27.01.2022, 11:40
Оқылды: 245

Сырым ауданында қыстақ қалыпты, жем-шөп жеткілікті

Қыс орталанып қалды. Ақ көрпе жамылған далаға, аспаннан қалықтай құлаған қарға қарасаң, жаныңды тыныштық тербейді. Ал, қыстақтардың басында тыныштық жоқ, еңбек қайнап жатыр. Шаруақор ағайынның басты мақсаты – малының басын ауру-сырқауға ұрындырмай, ашықтырмай, төлін ерткізіп, көкке жеткізу.

57564AF7-1DEC-44C8-9FC0-C9BE667E8DB7

Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің маманы Ахат Аралбаевтың берген мәліметіне сүйенсек, ауданда 133 қыстақта 51 106 ірі қара, 84 862  ұсақ мал, 26 084 жылқы мен 97 түйе қыстатылуда. Жем-шөп жеткілікті. Аула мен қоймада әлі 64, 2 пайызы азық қоры бар. Қожалықтардың басына көлік еркін жетеді, жол ашық.

F27A3E72-5D90-4E6D-9AB0-59BBDB5CECAF

Кеше Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Шолақаңқаты ауылдық округінде болып, қыстақтарды аралады.

Аңқатыдағы «Жасдәурен» шаруа қожалығында 100 бас ірі қара қыстаққа кірген. 200 бас жылқының дені маңайды тебіндеп жүр, ал жас байталдар аулаға әкелініпті.

- Қыс жайлы. Азықты өзіміз қамдадық. 2000 бума шөп жетеді деген жоспар бар.  Қыстақта күндізгі және түнгі ауысыммен 3 адам еңбек етуде. Мал шаруашылығының бордақылау бағытына бет бұрғанымызға 3 жыл болды. Тиімділігі сол, уақыттан ұтамыз. Биыл да сол кәсібімізді жасап жатырмыз. Еңбек ақталады деп сенеміз.  Екпешөп егу ісін де қолға алғымыз келеді. Ол үшін жер керек – дейді қожалық жетекшісі Нұрлан Досанов.

Аудан басшысы қоражайларды аралап көріп, Нұрлан Досановпен жерді жалға алу, малды тұқымдық түрлендіру туралы әңгімелесіп, субсидиялау ережелеріне қатысты ұсыныстарын сұрады.

Төлеген Төреғалиев бұдан бөлек, Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Ерлан Журалиевпен бірге Аңқатыдағы «Раушан», Құспанкөлдегі «Правда», «Абай», Сегізүйдегі «Жайлау», «З. Марксов» шаруашылықтарында болды.

 Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале