18.04.2022, 17:15
Оқылды: 104

Сырымдық депутаттар жаңа қағиданың «жаңалығын» қабылдай алмады

Осы аптада Сырым аудандық мәслихатының кезекті ХVI сессиясы өтті. Сессия алдындағы комиссия отырысында депутаттар бірқатар мәселелерді талқылады.

FB_IMG_1650260607303

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – Сырым ауданы бойынша азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде қызмет жасайтын әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт саласындағы мамандарға 25% - ға жоғарылатылған лауазымдық еңбекақылар мен тарифтік мөлшерлемелер белгілеу жайы жөнінде Сырым аудандық экономика бөлімінің басшысы Мұса Шалабаев жасады. Мәслихат депутаттары 25% - ға жоғарылатылған лауазымдық еңбекақы тиесілі топтың қатарына аудандағы жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының қызметкерлерін қосуды ұсынды. Өйткені, мемлекеттік жастар саясаты да кейінгі кезде аудиториясынан алыстап, кеңселік қызметке айналып, бір стандартқа түсіп бара жатыр. Жұмыс өнімді әрі игілікті болуы үшін жаңа идеялар, білікті кадрлар қажет. Ал білікті кадрлар айлығы аз қызметке қызықпайды.

Сырым аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Исатаева әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы жаңа құжатты таныстырды.

Жаңа қағида ескісінен несімен ерекшеленеді? Осыған дейін әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған әулет бір мүшесі дүние салған жағдайда жерлеу рәсіміне бір реттік көмек алуға құқылы еді. Енді ондай жәрдем болмайды. 90 жасқа толған жандарға да сыйақы берілмейді. Ең қызығы, бұдан былай тыл ардагерлері мемлекетесебінен санаторлық емдеу – оңалту мекемелеріне жолданбайды. Қария барғысы келген шипажайға өзінің қаражатымен барады. Үкіметтен қамқорлық болмайды. Мәслихат депутаттары жаңа қағиданың дәл осы «жаңалығын» қабылдай алмады.

Осы секілді Сырым ауданы әкімі аппаратының басшысы Медет Мырзаш  Сырым аудандық мәслихатының 2014  жылғы 6 наурыздағы №17-4 санды «Сырым ауданының аумағында бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу және жергілікті қоғамдық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің санын айқындау тәртібі туралы қағидасын бекіту» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесін айтты.

Сессия отырысында округтердің бюджеті туралы мәселелер қаралды. Ауылдың ажары да, базары да бюджетке тікелей байланысты. Ал қаражат ішкі салық есебінен толығады.

-Сондықтан барлық округте салық түсімдерді көбейту жұмыстарын жандандыру қажет! – деді Төлеген Серікқалиұлы.

Отырыста белгілі болғандай, биыл Жымпиты ауылында 10 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынып, 5 көше жарықтандырылады.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале