14.04.2024, 21:13
Оқылды: 50

Сын сағатта мызғымас бірлік керек

Бәйтерек ауданына қарасты Мичурин ауылында су тасқынына байланысты тұрғындар жиналып киіз үй құрып, құрбандыққа мал шалып, садақа берді.

InShot_20240414_210839076

Асан мешітінің бас имамы Мұратбек қажы Жақатов Құран оқып, дұға жасаған соң су тасқынына дайындық, елдің ауызбірлігі, мұндай садақаны берудің маңызы туралы уағыз айтты.

- Кезінде Нұқ пайғамбар су тасқыны болатынын мәлімдеп, құмның үстінде кеме жасағанда көпшілік оны мазақтап, күлген еді, артынан топан су келгенде олар суға кетті. Ал Нұқтың соңынан еріп, кемесіне мінгендер аман қалды. Бізде де бөгетті биіктетіп, ұзартайық дегенде өзен суының төмендігін, басқа да мәселелерді айтындар бар. Содан сақтанып, уақыт, мүмкіндік барда еңбек етіп, тасқынды алдын алу іс-шараларын жүргізген абзал. Әр нәрсе Алланың қалауымен болады. Егер әр дайым күнә-қателіктеріміз үшін Жаратушы Иемізден кешірім сұрап жүрсек, мейірімін танытатыны анық. Жалпы судың пайдасы көп екені белігілі. Су жоқ болса да жаман. Сол себепті Алла Тағала Ресейден келе жатқан мол судың көпке зиянын тигізбей, өзінің орнымен қажет жерлерге қарай ағуына, өзен-көлдерімізді толтыруға нәсіп етсін, - деді Мұратбек Каспиұлы.

InShot_20240414_210855459

 Садақада сөз алған ауыл әкімі Максим Мусалимов атап өткендей, қазіргі таңда Мичурин округі аумағында судан төніп тұрған қауіп жоқ. 13 сәуірдегі жағдай бойынша ауылдың тұсындағы Шаған өзенінің деңгейі 58 см-ге төмендеген. Жалпы су тасқының бірінші кезеңінде саяжайлардағы тек өзеннің аңғарында орналасқан 7-8 үйге су кірген. «Осы сәтті пайдаланып, ауылдастарыма алғыс айтқым келеді,-деді Максим Болатұлы.-Кеше қарғын судың құрсауында қалған кезде ауылдың жастары, ересектері, әйел адамдар бар көптеген тұрғындар шығып, қапқа құм толтырды, техникасы барлар топырақ тасып, су сорып, өзге де жұмыстарды жасап үлкен көмек көрсетті. Енді міне, тұрғындар өздері ұсыныс көтеріп, ақша жинап, осындай садаққа беріліп жатыр. Ниетімізді Алла Тағала қабыл етсін».

Садақада ауылдың үлкендері ел бірлігі қазіргі қиындықты еңсеру арқылы айқындалатынын жеткізді. Талай нәубетті бастан кешкен қазақ елінің тарихында бұдан да күрделі кезеңдер болды, сонда ортақ мүдде жолындағы табандылық басқа түскен ауыртпалықты жеңіуге мүмкіндік бергені анық. Бұл жолы да солай болары белгілі. Жиналған жұртшылық мың өліп мың тірілген текті халықтың ұрпағы осы сынақты да ел болып еңсеретініне сенім білдіріп тарасты.

Серік Маратұлы, 

Бәйтерек ауданы

Мичурин ауылдық округі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале