24.10.2024, 15:50
Оқылды: 218

Сырымда жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді

Бүгін 25 қазан – Республика күніне орай Сырым ауданында 30 пәтерлі тұрғын үй кешені пайдалануға берілді.

IMG_5734

Көктемдегі су тасқыны Өлеңтідегі үйлерге де, әлеуметтік нысандарға да зардабын тигізді. Арнасынан асқан өзен суы ауылға жайылып, А. Бердіғалиев көшесіндегі біраз жанның жылы панасы, көп жанұяның құтты мекені болған жатақхана көлкіген судың ортасында қалды.

Төтенше жағдай уағында зардап шеккені себепті нысан қайта салынды. Жаңа кешен бұрынғы жатақхананың іргесінен, яғни Өлеңті ауылы, А. Бердіғалиев көшесінен бой көтерді.

IMG_5717

Альбина Алишева жетекшілік ететін «ShineProject» жобалаушы компаниясы тұрғынжайды әсем әрі ыңғайлы жобалады. «ShineProject» ұсынған суреттегі ғимаратты мердігер «Profline Constraction» ЖШС 4 айда қалқайтып тұрғызды. 

Серіктестік ең білікті құрылысшыларды, шынайы шеберлерді, кәсіби бригадаларды жұмысқа тартты. 

Таңның атысынан күннің батысына дейін қызмет еткен құрылысшылар «машинасы» 30 пәтерлік тұрғын үй кешенінің құрылысын жылыту маусымына дейін аяқтап үлгерді.

Міне, қазір А. Бердіғалиев көшесіндегі жатақханадан бөлек, Жымпитыдағы Қолғанатов көшесіндегі апатты күйде тұрған үй-жайдың тұрғындары да жаңа шаңыраққа көшіп келіп жатыр. 60-қа жуық оқушы каникулдан кейін мектептеріне жаңа үйден барады. 

Айта кетейік, нысанның жалпы көлемі – 1353,6 шаршы метр. Бір пәтерлі тұрғын үйдің меншігі 45,12 шаршы метрді құрайды. Оның жартысы – тұрғын алаңы. Әр үйдің өзінің дербес ас үйі, қазандығы және санитарлық торабы бар. Жобаның құны – 651 мон теңге. 

Жаңа тұрғын үй кешеніне «Бірлік» деген атау берілді. Үй ауласында балаларға ойын алаңы да салынды.

IMG_5654

– Сырым ауданы ғана емес, биыл Қазақстандағы бірқатар өңір топан судың топалаңын тартты. Тасқын кезінде тұрғын үйлеріміз қирағанмен, тұтастығымыз бұзылған жоқ. Халықтың бірлігінің арқасында сындарлы күндерден сынбай өттік. Өлеңтідегі тұрғын үй кешенін «Бірлік» деп атадық. Бұл, елдің бірлігіне деген құрмет!, - деді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов құттықтау лебізінде. 

Осы сияқты мердігер «Profline Constraction» ЖШС директоры Талғат Қайнекешов ауыл халқына жаңа баспаналардың игілігін тіледі. Талғат Борисұлы құрылыс саласында ғана емес, мәслихат депутаты ретінде де қоғамдық-саяси өмірде де халық тарапының өкілі ретінде белгілі. 

– Тұрғын үй кешенінде көпбалалы аналар, әлеуметтік жағдайы әлжуаз топтағы жанұялар тұратынын түсіндік. Жедел уақытта сапалы дүние жасадық деп ойлаймын, - деді ол.

Салтанатты кілт табыстау рәсімінен кейін «Profline Constraction» ЖШС құрылысшылары Қанат Насенов, Тұрарбек Бисенов, Дәулет Төлеуов және «ShineProject» жобалаушы компаниясының өкілі Елена Бровкина аудан басшысының алғысхатымен марапатталды.

Жаңа кешен 30-ға тарта отбасының баспана мәселесін шешіп отыр. Кілтке ие болғандар арасында Данияр Бақытжанов секілді жас мамандар да бар. Данияр Сырым аудандық полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторы болып еңбек етеді. 

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале