10.08.2022, 13:00
Оқылды: 84

Тәнті еткен «Талантты ауыл баласы»

Қазақстан Республикасының  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп  жариялауына орай, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясымен «Талантты ауыл баласы» жобасының ауылішілік байқауы ұйымдастырылуда. Жоба авторы Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі, әнші Еркін Өтегенов.

WhatsApp Image 2022-08-10 at 13.05.43

Жобаның мақсаты - аудан мен ауыл-аймақтардағы талантты балалардың өнерге деген қызығушылықтарын арттырып, эстетикалық тәрбиені жасөспірімдердің бойларына сіңіру, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, есімдерін халыққа таныту болып табылады.

Ағымдағы жылдың 8 тамыз күні  Ақсуат ауылдық клубында, Шыңғырлау ауданы бойынша тәлімгер, өзіміздің жерлесіміз, осы Ақсуат ауылында туып өскен республикалық байқаулардың лауреаты, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының әншісі Дархан Құлбабаевтың қатысуымен «Талантты ауыл баласы» жобасының ауылішілік байқауы ұйымдастырылып өткізілді.

Байқауға Алмаз, Қарағаш, Ақбұлақ, Ақтау, Ащысай ауылдық округтерінен және аудан орталығынан барлығы 7 мен 14 жас аралығындағы 20 өнерге бейім балалар мен жасөспірімдер қатысты. Бабы мен бағы келіскен байқауға қатысушылар арасынан үздіктер де танылды.

Осы ауылішілік байқауда ең үздік деп танылған «Бас жүлде» иегері, ащысайлық Омарғалиева Мейрамгүл «Балалар жылы-2022» жыл қорытындысы бойынша Орал қаласында өтетін, облыстық «Талантты ауыл баласы» жобасы фестиваліне қатысуға жолдама алып, қалған талантты өрендер «Қоңыр дауыс», «Дала дауысы», «Сахна сәні» «Ақсуат дауысы», «Көрермен көзайымы» аталымдары бойынша «Сайын Бекениязов» атындағы арнайы жүлделермен марапатталды. Байқау соңында облыстық филармонияның ақпарат бөлімінің басшысы және аталған жобаның жетекшісі Олжас Сейтімов құттықтау сөз сөйлеп, жобаның биік деңгейде өтуіне атсалысқан жоба тәлімгері Д.Құлбабаевқа, Қарағаш ауылдық округінің әкімі М.Жумиевке, аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры С.Ажғалиев бастаған мәдениет қызметкерлеріне филармония ұжымы атынан алғысын білдірді. Байқаудың қатысушылары мен жүлдегерлері жоба демеушілері атынан арнайы дипломдармен, қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Қалампыр Жұбаниязова,

мәдени-демалыс орталығының әдіскері, 

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале