берілген екі 12 пәтерлі тұрғын үйдің тұрғындары үйдің сапасына наразы. Ауыл тұрғыны Арайгүл Бажанованың айтуынша, мемлекет тарапынан жалға берілген үйдің жарлары көгеріп, терезеден су ағып тұр. Судың қысымы әрі уақтылы келуі нашар. Аудандық ауруханада дәрігер жетіспейтіні өз алдына, тегін берілетін дәрілері жоқ. Сонымен қатар, ауыл тұрғыны Гүлфия Хубиева атаулы әлеуметтік көмекті тағайындайтын комиссия мүшелеріне наразылығын білдірді. Биылдың бірінші тоқсанында алатын көмектен қағылғанын жеткізді. Сондай-ақ Күйгенкөл ауылының тұрғыны Жұпар Хамзина ауылдастарының атынан ауыз судың мәселесін көтерді. Оның сөзіне сүйенсек, су қысымы төмен, құбырлар жер-жерден тесіліп жатыр екен. Тоғыз үй аталып кеткен жақтың тұрғыны Лаура Сисенбайқызы аталмыш жаққа асфальт төсеп, жарық шамдарын орнату керектігін жеткізді.

жанибек (4)

Жәнібек ауылының байырғы тұрғыны Меңсұлу Жұмақұлова аудандағы медицинаның жайын айтып өтті.
«Әлем» шаруа қожалығының жетекшісі Ескендір Елемесов ауыл шаруашылығының дамуына көңіл бөлінсе деген уәжін айтты. Сонымен қатар ол 2016 жылдан бері киік мәселесін көтеріп келе жатқанын, алайда оның жауабы әлі күнге дейін жоқ екенін айтты. Сондай-ақ Ескендір Кафарұлы малға берілетін азық мәселесін де көтерді. «Shopan ATA» ұлттық агро қозғалысының Жәнібек ауданы бойынша төрағасы Бауыржан Сабанов киікке қарсы тұру үшін қоршауларға субсидия қарастыруды, далада өліп жатқан киіктерді бір мекеме жинап, сенбілік жасауды, тауарға қосылатын құн салығын азайтуды, шаруа қожалықтарының иелеріне білімдерін жетілдіру үшін оқыту семинарларын ұйымдастыру, «Әлем» шаруа қожалығының жетекшісі Ескендір Елемесовке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беруді, атаулы әлеуметтік көмек тағайындайтын комиссия мүшелерінің құрамына аталмыш көмектен айырылған тұлғаларды тағайындау керектігін айтты.

жанибек (3)

Одан бөлек ауыл тұрғындары Жазира Бекетаева, Динара Дүйсенғалиева, Майра Рақымғалиева, Бағдат Молдашев, Нұргүл Сайфетденова билайн байланыс желісінің нашарлығын, қоғамдық көліктің уақтылы жүрмейтінін, аудандық аурухананың жұмысын, тұрғын үйге қол жеткізе алмай отырғандығын, атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалмай қалғандығын, мүгедектерге арналған шипажайға жолдама алудың жырын айтып өтті.

жанибек (2) Екінші топ мүгедегі Қантым Ғұмарова жедел жәрдемнің келмейтінін және ауданға инватаксидің керектігін тілге тиек етті. Сол сияқты Жанаргүл Аққалиева мен Индира Ахметқалиева аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Жаналиевтің жұмысына сын айтты. Жанар Құбаева бүгінгі таңда мүгедектік ала алмай жүргенін айтты.
Өңір басшысы және тиісті басқарма басшылары тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың барлығына жауап берді.

Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

(Облыс әкімінің жауабын газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале