7.09.2022, 13:00
Оқылды: 66

Сырымда бір апта бойы той өтеді

Биыл – даңқты батыр, биі, дала демократы Сырым Датұлының туғанына 280 жыл әрі Алаш қайраткері, заңгер Жаһанша Досмұхамедовтың дүниеге келгеніне 135 жыл толды. Екі тұлға да қазақтың қоғамдық-саяси өмірін жаңа арнаға бұрған реформаторлар. Дегенмен, оларды ұлықтау, есімін таныту жұмыстары елдік деңгейге көтеріле алмай тұр.

14

Фото дереккөзі: tolqyn.kz

Қос арыстың туған жері – Сырым ауданы қазіргі уақытта ұлы дүбірдің үстінде отыр. Бұйырса, қыркүйек айының 26-ыншы жұлдызынан бастап бір апта бойы мәдени-көпшілік шаралар өтеді.

Тарихи той белгілі жазушы, аралтөбелік Жәрдем Тілековтың «Дала кемеңгері немесе Сырым туралы сыр!» атты кітабының тұсаукесерімен басталады. Оқырманның есінде болса, Сырым батыр туралы дастан енген бұл жинақтың облыста 22 данасы ғана қалғанын, сондықтан кітапты қайтадан басу керектігін бірер жыл бұрын айтқанбыз. Құнды жинақ баспадан құлпырып қайта шығар күн жақын.

Айшықты шаралар әрі қарай республикалық «Алаш барысы» турнирімен және айтыспен жалғасады. Жымпитыдағы айтысқа қырғыз-қазақ таныған таңдаулы жүйріктер келеді. Қазанның 1-і күні тойтөбеде бәйге өтеді. Осы аралықта көрермендерге аймақтық театрлар фестивалі мен эстрада жұлдыздарының концертін көруге де уақыт табу керек болады. Кеше Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев іс-шаралар жоспарын ресми бекітіп, әріптестерін бабалар бойын жоғары деңгейде атқаруға шақырды.

Қысқасы, тағылымды той, тамаша-қызық іздегендер мизамның соңына қарай Сырым даласына келсін!

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале