22.07.2021, 9:37
Оқылды: 45

Сырымда болашақ әкімдер халықпен кездесті

Сырым ауданында Жосалы ауылдық округінің әкімі лауазымына үміткерлер тұрғындармен кездесті.

IMG_22072021_093355_(1020_x_680_пиксель)
Кеңесте аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Сәкен Мұса ҚР Президентінің 2021 жылғы 24 мамырдағы №41 – 7 санды жарлығына сәйкес, 25 шілдеде барлық деңгейдегі ауылдық округ әкімдерін сайлау өтетінін, бұл сайлаудың ерекшелігі – ауыл әкімін жергілікті мәслихат емес, халық таңдайтынын айтты. Сондықтан тұрғындардан науқанға бей-жай қарамауды, тиісті таңдауларын жасауды сұрады.
Кездесуде кандидаттар Боранбай Сағидуллин мен Батырғали Иманқұлов халыққа өмірбаяндары мен бағдарламаларын таныстырды. Кейін олардың сенімді өкілдері Ержан Кузеев пен Жасталап Меңдалиев сөз сөйледі.

IMG_22072021_093426_(1020_x_680_пиксель)
Қазақстанның халық партиясының атынан сайлауға түскен Боранбай Сағидуллин өзінің бағдарламасында жер мәселесіне баса көңіл аударып, халыққа тиесілі жерді пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз ету, босалқы жерлерді қайтару, жайылым мәселесін шешуді негізгі мақсат ретінде ұсыныпты. Ал «Nur Otan» партиясынан ұсынылған кандидат Батырғали Иманқұлов әкімнің округті дамытуға қатысты негізгі міндеттеріне қоса, Қоңырдың іргесіндеі қоқыс полигонын қоршау, 2023 жылы Beeline ұялы байланыс желісінің интернетін 4G деңгейіне көтеру, Тамды ауылындағы клубты жөндеу, қоғамдық монша ашу, халықты егін және бақша шаруашылығына тарту сияқты жеке бастамалары барын айтты. Қос үміткердің де сайлауалды бағдарламасы «Сырым елі» газетінде жарияланды.
Кандидаттармен кездесуге Жосалы ауылдық округінің активі, ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес мүшелері, шаруашылық басшылары мен тұрғындар қатысты. Олар әкімдікке ниетті азаматтарға сұрақ қойып, бағдарламаларын жаңа ұсыныстармен толықтырды. Мәселен, кіреберіс жолдың бойына қар ұстау үшін ағаш егу, ауыл мектебін жөндеу сияқты мәселелер айтылды. Жосалылықтар болашақ әкімге іскерлік, жаңашылдық, бастамашылдық және ауыл үшін жанкештілік деген талаптарды қойып отыр.
Үміткерлер осы күні Тамды елді мекенінің тұрғындарымен, кейін округтегі еңбек ұжымдарымен жүздесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

Бауыржан Ширмединұлы, 
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале