29.07.2021, 11:52
Оқылды: 72

Тарихи ақтаңдақтар ашылмақ

Кеше Бөкей ордасы ауданы әкімдігінде саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін анықтап, тың деректерді жинау мақсатындағы жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.

тарихи

Аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы Асқар Ажығалиев 22 адамнан тұратын аталмыш топ 14 маусымда құрылғанын мәлімдеп, олардың басты міндеті кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санатына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру екенін баса айтты.

–Жасыратыны жоқ, біршама жерлестеріміз қудалаудың қамытын мойнына киіп, оны ашылып айта алмай кетті. Кейбіреулері біреудің жаласымен жанып кетті. Өмірлері тас-талқан болды. Осы кезге дейін сол теперішті көрген үлкендеріміз қорыққанынан тіс жармай келді. Дені дүниеден өтті. Десе де тарихи ақтаңдақты анықтау – солардың ұрпағының міндеті. Сондықтан осы кезге дейін жабулы қазан болған бұл тақырыпты ел ішінен біртіндеп жинақтау қажеттілігі туындауда. Осы ретте бәріміздің жұмыла қызмет етуіміз керек, – деді аудан әкімінің орынбасары әрі жұмыс тобының жетекшісі Мейрамбек Аққалиев.

– Сайқын түбіндегі Мәмбет ауылы барын көбі біледі. Алайда оны қолдан жасалған ашаршылық кезінде бір жерге бар малды ұстап, соның сүтін бір бақырашпен барлық ауыл тұрғынына екі мезгіл үлестіріп, алма бағын салып, бақша отырғызып түгел ауылды аман алып қалған Мәмбет Темірәлиевтің атымен аталғанын біле бермейді. Ашаршылық кезірде осылай азаматтық танытып, елін аштықтан сақтай білген батырлар да болған. Сонымен қатар аштықтан бір уыс масақ ұрлап бірнеше жылға сотталып кеткен жандар да болған. Оны жерлесіміз Қайрат Жұмағалиев өзінің бір туындысына арқау еткен. Осындай тарихи деректерді сол заманның қасіретін көргендерден жинақтауға кешігіп қалдық. Дей тұрғанмен, көзі тірі үлкендерді әңгімеге тартып, соны қағазға түсіруден бастау шарт, - деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Таңатов

Аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева жұмыс қарқын алу үшін Жалпақталдағы мұрағатпен байланыс орнатып, бұл жұмысқа жүйелі кірісу қажеттігін жеткізді әрі көмек көрсетуге әзір екендігін айтты. Жұмыстың соңында жинақталған деректер негізінде шағын жинақ шығаруға ұсыныс тастады.

Раушан Жанатқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале