10.04.2024, 17:30
Оқылды: 59

Сырымдықтар сапта жүр

Жайық жайылып барады. Оның үстіне трансшекаралық өзеннің орыс жеріндегі бастауынан алай – дүлей толқын ойнаған алапат су келе жатыр. Орал қаласы мен оның аумағындағы елді мекендерді су басу қаупі артып тұр.

PHOTO-2024-04-10-11-50-52

Сындарлы күннен сырымдықтар да өткен. Азаматтар ағын судың алдына бірліктен, мейірім мен туған жерге деген махаббаттан бөгет қойды. Су үйлерді құлатты, көшелерді шайды. Бірақ, бірліктің бөгетін бұзып өте алмады. Баспанасына тілсіз жау тиген көп жанұя ағайынының, көршісінің үйінде тұрып жатыр. Эвакуациялық пункттер бар. Бірақ, ел бір – біріне қонақүй, мектеп жағалатып қоймайды ғой.

Жымпитыдағы қауіп сейілді деп жайбарақат жүрмей, сырымдық азаматтар қазір Орал қаласындағы тасқынмен күрес шараларының ортасына кіріп кетті. Кешелі бері сырымдық спортшылар, педагогтар, мәдениет қызметкерлері құм қаптап, жағалаулар мен іргелерді бекіту жұмыстарына қатысты.

Екі қолға күрек ұстап, екі иыққа қап арқалаған нөпір жұрттың арасынан «Қайсар» спорт клубы мен Асқар Шайхиев атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымын, самбодан спорт шебері Ерболат Мұқановты, қазақ күресінен спорт шебері, белгілі жаттықтырушы Ержан Чукуровты, аударыспақтан ҚР күміс жүлдегері Төлеби Қайыржановты, сондай – ақ Орынбасар Серік, Бейбарыс Нұрғалиев, Нұрсұлтан Мырзахметов секілді балуандарды байқап қалдық.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале