12.05.2021, 10:37
Оқылды: 94

Тағы да "Извините, я не понимаю" туралы

Біреулер “өй, тағы да ма?” деп қолын бір сілтер, біреулер елең етер. Мүмкін мен қазір терлеп-тепшіп осы мәселені қозғап отырғаныммен бұл жазғаным не оқылар, не оқылмас. Оқылса да оқығандарға шыбын шаққан құрлы болмай қалмасы белгісіз. Дегенмен, бүгінгі оқшау ойымыз баяғы тіл мәселесі туралы болмақ.

4A8F4C73-1754-4B1E-9FBB-F51A4F3FAB5A

Қазақтың атақты батыры Бауыржан Момышұлы атамыз «Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес» депті. Сол айтылғандай тіл мәселесі әлі күнге өзекті мәселе болып отыр.

Мұны жазуыма түрткі болып отырған жайт – мынау. Қаламыздағы «Бәйтерек» супермаркетінің біріне керекті азық-түлік алуға кірген едім.

Шұжық, сыр сатылатын бөлімдегі сатушыдан егде жастағы апа, әлдебір шұжықтың бағасын сұрады. Сатушы естімеген болып өз тірлігін жасап тұра берді. Мен қазақ тілді тұтынушыны адам екен демеген сатушыға іштей зығырданым қайнаса да, орыс тілінде сұрағанымда ғана оның "беті бері қарады" да «Я не казашка, не понимаю. Скажите на русском языке» дегені.

Апаға болысып мен де мемлекеттік тіл туралы айтып әлекпін, ал ол... "Орысша сұрай алдың ғой" деді.

Сонда орысша білмейтін адам керек затын ала алмай кету керек пе? Неліктен біз сондайлардың түсінуіне бәрін дайындап, аударып қиналуға тиіспіз?

Үнсіз кеткім келмей, күзетшіге әкімшілік бөліміндегілермен сөйлескім келетінін айттым. Арғы бөлмеден «Мен аға сатушымын, тыңдап тұрмын сізді» деп бір бойжеткен шықты.

«...Әрине, сатушыларды жұмысқа қабылдағанда мемлекеттік тілді меңгергендігіне назар аударамыз. Нағыз түсіндіре алмайтындай жағдай болса, басқа бөлімдегі сатушылар алмасып, көмек көрсетеді. Бұл сатушыға да ескерту жасалады деп қысқа қайырып, тауар қабылдап жатқандықтарын сылтау етті ме әйтеуір, асығыс екендігін жеткізді.

Шынында тұтынушы ретінде бұл жерге тіл сұрап келген жоқпыз, зат алуға келген едік. Осылайша зат алуға келіп, дауға кезіктік... 

Хош... Кейін тұтынушылар жиі баратын қаладағы үлкен «Алтындар», «Лидер», «Sulpak» деп аталатын сауда орындарына да бардым.

Ішке енген бойда көп жағдайда сатушылар әрине  «Чем вам помочь?» деп қарсы алды. Сөзімді қазақ тілінде бастаған соң, кейбірі қазақша жалғастырды, кейбірі мейлінше орыс тілінде сұрағаным оларға жеңіл әрі түсінікті екендігін жеткізді. «Ал маған қазақ тілінде түсініктірек» деген өтінішіме «ладно, подождите» деп қойып, келесі бөлімнен «құтқарушыларын» шақырды.

Осы әрекеттерді сырттай аңғарып тұрса керек, «Sulpak» сауда желісінің супервайзерімін деп таныстырған Мейірімбек есімді азамат:

- Біздің сатушыларымыз екі тіл былай тұрсын, үш тіл біледі. Себебі Ақсай қаласын білесіз, көпұлтты қала. Оның үстіне шетелдік фирмалар жұмыс жасайды. Тұтынушылар арасында шетелдіктер де бар. Біздің сатушылар деген...»

Сатушы қызметкерлерін мақтай жөнелді.

- Иә, дұрыс әрине. Бірақ «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген тағы бар ғой. Қазақша түсіндіргенді ыңғайлы көретін тұтынушылар келсе, «құтқарушы» іздеп кеткеннен гөрі, ыңғайға көшкені жақсы емес пе?

- Әрине келісем, қызметкерлер арасында ешкім білмейді деп айта алмаймын. Мысалы, осында біз Паша деп атайтын орыс жігіті бар. Өкінішке орай оның бүгін демалыс күні. Қазақша сұраған тұтынушыларға ол қазақ тілінде еркін жауап береді. Бірақ біздің ауданда қалай десек те орысша сөйлеген жеңіл екенін мойындауымыз керек сияқты.

Мен де ойымды айта кетейінші. (Сөзге сатушы араласты).

- Есімім Әлібек. Мен қазақпын. Бірақ орыс мектебін аяқтаған маған қазақша сөйлеу қиынның қиыны. Былай түсінем, бірақ...

- Әлібек, сіз жалпы үйренуге талпынып көрдіңіз бе?

- Кешіріңіз, Әлібек емес, атым Алибек...  

Осыдан кейін-ақ, «түсінікті» деп қысқа қайырдым.

Ой пікірлердің көбі осы сарындас. «Әрине, мемлекеттік тілді меңгергендігі басты назарға алынады. Себебі өз жерімізде тұрып, неге қазақша сөйлемеске?!.. Бірақ олар да кінәлі емес қой, толық білмесе де түсінеді, нағыз болмаса, бір-біріне көмек етеді. Онда тұрған не бар?!..» Әдемі тіркестер иә?! Өкінішке орай бұл тек сөз жүзінде ғана.

 Бұл жерде біздің де арандатып отырған ештемеміз жоқ. Не болмаса елде тек сатушылар ғана қазақ тілін меңгерсін деп те жаңалық жасамақ емеспіз.

Дегенмен "Тіл туралы заңның" 4-бабында "Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы" делінген тұсына баса мән беріп, құрметпен қараса дейміз ғой.

Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға аяқ басса да, "Извините, я не понимаю" деп бетіңе бажырайып тұратындар көбеймесе, азаймағанын аңғарасың. 

Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Бұл айтыла-айтыла жауыр болған таптаурын сөз емес, шын мәнінде солай.

Ғалымдардың зерттеуінше, әрбір екі апта сайын әлемде бір тіл жер бетінен жойылып кетеді екен. Ал XXI ғасырдың аяғына қарай қазіргі 6 мыңнан астам тілдің тең жартысы мүлдем қолданылмайтын болады дейді. Онымен бірге сол ұлттар да тарих қойнауына еніп кетеді деген сөз. Бұл қорқынышты сценарийдің кейіпкері болып кетпеу үшін осы елдің азаматымын деген әрбіріміз, мейлі сатушы бол, басқа бол ел құндылығы тілімізді дәріптеп, өз шыңында ұстап тұруға атсалысуымыз қажет-ау.

Сәнім Меңдібай, 

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале