15.05.2020, 9:24
Оқылды: 78

«Сырым елін» отбасымен оқиды

 Жасы сексеннің төртеуіндегі жымпитылық ақсақал Өміржан Жасыбаев кітап, газет-журнал оқуға жастайынан құмар болыпты. Мектепте оқып жүрген кезінде өзі де мақала, өлең жазып, жариялап жүріпті. Жазуға шебер болғаны сонша, тіпті Сталинге де хат жазған екен.

8ADF187B-E91B-4B14-8EEE-1CB9C04FF39A

«Қазақ әдебиеті», «Қызыл ту» газеттерін жастанып жатып оқыпты. Бүгінде 1955-56 жылдан бері оқыған газеттері тігіндісі сақталыпты. Бес жүз кітаптан тұратын Өміржан ақсақалдың өзі жинаған отбасылық кітапханасы да бар екен. Бүгінде ауданның ақпарат айнасы, жаңалық жаршысы «Сырым елі» газетін отбасымен оқиды.

Зайыбы  Бижамал Есендияровамен отасқанына биыл тура алпыс жыл, алтын тойға жетіпті. Бижамал ана  сегіз құрсақ көтеріп, бүгінде  2 ұл, 3 қыздары  бар. Олардан алты немере, 9 жиен сүйіп отыр.  Жиеншарлары да бар.

–  Жалғыз анам ержеткізіп, қатарға қосты. Аш-жалаңаш жүрген күніміз де болды. Мектепке бару үшін бір шақырым суды кешіп өтетінбіз. Жас кезімізде Қособада тұрдық. Мал бақтық. Автобазада, заготзернода, ДЭУ-93-те жүргізуші болып жасады. Небір қиындықтарды бастан өткердік.Басымнан қандай қиындық өтсе де, газет-журнал оқуды, рухани азық жинауды тоқтатқан емеспін. Соңғы екі-үш жылдан бері көзімнің көруі нашарлап кетті. Содан бері немерем Ерасыл оқып береді газетті.  Үйімізден аудандық газет «Сырым елі» үзілген емес. Әр санын асыға күтіп, Ерасылыма оқытамын. Аудандық газетте Энгельс Шыңғали, Махмет Қажиахметов, Мүсірбек Айташевтардың ізін бүгінгі редактор Бауыржан  Ширмединұлы, Айжан Амангелдиналар тым тәуір жалғастырып келеді. Мақалаларының мазмұны, жазылуы  көңіліме қонады. Тың тақырыптарды іздеп жазатын жастарға разымын. Қасымда күн ұзаққа қазақ радиосы да қосулы тұрады. Теледидардан  жаңалықтар тыңдаймын, - дейді ақсақал.

«Газет келген сайын атама басынан аяғына дейін оқып беремін»,- дейді немересі Ерасыл. Шыны керек, қазір газет түгілі, ертегі кітап оқитын бала кемде-кем. Үйге келген газеттерді талмай, шаршамай, бала боп телефонға алаңдамай, ата-әжесіне түгел оқып беруі ерлікпен пара-пар десе де болады. Ерасыл Өміржан – Ж.Ерман атындағы айтыс мектебінің шәкірті, өлеңге де ынтасы бар жас. Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің 7-сыныбында оқиды.

Шынар Молданиязова

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале