18.01.2024, 18:00
Оқылды: 22

Сырымдық оқушы республикалық олимпиадада жүлдегер атанды  

Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша қатысқан сырымдық оқушы Талғат Ахонов информатика пәнінен жүлделі III орынды иеленді.

PHOTO-2024-01-18-14-57-41

Ақжолтай жаңалықты Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Досжан Тайшиев бөлісті.

Досжан Ересұлының айтуынша, бұған дейін де біздің оқушылар республикалық олимпиадан олжалы оралған. Бірақ, тарих, әдебиет, құқық пәндері бойынша Талғаттың жеңісінің жөні бөлек. Ол жаратылыстану - математика бағытындағы пәннен дарабоз екенін дәлелдеп отыр.

Талғат Сырым мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы, ғылымға ден қойған жас. Білім додасына дайындаған жетекшісі - Жандос Мендешов.

Айта кетейік, бұл олимпиаданың облыстық кезеңіне Сырым ауданынан 98 оқушы қатысты. Нәтижесінде төрт оқушы өз пәндері бойынша жеңімпаз атанды, төрт шәкірт екінші орынға ие болса, үш бала үшінші орын иегері атанды. Озық білім көрсеткен 10 оқушыға алғысхат берілді.

Республикалық кезеңге Сырым ауданынан аттанған тек Талғат емес. Түгел елдің зияткер әрі шығармашыл оқушылары бақ сынап жатқан білім жарысында жаратылыстану-математика бағыты бойынша Сырымнан үш оқушы, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша екі оқушы қатысып отыр.

Жақсы хабар болар деп Астана жаққа асығып қараймыз.

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале