25.06.2022, 20:14
Оқылды: 58

«Тәрбиелі ұрпақ – келешегі кемел мемлекет»

 Дәл осындай тақырыпта «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Теректі ауданы Подстепный ауылының тұрғындарымен рухани кездесу өтті.

CF955B61-B8C9-45AA-BFC7-B38FB7942819

Жиынға «Жұбан молда» мешітінің бас имамы Бейімбет Дүйсенәлі мен Теректі ауданының теолог маманы Анар Демеутова қатысып, ұрпақ тәрбиесі жөнінде сөз қозғады.

- Парасатты, ізгі тәрбие және тәрбиенің кемелдігі неден басталмақ? Бұл ең әуелі баланың өз ата-анасын сыйлауы, иманды болып өсуі, жанашыр, адал, еңбекқор, кішіпейілділік секілді ізгі қасиеттерді бойға сіңіруі. Есейгенде қоғамға пайдалы азамат болуы. Демек, жас кезінен  теріс қылықтарға үйір болмауы, ешкімнің ала жібін аттамауы. Әдепті болу, қай кезде де текті тәрбиенің жемісін көрсету деген сөз. Міне, мұндай ұрпақ – Абайша айтсақ, ата-ананың көз қуанышы, қызығы мен сүйініші. Жалпы, қазақи тәрбие – нағыз мұсылмандық тәрбиенің ең жарқын мысалы. Ата-бабамыз балаларының бойына ұяттылық, ибалылық, кісінің хақын жемеу, бос сөйлемеу, қанағатшылдық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата-анаға жақсы қарау сынды қасиеттерді сіңірген. Әрдайым үлкендерден бата алудың үлкен абырой екенін айтып отырған. Өзіміз жиі кездестіретін қонақтардың қолына су құйып, батасын алу – түсіне білген жанға тәрбиенің көзі, - деген Бейімбет Жамбылұлы бала тәрбиесіне қатысты қасиетті Құраннан сүрелерді және Пайғамбарымыздың хадистерін айтып өтті. Сонымен қатар, ата-аналардың балаларына бағыт-бағдар беріп, тура жолға нұсқауы қажеттігіне тоқталды. Салт-дәстүр, дініміз бен ұлттық құндылықтарымызды толық меңгерген ұрпақ жарқын болашағымыздың кепілі екенін де мысалдармен түсіндірді.

4D329497-C13F-4D39-ABC7-5DD75C9A6F19

Одан кейін теолог Анар Демеутова қыз баланы тәрбиелеуде әкенің рөлі маңызды екенін, әкесінің махаббатына бөленіп өскен қыз өскенде жылуды өзгеден іздемейтінін айтты. Қызын құрметтеген үйге періштелердің береке тілейтінін де жеткізді.

Кездесуге қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жауап алды. Ұстаздар қауымы оқушылардың ораза ұстауы сабағына кері әсер етпей ме деп уайымдайтындарын да жасырмады. Мектептерде немесе колледждерде қыздардың орамал тағуы, бала тәрбиесіне қатысты салт-дәстүр мен дінімізді ұлықтайтын барлық оқырманға түсінікті кітаптар шығару туралы пікірлер де айтылды.

Кездесу соңында ұтымды сұрақ қойып,  өзекті мәселелерді көтерген белсенді тұрғындар бірлестік атынан естелік сыйлықтармен марапатталды.

 Аяулым Бақтығали,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале