25.02.2023, 15:38
Оқылды: 89

Суретшілер тағылымы

Переметныйда Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, қазақ кескіндемешісі, суретші Гүлфайруз Ысмайылованың туғанына 100 жыл толуына орай "Алуан түрлі бояудың сиқыры" атты іс-шара өтті. Бұл аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен 2021 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

WhatsApp Image 2023-02-25 at 11.24.40

Үш бөлімнен тұратын ауқымды іс-шараның негізгі мақсаты - аудандағы кәсіби және әуесқой  суретшілердің шығармашылығын бұқараға дәріптеу, суретшілерге мотивация беру, олардың жұмыс жасау әдістемесіне жаңашылдық еңгізу, заманауи инновациялық технологиялармен, материалдармен таныстыру, аудан мәдениетін, өнерін дамыту.

WhatsApp Image 2023-02-25 at 11.24.38

-Суретшілік – ұлы өнер. Бәйтеректе талантты қолөнер, қылқалам шеберлері бар. Ауданымыздың өнер сүйер қауымы үшін ерекше тарту болған бұл жоба біздің суретшілердің шығармашылығының дамуына тың серпіліс беретін ауқымды дүние деп санаймын. Жалпы бұл жобаға қатысқан да арманда, қатыспаған да арманда шығар, - деді іс-шараның ашылуында сөз алған аудан әкімі аппатарының басшысы Нұржан Дүзбатыр.

WhatsApp Image 2023-02-25 at 11.24.39

Облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Батырхан Қайыров өз сөзінде Бәйтерек мәдениеті жоғары деңгейде дамыған аудандардың бірі екенін айтып, аудандық мәдени-демалыс орталығы жұмысына жоғары баға берді. Ал Қазақстан Суретшілер одағы мүшесі Мэлс Отаров бейнелеу өнері бойынша осы іспеттес көрмелер, кездесулер, шеберлік сағаттары жиі өткізілсе деген ұсынысын да білдірді.

WhatsApp Image 2023-02-25 at 11.24.39 (2)

Іс-шараның бірінші бөлімінде жергілікті суретшілердің туындылары қойылған көрме көпшілік назарына ұсынылды. Онда ауданның 17 қылқалам шеберінің суреттері қойылды. Олардың ішінде 15 жасар Лейла Мустафина, (Трекин ауылы), 19 жасар Алина Страмаусова (Үлкен Шаған ауылы), 17 жасар Ульяна Халфаева (Аманат ауылы), 25 жасар Марлен Оразақай (Асан ауылы), 45 жасар Гүлсім Көшібаева (Қайнар ауылы), 53 жасар Ольга Субботина (Переметный ауылы), аудандық "Шың" сазды-драма театрында орналасқан Бақтияр Жақсымбетовтың "ЖақсыART" жас суретшілер шеберханасының суретшілері, Алматы, Мәскеу, Париж, Милан қалаларындағы халықаралық сурет байқауларының жеңімпаздары Карина Жайлибаева мен Альбина Кажиахметовалардың картиналары бар. Көрме барысында режиссер Әліби Жаңабіловтың голограммалық презентациясы көрсетілді.

WhatsApp Image 2023-02-25 at 11.24.40 (2)

Екінші бөлім Гүлфайруз Ысмайылова, Айша Ғалымбаева, тұңғыш суретші Шоқан Уәлиханов, Әбілхан Қастеев, Ағымсалы Дүзелханов, мультипликатор Әмен Қайдаров және жерлес суретшілеріміз Сәкен Ғұмаров, Қайыр Оразғалиев, Бауыржан Нұрашев, Хайдар Шаблиев және тағы басқа қазақ суретшілерінің шығармашылығы жайлы әдемі диалог ретінде өрбіді. Суретшілер одағының мүшелері қазақ даласында болған қағанаттардың, хандықтардың суретші-зергерлері, сол кезеңнің мәдениеті мен өнері жайында мол мағлұматпен бөлісті. Сонымен қатар Еуропа мәдениеті, соның ішінде ренессанс дәуіріндегі суретшілер Леонардо да Винчи, Микеланджело Буонаротти, Рафаэль Санти, Франциско Гоя, Чимабуэ, Сандро Боттичелли, Андреа Вероокьо шығармашылығы туралы сөз сабақталды. Заманауи ағымдар, абстракция, кубизм, кич сол бағыттарда жұмыстанған суретшілер Пабло Пикассо, Сальвадор Дали туралы және басқа да тақырыптар төңірегінде пікір алмасты.

WhatsApp Image 2023-02-25 at 11.24.40 (3)

Ал үшінші бөлімде Суретшілер одағының мүшелері Мэлс Отаров пен Жеңісбек Өтешов шеберлік сағатын өткізді. Мэлс Тасқалиұлы гипстен мүсін құйса, Жеңісбек Қалиұлы жерлес өнерпаз Аягөз Бейсованың портретін "құрғақ қылқалам" техникасымен айнытпай салып шығып, көрерменді тәнті етті.

Іс-шара соңында аудандық мәдени-демалыс орталығының әдістемелік бөлім меңгерушісі Амангүл Намазова осы кешке арнайы келген мәртебелі меймандаға ризашылығын білдіріп, көрмеге картиналары қойылған жергілікті суретшілерге алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті.

 

Нұрсәуле Әбілпейсова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале