7.09.2024, 16:00
Оқылды: 191

Сырым ауданында «Ақбикештің апасы» атты кітаптың таныстырылымы өтті

Сырым ауданы Шағырлой ауылында нәзік жанды қаламгер Айгүл Ахметованың «Ақбикештің апасы» атты кітабының таныстырылымы өтті. Кездесуді ақын, ұстаз Санат Кәрімов жүргізді.

IMG_1151

Айгүл Жолсарықызы 30 жылдай журналистика саласында еңбек етіп келеді. Бөрлі ауданындағы «Будни Аксая», «Бөрлі жаршысы – Бурлинские вести» газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің Бөрлі ауданы бойынша тілшісі, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Заңғар» газетінде редактор, «Жайық Пресс» медахолдингінің ақпараттық агенттігінде сайттың шығарушы редакторы, республикалық «Қазақстан дәуірі» қоғамдық-саяси газетінің БҚО бойынша меншікті тілшісі болып қызмет етті. Бүгінде қаламы жүйрік журналист «Заң-медиа» корпорациясының «Заң» газетінің және “Alatau Aqparat” медиахолдингінің “Вечерний Алматы” газетінің сайтының тілшісі болып еңбек етуде.

IMG_1250

Айгүл Ахметова — Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «ҚР Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.

Тағылымды шараға автордың ата-анасы, туыстары, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Тимур Кубаев, С. Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева, М. Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Айнұр Уалиахметова, Сарой ауылдық округінің әкімі Айбол Жакиев, Абай орта мектеп-балабақша кешенінің директоры Гүлмира Еркетілеуова, ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары қатысты.

Мектеп мұражайының жетекшісі Күлаш Сапиқызы Майра Зияшева туралы деректермен таныстырды. Кітаптың жинақтап жазылуы туралы бейнеролик көрсетілді.

IMG_1238

Кітаптың лентасын қию рәсімін Айгүл Ахметованың әкесі Жолсары Құсанұлы, тарышы Майра Зияшеваның ұлы Дастан Зияшев, Сарой ауылдық округінің әкімі Айбол Жакиев жасады.

Автор Айгүл Жолсарықызының айтуынша, Ақбикеш деген тарының сорты екен. Бұл сортты «ақ тарының анасы» атанған әжесі Майра Зияшева Ақтөбеге барып, Шығанақ Берсиевтен арнайы әкеліп, Коминтерн даласында жайқалта өсірген. Майра бастаған звено қыз-келіншектері гектарына 200 пұтқа дейін өнім алып, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Кітапта тек Майра әжей ғана емес, бұрынғы Коминтерн колхозының еңбек адамдары туралы да жинақталған деректер, соғыстан кейінгі жылдардағы мақалалар енгізілді.

— Сексенінші жылдардың орта шамасында əжемнің өзінің суреттерін, барлық грамоталары мен «Құрмет белгісі» орденін кітапшасымен қоса аудандық музейге бергенін білемін. Өйткені бұл құжаттарды жоғарғы сыныптарда оқып жүргенде, мектепте ашылған тарихи-өлкетану музейінің сөресінен көріп, мақтанып жүретінмін. Кейін солардан көз жазып қалдық. 2018 жылдың жазында арнайы іздеп барғанмен, аудандық музейдің басшысы Айнагүл Ойшыбаева екеуміз əрі қарап, бері қарап, ештеңе таба алмадық.

Іздеу жұмыстарымның бір бағытын ғасырлық тойын атап өткен облыстық «Орал өңірі» газетінің мұрағатын ақтарумен жалғастырдым. Алғашқы əрекеттерім нəтижесіз болған жоқ. Мерейтойға орай жасалған жүз жылдық тігіндінің электрондық нұсқасын ақтарып отырып, 1947 жылдың 17 маусымында жарық көрген «Екпінді құрылыс» газетінің алғашқы бетіндегі «Гектарынан 120 пұт өнім алу үшін күресудеміз» деген мамамның мақаласын көргендегі қуаныш сезімімді айтып жеткізе алмаспын. Бұл қуаныш менің әрі қарайғы ізденісімнің бастамасы болды. Кейін тағы біраз мақалалар таптым. Әжемнің дүниеден өткеніне 30 жыл толуына орай қолдағы бар мақалаларды жинақ етіп, Майра мамамды көріп-білген, таныған жандарға, жалпы оқырманға ұсынуды жөн деп таптым. Жинаққа 1945-1948 жылдар аралығында облыстық «Екпінді құрылыс» (қазіргі «Орал өңірі» газетінде жарияланған мақалалар енгізілді. Осынау еш жерде кездеспейтін құнды деректерді берісі Алматы, әрісі Мәскеу мен Санкт-Петербургтің мұрағаттарынан іздеп тауып, тұтас бір ғасырлық тігіндісін жинақтауға зор үлес қосқан өлкемізге есімдері кеңінен таныс баспасөз тарихын зерттеуші Жантас Сафуллин мен журналист Қазбек Құттымұратұлына айрықша алғысымды білдіремін,- дейді Айгүл Жолсарықызы.

Оқушылар авторға сұрақтар қойды, өнер көрсетті. Ұрпақтар сабақтастығымен, Отбасы күнімен орайластырылған шара Президенттің кітап оқу тапсырмасымен үндесті.

IMG_1262

Айгүл Жолсарықызы «Ақбикештің апасы» кітабын бес данадан аудандық С. Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейіне, М.Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне, Шағырлой ауылдық кітапханасына, Абай орта мектеп-балабақша кешенінің кітапханасы мен музейіне табыс етті.

Шарадан кейін Майра Зияшеваға арнап ас беріліп, құран бағышталды.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале