5.05.2021, 11:18
Оқылды: 54

Танктерді өңдеп, соғысқа қосқан майдангер

Елеусін Зинуллин 1946 жылы Орда ауданының Әжен ауылында (№88 түйе зауыты) дүниеге келді. Зерек балдырған кішкене кезінен ауылдың кәрі-жасының жиылып салған ғибратты әңгімесін көңілге тоқып, қисса-жырға сусындап, ауыл өнерпаздарының сызылта шалқыған әндері мен саздарынан нәр алып, мейірін қандыратын. Домбыра тартуды үйреніп, ауылдың қара өлеңін  шырқай жөнелетін. Анасының айтуынша, үш-төрт жасар бүлдіршін кезінде кеудесін кернеген әуенді шырқап, өз омырауын тырналап тастайды екен.

ЗЕЙНОЛЛА АҚЫШЕВ

 

Бала Елеусін бастауыш сыныпта оқып жүргенде күйші Ермек Қазиевтің әкесі Есіл Қазиев олардың шаңырағына келіп, күй тартқанда құйма құлақ бала сол күйлерді қағып алып, тартады екен. Өнерпаз өрен жастайынан ән, домбыра үйірмесіне қатысып, есейген шағында домбыра оркестрінің белді мүшесі болды. «Бармағымнан бал тамып, мәз болмаған күнім жоқ. Бар байлығым балалық, кеше болды, бүгін жоқ», - деп Қадыр ақын айтпақшы, бала Елеусін  әсем сезімді серік қылып, асқақ армандардың өрісіне бет алды. Мектепте, жоғары оқу орнында оқығанда да өнерпаз жастың өнеріне төңірегі ұйып, құлақ түрді. Тарих қойнауына кеткен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңында «Шаттық» атты фольклорлық-отбасылық ансамблін құрды. Екі ұл, екі қызы өнерлі отбасының мақтанышы болды. Елеусін аға халық әндерін  орындаудан бірнеше рет лауреат атанды. Туған ағасы Елемес 1958-1965 жылдары жеңіл атлетикамен шұғылданып, жүз метрге жүгіруден 1958, 1959 жылдары облыс чемпионы болған-ды. Елеусін ағай ағасына еліктеп, спорттық гимнастика, үстел теннисімен үзбей шұғылданып, нәтижесінде аталмыш спорт саласынан спорт шеберлігіне кандидат атанып, І разряд нормасын орындады. Облыс, аудан чемпионы атанды. 1977 жылдан бастап шәкірттерін үстел теннисінен үзбей жаттықтырып келеді. Ұяда тәлім алған қырандары қияға самғап, Манас Сарбалин сынды сайыпқыраны үстел теннисінен республикалық, Роберт Биғалиев, Тахир Қадимов, Эмиль Шамилов, Мереке Ерсайынов, Айсұлу Исмағұлова, Эльмира Салихова сынды көптеген шәкірттері облыстық сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері  атанды. Еңбекқор ағаның жан-жақты болуының түпкі себебі «жүрегі айна, көкірегі көзді, көңілі ояу, жан жарығы мен жан қуаты мол» адамдардың ортасында тәлімді терең сіңдіріп, тәрбиені тыңғылықты алғандығынан-ау деген ой түйдік. Елеусін ағаның өзі болса, осы ойымызды қоштай отырып, адам деген атқа кір келтірмей, абыройлы болып жүруінің себеп-төркіні – өз уақытында адал еңбегімен берекенің бұлағын селдете ағыза білген абзал әкесінің ықпалы деп пайымдайды.

- Әкем Зинолла Ақышев 1904 жылы Орда ауданына қарасты Сүйіндік ауылында дүниеге келген. Жастайынан тұрмыс тауқыметін көріп өскен әкем  елгезек, еңбекқор болатын. Бес-алты жасар бала кезімде кеште әкемнің тізесіне басымды қойып жататынмын. «Ақа» деуші едім, кеште жұмыстан қолы босаған әкем шамның жарығымен құран кітабын жаттаушы еді, жүрекке жағымды сарынның сазы әлі күнге құлағыма келеді. Ол кезде Әжен ауылында тұратынбыз, шаруашылықтан отбасымызға саууға інген берілген болатын. Түйенің шұбатына тойып алған мен інгеннің азығын беріп, суғарып күтуші едім, бұның өзі мені еңбекке төселтудің бір тәсілі екен әкемнің. Жазды күні  сағат он бірлерде ұстаханасында жұмыс істеп жатырған ақама үш-төрт литрлік ыдыспен шалап апаратын едім де, ол сусынды дем алмастан бірден тауысатын. Маған көрікке асылып ойнауға рұқсат беруші еді, ойнымды әбден қандырған менің ұстаханадан шыққанымда басым айналып, көзім қарауытып шығушы еді.  Осыдан-ақ әкемнің жұмысының қаншалықты ауыр екенін білетінмін. Шойын балғамен (кувалда) қызған темірді көмекші балғашы ұрғанда, әкем сәл кішілеу балғамен соғып тұрушы еді. Темірден жалтырай ұшқан ұсақ ұшқындар бет-аузына жабыса қонып жатқанына қарамастан темірді соға беруші еді, әкем жарықтық. Онысы «темірді қызған кезде соқ» деген қағидамен керекті қалыпқа әзірлеп, темірдің сапасын жоймай, «жасық» болып қалмауын қадағалағаны екені ғой ақамның. Фазыл есімді көмекші балғашысы болды, ол келмей, өзі асқа қолын салмайтын, еңбекқор адамды қатты құрметтейтін. Кәнігі металлург секілді темірді қалай, қанша уақытта қыздырып, көріктен алу керек екендігін  жүрегімен сезініп, көзімен көріп тұрушы еді. Арба, тарантас, бесік, үстел, орындық секілді тұрмысқа қажетті жабдықтарды сапалы да сәнді жасаушы еді. Ұстаған жерін лезде көгертіп жіберетін әкем мықты балуан болатын. Тік мінезді, өтірік сөйлеуге жаны қас, «айтылған сөз – атылған  оқ» деп уәдеге берік болатын. Өзінің бауырынан өрбіген екі ұл, екі қызымен бірге бауырмал әкем өз ағасының  бір ұлы мен қызын өсіріп, жетілдірді. 1960 жылдары біздер Бисен ауылында тұрдық, сол ауылда екі молда бар болатын, әр қыстақтың арасы сексен, жүз шақырымнан асады, біреу ауырып, қысылып жатыр деген хабар келсе, ауа райының қандай екендігіне қарамастан атшанамен, трактормен  молданы көмекке зәру адамға өзі алып баратын. Ұсталық қызметіне қажетті бес жәшік құрал-саймандары болушы еді. Зауыттан шыққан жабдықтар қолға түспейтін де, әкем өзіне қажетті қышқыш, іскенже секілді керекті заттарды жасап алатын. 1958 жылы Оралдан облыстық тарихи-өлкетану музейінің  қызметкері үйімізге келіп, өзі таңдап біраз құралдың түрін алып: «Ағай, қаншаға бағалайсыз?», - деп қақын сұрағанда, әкем: «Айнам, мен ештеңені сатпаймын, таңдап ала беріңіз» деп отбасын ғұмыр бойы асырап келе жатқан  құралдарын әншейін беріп жіберген-тін. 2001 жылы Атырау облысында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған Мәлік Еркеғұлов деген жерлес іншегім маған: «Сіздің әкеңіздің қолданған ұсталық құрал-жабдықтарын республикалық тарихи-өлкетану және М.Әуезов атындағы қазақ драма театрының музейінен көрдім, астында «Әйгілі ұста Зинолла Ақышевтің тұтынған құрал-саймандары» деген жазу тұрды деген еді. Ақам  өзінің соғыс кезінде ФЗО-ға алынып, Сталинград қаласындағы трактор зауытында ұста болып жұмыс жасағанын айтып, былай деуші еді: «Сталинградта соғыс жүріп жатыр, жау бомбасы жиі жарылып жатады, біздің оған қарайтын шамамыз жоқ, мақсат – істен шыққан танктерді өңдеп, соғысқа қосу. Бомба зауыт төңірегіне түсіп, құлағым естімей қалып, денсаулығыма байланысты елге қайтарды».

1943 жылы ФЗО-ға жұмыс қолы қажет болып, ауылдық кеңестен он шақты адамды жинағанда бір ықпалы мықты адамның баласының орнына әкемді салып жіберіпті. Сол кезде соғыстан мүгедек боп оралып, «Әженде» бухгалтер болып жұмыс істеп жүрген Ахан Қойбағаров ағай: «Әй, жігіттер, мына Зинолланы қайда жібергелі отырсыңдар? Оның құлағы естімейді, соғыс жүріп жатқан жерде басшылықтың бұйрығын естімей қалса, атып тастайды ғой, бұларың не?» деп осы уәжге тоқтаған лауазымдылар әкемді ауылда қалдырыпты. Әкемді білетін адамдардың «Зинолла – темірден тірі адам жасайтын шебер, алтын қолды адам ғой», - деп мақтап жататынын бала кезімнен естіп өстім. «Айнамкөз» әнін ыңылдап салатын қоңыр даусы жүрегімде әлі күнге күмбірлеп тұр. Иә, «Сұңқардан сұңқар туар саңқылдаған, жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» демекші, беделді әкенің абыройына қылау түсірмеген Елеусін ағаның өзі де бүгінгі күні «алқалы кеңес құрғанда, ақылымен ой табатын» қадірлі ақсақал атанып отыр.

 

 Меңдігүл Фазылова,

штаттан тыс тілші,

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале