7.11.2024, 9:45
Оқылды: 185

Сырымдық Сағадат – дөңгелекпен шаруасын дөңгелеткен жан

Алла тағала жаратқан табиғаттың жүйесінде мін, мігір жоқ. Төрт мезгіл өз ерекшелігімен жылма жыл қайталануда. Жайма шуақ жаздан соң, күңіренген күз. Қазіргі уақыт күздің соңғы айы, яғни, ел аузындағы «қара күз». Толассыз жауған жауын, жаңбыр аралас қардан кейінгі көктайғақ көшеде. Осының барлығы күздің өз қызметін аяқтап, кезекті қысқа тапсыруының белгісі емес пе? Табиғат та суығымен ширатып, қылышын сүйреткен қаһарлы қыстың келе жатқанынан хабар беріп жатқандай.

PHOTO-2024-11-06-15-25-39

Алғашқы қармен бірге көлік техникалары қысқа қамданып, бүртік дөңгелектерін тағып жатыр. Шиноларды монтаждайтын қызметтік орындарының барлығы темір тұлпарлардың тұяғын тағалауда.

Ал Жымпитыдағы Сағадаттың көлік жөндеу кешенінде абыр-сабыр баяғыда басталған. Ал кешеннің ресми аты бар ма, жоқ па білмейміз. Жымпитылықтар мешіттің іргесіндегі дөңгелек жөндейтін орталықты «Шиномонтаж Сағадат» деп атайды. Десе дегендей, қашан барсаң Сәкең қызу жұмыс істеп жатады. Дөңгелек резиналарын ауыстыру, ішіндегі желін толықтырып, бүлінген жерін жамап, қолданысқа жарамды етіп беру Сағадаттың қолы,күнделікті тірлігі, тұрақты қызметі. Жұмыс күнінің қауырт екені соншалық, газетке суретке түсіп беруге де уақыт таба алмады.

– Тұтынушыны күттіруге болмайды! – дейді өзі.

Сағадат Рамазанұлының осы салаға төккен тері мен кеткен уақыты аз емес. Отыздан жасы жаңа асқан азамат бала күнінен бизнес сырына қанық, шино қызметіне да 15 жылға жуық ғұмырын арнаған. Таңмен таласып тұрып, іңір түскенше тегершіктердің үлкен кішісіне қарамай бүлінген жерін тауып, шешіп, ауыстыру, жөндеу қызметі өтелгенше күтіп тұрған адамның көзіне ғана оңай.

Сағадат ел ішінде еңбекқорлық, шынайылық, және бір сөзділік секілді жігіттік қасиеттерімен сыйлы. Қызметтік мекенжайы Самара – Шымкент тас жолының бойынша орналасқандықтан, оған күні түсіп келетін келім-кетім кісі көп. Көлігі бұзылып жолда қалған жолаушыларға жасаған жақсылығы жұрт айтады, өзі айтпайды. Халықаралық жолдағы жүргізушілердің алғысына бөленген Сағадаттың жақсылығы біріншіден сауаптан жазылса, екіншіден аудан мәртебесінің көтерілгендігі емес пе?!

Адал еңбектің теріне булығып өскен азамат үлкен шаруа әулеттен шықты. Әкесі Рамазан – күнінде көлік жүргізушісі болған, қазір алпысты алқымдаған ел ағасы. Анасы Шаттық – Қадыр Мырзалиев атындағы мектептің жүрегі, ұлы қызмет атқарған ұстаз.

Қазір екеуі де зейнетте 11 немере, 5 жиен, 1 шөбересінің ортасында. Өмірлік жарынан Сұңғат, Самғат, Самрат, Салидат есімді 4 перзент сүйген Сағадат балалары бауырмал болуды жиі айтып отырады.

Өзі де Асхат, Саламат, Гүлшарат есімді үш бауырымен бүтін құртты бөліп, жарты құртты жарып жеп келеді.  

Оның арқа сүйер биігі, «Жарқын» шаруа қожалығының жетекшісі, «Кілемдер әлемі» дүкенінің иесі және сол секілді қыруар жұмыстың негізін қалаған жатқан жері жарық болғай марқұм Саламат бауыры өмірден озды. Әйтсе де, «Ат тұяғын тай басар» дегендей, бүгінде айтылған 11 немеренің алды шаруаның басында, техника тізгінінде әке ісін жалғауда.

Мамбетқазиевтер әулеті қазір Жымпитыдан зәулім мейрамхана салып жатыр.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале