3.08.2021, 17:49
Оқылды: 61

Сырымда «Қанатты ару» байқауы өтті

Қазақ «қонағының жүгі» - қыз жасауына аса мән берген. «Жасаусыз қыз болмайды, жабдықсыз үй болмайды» деген сөз содан қалса керек. Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі аудандық «Демалыс орталығы» МКҚК қолдауымен Талдыбұлақ, Тасқұдық ауылдық мәдениет үйлерінің ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткен «Қанатты ару» байқауы да – заманның қалтарысынан қазақылық, қыздың бойынан қылық іздеген ерекше байқау болды.

DSC_0280

Тасқұдық ауылының жайлауында, ашық аспан астында, көк кілемнің үстінде өткен байқаудың ашылу салтанатында аудандық мәдениет тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы С.Нұрпейісов, Елтай, Талдыбұлақ ауылдық округтерінің әкімдері Р.Байров, Д.Танзенов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сайысқа аудандық құрақ көрпе, қолөнер байқауларының жеңімпаздары Н. Ербөлекова, М. Сақтағанова және Жымпиты халықтық театрының қоюшы режиссеры, актер С.Утегалиев төрелік етуге сайланды.

DSC_0276

Аталмыш байқау 3 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар қыз жасауынан көрме дайындады. Екінші кезеңде «Қыз - жат жұрттық» тақырыбындағы қыз бен оның жеңгесі арасындағы тәрбие, ақыл - сыр мектебінің деңгейі сараланды.  Үшінші кезеңде «Қыздың тәрбиесі - ұлттың тәрбиесі» қыз баланың өнері бойынша сынға түсті. Байқауға қыз бен жеңгесінен құралған 9 жұп қатысып, бақтарын сынады.

Бас жүлде тоғанастық Р.Мұхатова мен Ж.Несіпқалиеваға бұйырды. І орын бұландық А.Магний мен Г.Сағидоқасқа,  ІІ орын Тасқұдық ауылындағы А.Ермұханова мен А.Ержановаға берілді. Ал ІІІ орынды алғабастық С.Қарағойшина мен Г.Қайрат иеленді.  Сонымен қатар «Парасатты қыз» аталымы бойынша бұландық ару Г.Сағидоқас, «Жайдарлы жеңге» аталымымен Р.Мұхатова марапатталды.

DSC_0285

Осыған дейін «Қыз сыны», «Қазақ аруы» сияқты сән көрсетіліміне ұқсайтын байқаулар өтіп келді. «Қанатты ару» - ақыл мен тәрбиені қанат қылған қыздарды үлгі ететін, жеңге мен қайын сіңлі арасындағы туыстық қарым-қатынасты нығайтайтын жаңа жоба.

Шаттық Төлеуішова,

Сырым аудандық мәдени - демалыс жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің әдіскері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале