21.01.2022, 12:00
Оқылды: 109

«Сырым ауданы: бір күнде 8 адам»

Жыл басталысымен «COVID-19» індетінен құтыламыз ба деп отырғанда елде «омикрон» ошағы үдеп кетті.

Статистикаға сүйенсек, бір тәуліктің өзінде дерт дендегендердің саны 10 мыңдай адамды құраған. Бірер күннің ішінде-ақ біздің Батыс Қазақстан облысы «сары» аймақтан «қызыл» аймаққа өтіп үлгерді.

B49C6C4C-B750-4B5E-82C6-46BF969E7260

Алты құрлыққа ауыз салған «омикрон»

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сүйенер болсақ, омикрон штамы мен дельта штамының айырмашылығы жер мен көктей. Бұл деген сөз, дельта штамы 4-5 күнде жұғатын болса, омикрон штамы келесі адамға небәрі 2 күнде жұғады. Демек, омикрон штамы дельта штамынан 70 пайызға тез тарайды.
Аталмыш індет жайлы,
- «Омикрон» белгілерінің «Дельта» штамынан туындаған белгілерден айырмашылығы, омикронды жұқтырғандарды көбінесе әлсіздік пен бас ауруы мазаласа, ал иіс және дәмді сезбеу әлдеқайда аз кездеседі. Симптомдары, жалпы алғанда, бұрыннан белгілі маусымдық ЖРВИ кезінде пайда болатындарға көбірек ұқсас: дене қызуының 38 С дейін көтерілуі, кейде одан да жоғары, бұлшықеттер мен буындардың ауруы, мұрынның бітелуі, тамақтың қышуы, түшкіру, жөтелу, тәбеттің төмендеуі. Кейбір науқастарда дене температурасы аса жоғары болуы, ал балаларда бөртпелер пайда болуы байқалады. Ауырған адамдардың көпшілігі инфекцияны жеңіл түрде өткізеді. Дегенмен, бұл вирустың адамдар арасында тезірек таралуында, сонымен қатар бронхы мен өкпеге тез және белсенді әсер етуінде. Бұның барлығы омикронға жеңіл қарамау қажеттігін көрсетеді.

Ғалымдар «омикронның» жұғу қаупі аса жоғары екенін айтып, дабыл қағуда. Таралу жылдамдығы бойынша  «дельта» штамынан 5 есе жоғары болғаны сонша, әр үш-төрт күн сайын індетке шалдыққандардың санын екі есе арттырып отыр.                         .                                           

«Сақтансаң, сақтармын»-демекші, бұрыннан белгілі барлық алдын алу шараларын сақтаған жөн. Ауру белгілері пайда болғаннан бастап мүмкіндігінше тезірек оқшауланып, медициналық көмекке жүгіну және алдын алу бойынша барлық ұсыныстарды қатаң сақтау керек: бетперде тағу, қолды жуу, арақашықтықты сақтау өте маңызды екенін қаперлеріңізге саламыз, - дейді Сырым аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ләззат Мұқанова. 

Індетпен күрес - өз қауіпсіздігіміз

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп текке айтылмаса керек.
Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысымен жұмыс және демалыс күндері сауда орталықтары, сауда үйлері мен сауда желілеріне қоса, спорттық-сауықтыру және фитнес орталықтарға, йога-орталықтарға, бассейндерге, сауналарға, моншаларға кіру «жасыл» статустың (вакцинацияның болуы, сынамалар алынған сәттен бастап 7 тәуліктен аспайтын теріс нәтижесі бар ПТР-тестілеудің болуы, соңғы 3 ай ішінде ауырып жазылған, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдар) болуымен жұмыс режимін шектеусіз жүргізіледі.                                                                                                Қабылдаған шаралар коронавирустың «омикрон» штамының жұғу жылдамдығының жоғары деңгейіне қарсы негізделген.  

Ал ауданымыздағы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда КВИ-дің ауырған ағымына ұшырау қаупі жоғары тәуекел тобындағы медицина қызметкерлері мен 60 жастан жоғары тұлғаларды «Комирнати» (Пфайзер) препаратымен ревакцинациялауға рұқсат берілген. Енгізілген шектеулер елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға, аурулар санының ұлғаю қаупін азайтуға, неғұрлым қатаң шектеу шараларын енгізуге жол бермеуге бағытталған.
2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап аудан бойынша зертханалық жолмен расталған коронавирустық инфекцияның 7 жағдайы тіркелген. 6 - симптомсыз, 1 - симптомды. Олардың 4-уі Жымпиты, 2-уі Қособа, 1-уі Талдыбұлақ ауылдық округтерінен тіркелген.                                                                                        Өткен жылға көз жүгіртер болсақ, 2021 жылы барлығы 450 коронавирустың жұқпасы тіркеліп оның ішінде 57,7% Жымпиты ауылдық округінен.                                                         

