14.10.2021, 12:42
Оқылды: 122

Сырымда алғаш рет жеке балабақша ашылды

Бүгін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Сырым ауданы орталығы Жымпитыда жеке «Алтын ұя» балабақшасы ашылды.

WhatsApp Image 2021-10-14 at 12.39.50 Балабақшаның ашылу салтанатына аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қатысып:
– Бүгін ауданымыздың тарихында алғаш жеке балабақша ашылуда. ХХІ ғасырда еліміздің дамуында білімнің әсері зор. Сәбилеріміз алғашқы білімін балабақшадан алады.  Білімнің алғашқы іргетасы балабақшада қалыптасады. Сол себепті бүгінде мектепке дейінгі ұйымдарға аса зор көңіл бөлінуде. Елімізде мемлекеттік, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік және жеке балабақшалар бар. Бұл – мектепке дейінгі ұйымдардың  бәсекеге қабілетті, сапалы болуы мақсатында жасап отырған мемлекеттің саясаты. Ауданымызда 0-6 жас аралығында 2000-нан астам бүлдіршіндер бар. Ауылдық округтердегі бөбектер 100 пайыз балабақшамен қамтылып отырғанымен, аудан орталығында балабақша қажеттілігі – өзекті мәселе. Ауданда 0-6 жас аралығында кезекте 500 сәби тұр. 2-3 жас аралығында 300 бүлдіршін бар. Үш жастан асқан балалар мектепке дейінгі ұйыммен қамтылып отыр. Ал екі-үш жасар сәбилерді қамтуда мәселе туындайды. Манарбек Қайырбекұлына биыл жеке балабақша ашуға ұсыныс  бергенбіз.  Міне, бүгін уәдесінде тұрып, балабақшаның ашылуында бас қосып отырмыз. Елдің дамуына, жас бүлдіршіндердің мектеп алды оқуына жағдай жасап отырған Манарбек Қайырбекұлына алғысымды білдіремін. Қолға алған жұмысыңның ел игілігін көрсін! Құтты болсын! Бүлдіршіндеріміз алаңсыз өсіп, оқып, тәуелсіз мемлекетіміздің бақытты да білімді азамат-азаматшалары болсын! - деді.

Балабақша тәрбиеленушілері атынан сөз алған «Алтын ұяда» шөбересі тәрбиеленіп жатқан 85 жастағы Кәуия Нұрабалиева, жеке балабақшаның ашылуымен құттықтап, өскелең ұрпаққа заманауи балабақша ашқан азаматтарға ризашығылын, үш жасар шөбересі осында бәрін үйреніп, меңгеріп жатқанын айтты.
«Алтын ұя» балабақшасының меңгерушісі, жеке кәсіпкер Манарбек Жайсұлтанов қонақтарға қош келдіңіздер айтып, жеке «Алтын ұя» балабақшасы  30 бүлдіршінге арналғанын,  алдағы уақытта  балабақшаны кеңейтуге жұмыстанатынын жеткізіп, қолдау білдірген аудан әкімдігі мен аудандық білім беру бөліміне алғысын білдірді.

WhatsApp Image 2021-10-14 at 12.39.50
Балабақша тәрбиеленушісі Әлихан Молданиязов «Қазақ үшін» әнін шырқады. Қуанышқа орай қазақы дәстүрмен шашу шашылды.
Манарбек Қайырбекұлының достарынан Ерлан Шоқанов сөз сөйлеп, жүрекжарды лебізін жеткізіп, достары атынан балабақшаға ойыншықтар табыс етті.
Шара қонақтары ішке кіріп, «Алтын ұя» балабақшасын аралады. Сәбилер қонақтарға арнап, өлең оқып, хормен ән айтты.

WhatsApp Image 2021-10-14 at 12.39.39
Манарбек Қайырбекұлының айтуынша, 30 орындық балабақшаның «Еркем-ай» және «Күншуақ» тобында сәбилер толық қамтылған. 7 қызметкер – екі тәрбиеші, екі көмекші тәрбиеші, бір  әдіскер, бір медбике, аспазшы бар жұмыс жасап жатыр. Балабақша таңғы сағат 8.00-ден бастап, кешкі 18.00-ге дейін, бес күн жұмыс жасайды. Үш мезгіл тамақпен қамтылған. Ата-аналардың ай сайынғы төлейтін ақысы – 14 мың теңге. Балабақшаға бейнебақылау камералары орнатылған.

Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале