10.07.2021, 21:07
Оқылды: 176

Сырымға "күнмен жүретін геленваген" келді

"Жымпитыға алматылық 23 жасар өнертапқыш Никитаның күнмен жүретін геленвагені келе жатыр"- деп хабарлады желі қолданушысы, жерлесіміз Мереке Меңжанов.

1625925698838

Мұны естіген біз де Мереке мырзадан өнертапқыш жігіттің байланыс телефонын алып, локациясын сұрап, "геленвагенді" өз көзімізбен көруге асықтық.

Никита Поддубнов 23 жастағы талдықорғандық жас өнертапқыш. Ол жасап шығарған бұл көлік желі қолданушылары арасында "геленваген" аталып кеткен. Алайда, күн панельдерімен жүретін көліктің аты​ "Fazan".

1625925683499

- Маған электр транспорт қатты ұнайды. Мектеп жасында радиотехника үйірмесіне қатыстым. Кейіннен колледжде радиотелемеханик мамандығы бойынша білім алдым. Білім алу өз алдына, бірде досыма әкесі скутер сыйлаған болатын. Мен де сондай "скутерім болса" деп армандадым. Бірақ, оны сатып алуға көп ақша қажет екендігін түсінгендіктен, ешкімге салмақ салмай, артық шығынсыз көлік жасап көруге бел байладым.

Санкт-Петербург қаласында 3 жылдай жалғыз өзім тұрдым. Ол жақта осы көлікті жасауға күш жұмсадым. Кей сәттерде достарым да қол ұшын созды. Жалпы Fazan-ды жасап шығуға күн панельдері, мотор дөңгелектер, аккумуляторлар қажет болды, - дейді жас өнертапқыш.

1625925597506

Иә, расымен замандасымыздың табандылығына сүйсіндік. Бірақ, әлеуметтік желіні өз мүддесіне пайдалана білгендігін де айта кетуіміз керек.

"Шығынсыз" дегеннің өзінде күн панельдерімен жүретін көліктің де аз-кем өзіндік шығындары болары сөзсіз. Құпия болмаса, "Fazan" күнкөлігін жасауға қаражатты қайдан алдыңыз? - деген сұрағымызға мынадай жауап алдық.

- Жалпы әлеуметтік желілердің ішінде қолданушысы көп әрі пайдалы контенттер YouTube желісінде болады ғой. Өзім сияқты электронды механикаларға қызығатын әуесқойлардың арналарын қарап отырып, маған да жеке канал ашу ойыма келді. YouTube арнамды "Temnaya faza" деп атадым. Көліктің атауы да соның құрметіне қойылды. Алғашында өзім жасаған шағын техника құрылымдарына түсінік беріп, контент жасап, кейіннен өздігінен шабыт ашылатын болды.

1625925614441

Ал, қаражатқа келетін болсақ, сол арнама жеке есепшоттарымды жазып қойдым. Контенттеріме қызығушылық білдіргендер ақша аударып жатты. Көптің көмегімен жасалған дүние болғандықтан "Fazan-ның" сыртына аударым жасаған адамдардың аттарын жазып қойған дұрыс деп ойладым. Бұл күн панельдерімен жүретін көлікпен Талдықорғанға дейін 3000 шақырымды бағындырмақпын. Әрі шыдамдылығымды шыңдайын, әрі көлікті сынап көрейін деп ниеттендім, - дейді қазақшаға судай Никита замандасымыз.

Сұхбаттасқан Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале