Сырым аудандық білім беру бөлімінің Қ.Мырзалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде «Қаңтарда туған қыран» атты телекөпір өтті.
Қадыр шығармаларын жан-жақты талдай отырып ақынды тұлға ретінде, қоғам қайраткері ретінде көрсету, ұлы тұлғаларға тағзым ету және келешек ұрпаққа шығармаларын насихаттау мақсатында өткен жиында Жымпитыдағы ақын мектебі Орал қаласы Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы және Астана қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы Бином мектеп-лицейімен онлайн қосылып, қаламгер шығармашылығы хақында ой бөлісті. Шараға 9-10 сынып оқушылары, тарих, қазақ тілі пәні ұстаздары қатысты.
Телекөпір бірыңғай сұхбат түрінде өтпеді. Өз кезегінде әр тарап ақын өлеңдерін оқып, сөзіне жазылған әндері шырқалды. Сонымен қатар, Қ.Мырзалиев мектебінің арнайы дайындаған бейнеролигі көрсетілді.
Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы жуырда «Дәуір дарабозы» жобасын бастады. Жоба туралы толығырық директор Серік Тоқмамбетов айтып, қорытынды сөз сөйледі.
Қоңдыкер Елеуов,
Сырым ауданы