 Ревакцинацияның маңызы

Бүгінгі таңда «ревакцинация» өзекті мәселеге айналған. Жасыратыны жоқ, «аузы күйген, үрлеп ішердің» күйін кешіп, вирус жұқтырғаннан кейін ревакцинация алуға ниеттілер артқаны жасырын болмас.
Алайда, күн тәртібінен түспей тұрған бұл мәселе көп адамның саулығы үшін және ең бастысы ұжымдық иммунитет үшін аса маңызды.
Жасыл аймақта еркінсіп жүргенімізде сары аймақ та, артынша  қызыл аймақ та құрсауына түсірді.
Жалпы Сырым ауданы бойынша ревакцинация көрсеткішін білмекке аудандық аурухананың бас медбикесі Әсел Қалбаеваның пікірін білдік.
Оның айтуынша, коронавирусқа қарсы вакцинация аурушаңдықты және соның салдарынан өлімді азайтады. Бұл бізге әдеттегі өмір салтымызға карантиндік шектеусіз оралуға мүмкіндік береді.
Аудан бойынша жалпы 10363 адам екпе алу керек болса, қазіргі таңда аудан бойынша  жалпы 1-дозаны-6279 екпе алуға жататын халықтың - 60,1%ы, 2-дозаны -5933 адам  94,4% алып отыр.
- «Ревакцинация»-бұл коронавирустық инфекцияға қарсы иммундық жүйені нығайту. Біз соңғы екі жылда коронавирустық инфекцияның қаншалықты ауыр екенін және оның салдары қандай екенін білеміз (ағзаны ұзақ қалпына келтіру және оңалту). Қатарлас аурулары барлар мен жас контингент қауіп тобына жатады. Коронавирустық инфекцияға қарсы 100% вакцинация мен ревакцинацияға қол жеткізе отырып, біз халықты қорғауды қамтамасыз етіп, вирустың таралуын тоқтата аламыз.
Ревакцинация коронавирустық инфекцияға қарсы толық курсын аяқтаған 2 дозадан кейін 6 ай болғандарға 1 рет жүргізіледі.
Ревакцинация қазіргі таңда «KazVac», «Verocell» вакциналары 905 адамға жасалды. Аталмыш екпені қабылдауда аудан орталығынан бөлек Аралтөбе, Алғабас ауылдық округтері белсенділік танытса, Талдыбұлақ, Қоңыр, Бұлан, Қособа ауылының халқы салғырттық танытып отырғанын айта кету керек.
Ал ауданымызға өткен жылдың қараша айында келген «Комирнати» (Пфайзер) вакцинасының алғашы дозасы 270 адамға егілсе, 2-дозаны 138 адам қабылдап үлгерді. Алдағы уақытта 12-18 жас аралығында 1208 жасөспірімге, 69 жүкті әйелге, 183 лактация кезеңіндегі әйелдерге егу жоспарланып отыр. 

Ал, алты құрлыққа ауыз салған «омикрон» ауданымызда тіркеле қоймады. Бірақ, босаңсуға боламайды. Олай дейтініміз, ауданда жыл басынан бері 45 адам коронвирус инфекциясын жұқтырған болса, олардың 12-сі жүкті әйелдер, 7-еуі балалар болып отыр. Орта есеппен алғанда күніге 7-8 адам коронавирус инфекциясымен тіркеліп отыр,-дейді Ә.Қалбаева. 

Сөз соңында

Бізге дәл қазір керегі жеке басымыздың қауіпсіздігі мен жақындарымыздың амандығы. Әрине, елді індет жайлаған сәттен бастап халық дел-сал күй кешіп жүргені де белгілі жәйт. Алайда, «Тәртіпке бағынған құл болмайтынын да» естен шығармауымыз керек.
Қауіп неғұрлым күшейген сайын, дерттің құрығына ілініп, қол қусырып, шарасыз отырған жарамас.
Өткен жылдары дельта штамдары мен күрессек, енді басымызға «омикрон» қара бұлттай төніп алды. Бірақ, кез келген аурудың алдын алып, дертке төтеп беру сіз бен біздің иммундық жүйемізге байланысты. Одан бөлек, тек өзіңіздің бас амандығыңыз емес, отбасыңыздың, мектеп пен оқу орындарында оқитын ұл-қыздардың да жайын бір сәтке естен шығармайық. Ел болып, жұрт болып ұжымдық иммунитет қалыптастыруды ертеңге қалдырмай, бүгіннен қолға алғанымыз абзал.

 Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале