3.05.2022, 17:15
Оқылды: 59

Тапқырлық пен ой ұшқырлығы сыналды

Мемлекеттік қызметші жан-жақты болуы керек. Халықпен етене жұмыс жасайтын осы сала қызметкерлерінің зияткерлігін, біліктілігімен қоса дүниетанымының кеңдігін, тапқырлығын сарапқа салған «Білімділер додасы» сайысы бастау алды. 

IMG_4578

Ақжайық аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі Ерболат Мұхтарұлы қолға алған бұл бастама өз әріптестерінің арасында қолдауға ие болғанын алғашқы ойыннан-ақ көруге болады. «Өркен» коворкинг орталығында жұмыстан кейін жиналғандар үш топқа бөлініпті.

Ойынның ережесіне сай, бір топта 6 адам болуы керек. Топ мүшелері жүргізушілер қойған сұрақтарға 1 минөт ішінде өзара ақылдасып, жауабын беруі керек. Егер жауапты дәл тапса, ұпай топтың еншісінде, жаңсақ кетсе, ұпай жүргізушінің есебіне жазылады. Айта кету керек, ойынды ұйымдастырған Е.Мұхтарұлы оның жүргізушілігін де қоса алыпты.

Алдымен аудандық мәслихат аппаратының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Мейрамбек Тойекешевтің командасы жүргізушімен тайталасқа шықты. Әп дегенде жеңе бастаған команда мүшелері соңғы сұрақтарда мүдіріп, 6:3 есебімен жеңілді.

Осыдан кейін үстел басына отырған аудан әкімі аппаратының басшысы Рауан Бисенғалиевтің тобы алғашқы сұраққа қате жауап бергенімен, жүргізушінің қалған сұрақтарынан сүрінбей, 1:6 есебімен мерейі тасыды.

Ал аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Әлібек Бакирев бастаған топ алдыңғылардың жеңісті жолын жалғастыра алмай, «әттеген-айлап» қалды.

Өте тартысты өткен ойында топ мүшелеріне біраз тер төгуге тура келді. Себебі сұрақтардың шешімін табу бір қарағанда  қиын көрінгенімен, олардың жауабы астарында. Айталық, сұрақтардың дені логикалық, яғни жауабы сол сұрақтың өзін тереңірек қазбалап, жіті талдасаңыз, өзі-ақ шығады. Бір ғана мысал келтіре кетелік: суы жоқ өзендер, теректері жоқ ормандар, үйлері жоқ қалалар қайда болады? Жауап – глобус не картада.

Әсем Есбек,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале