«Қос домбыра» облыстық домбырашылар байқауының гала-концерті өтті
19 Тамыз 2022

«Қос домбыра» облыстық домбырашылар байқауының гала-концерті өтті

Екі үй отқа оранды
19 Тамыз 2022

Екі үй отқа оранды

Қызыл жалынды ауыздықтау жұмысы жалғасуда
19 Тамыз 2022

Қызыл жалынды ауыздықтау жұмысы жалғасуда

Қазақстанда қанша қала, ауыл бар?
19 Тамыз 2022

Қазақстанда қанша қала, ауыл бар?

«Жұмыс жоқ» дейтін азаматтардың көбінің білімі жоқ – вице-премьер
19 Тамыз 2022

«Жұмыс жоқ» дейтін азаматтардың көбінің білімі жоқ – вице-премьер

Әнге салды Санжар және Айсезім
19 Тамыз 2022

Әнге салды Санжар және Айсезім

Тарихшы, өлкетанушы һәм журналист

Сексеннің сеңгіріне сергек шыққан Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тарихшы-өлкетанушы Амантай аға Хамзиннің бойынан нағыз тарихшының болмысын көреміз. Бұл кісіде сауысқанның сақтығы да, қыранның қырағылығы да бар. Шағын деректің өзін үстірт, жалпылама айта салмайды. Ойын сандық мәліметпен және ғылыми жазбаларға сілтеме жасай отырып жеткізеді. Ешкіммен қақ-соғы жоқ, бос сөз бен қырт әңгімегені жаны сүймейді. Дегенінен танбайтын, айтқанынан қайтпайтын қайсарлығы тағы бар.

WhatsApp Image 2022-06-28 at 09.00.07

Қайсарлық емей немене, ел шетіндегі аядай ауылда туған қаршадай бала жалғыз өзі Ресейдің Перміне барып, оқуға тапсырады. Ол жақта құшағын ашып, тосып отырған тағы ешкімі жоқ. Сонда да емтихандарды жақсы тапсырып, тек конкурстан өте алмайды. Солай екен деп бұрылып кете салмай, ректоратқа дейін жетеді. Ол жердегілер еңбек өтілінің жеткіліксіздігін алға тартады. Келесі жылы ағамыз Ленинградтың Жданов атындағы мемлекеттік университетіне барады. Бұл жолы философия факультетіне тапсырады. Тарихтан «5», ауыз әдебиетінен «4», диктанттан  «3» деген баға алады. Диктанттан алған бағасына келіспей, аппеляцияға беріп, тағы да өзін қорғайды. «Пунктуациядан қателіктер жібергенсің» деп олар да өз дегендерінен таймай­ды. Ақыры, сол жақтан Мәскеу асып, құрылысқа жұмысқа тұрады. Содан араға төрт  жыл салып, Алматыға оралып, ҚазПИ-дің тарих факультетінің студенті атанады. Әңгіме арасында: «Пермьге барып, кейін Ленинград асып, соңында Мәскеуге аялдауыңызға қарағанда орысшаңыз сұмдық боп тұр-ау?» дедік әзіл-шыны аралас.

– Ой, қайдағы? Заңгерлік оқсамағасын, философияға тапсыруымда бір қулық бар еді. Мұнда шығарма емес, диктант жазады.

Осыны бір жеңілдік көрген түрім ғой. Ал орысшама келсек, Валентина Арапова, Зоя Каденова сияқты ұстаздарымның мықтылығы мен талапшылдығының арқасы, – дейді ағамыз ағынан жарылып.

Реті келген соң айта кетелік, Амантай ағамыздың алғашқы мамандығы – бухгалтер-жоспарлаушы. О баста Орал ауыл шаруашылығы техникумында оқып, бухгалтер мамандығын меңгеріпті.

Жалпы кейіпкеріміздің өмір жолы тұнған тарих. Алғашқы еңбек жолын Ордадағы сауықты­ру мектеп-интернатында тәрбиешіліктен бастаған ағамыз қазіргі музей-қорықта да, мемлекеттік қызметте де, аудандық газет редакциясында да айшықты ізін қалдырған. Қай жерге бармасын, бәзбіреулердей тиіп-қашып емес, табан аудармастан он шақты, тіпті одан да көп жылын сарп етіп, еселі еңбек етіпті.

–  Қазіргі музей-қорықтың негізін салған Ахметфайыз Тәжетдиновпен көрші тұрдым. Қолғабыс жасап, қасында жүрдім. Ол кісі майдан­гер, мықты мұғалім, өлке тарихының кемеңгері еді ғой. Менің музей ісіне қызығушылығымды оятып, осында келуіме бірден-бір себепкер болған адам десем, артық айтқаным емес. Жалпы, Файыз ағамыз Ордадан асып, білім қумаса да, осында жер аударылған революционерлерден тіл де, ғылым да, өнер де үйренген. Өзі керемет скрипкашы, шебер фотограф. Оның өрт сөндіру ғимаратының мұнарасынан түсірген Орданың панорамалық суреті әлі күнге мән-маңызын жойған жоқ. Ал зейнеткерлікке шығысымен, 55 фотомен музей жұмысын бастап, бес жыл бойы бір тиын алмастан ақысыз қызмет еткені барша жерлесіне аян. Осылайша біз де сондай жақсылардың жанында жүріп, 18 жыл тапжылмастан музей қорын еселеуге тер төктік қой,  – дейді сөзін қысқа қайырған ағамыз.

Бәрі рас! Сөзге сараң, іске мығым азаматтың сол мұражайда қалдырған қолтаңбасын көз көргендер әлі күнге сүйсіне әңгімелейді. Мұнда ол аға ғылыми қызметкер ретінде көп шаруаның басын қайырған. Кейінгі толқынның «Бас шырақшымыз» деп ерекше құрмет тұтуы да тегін болмаса керек. Енді мұражайдың «Тілек-пікір» кітабына көз салсаңыз, ардақты жанның адресіне айтылған ізгі тілектердің неше біріне кезігесіз. Солардың бірқатарын мақаламызға тұздық есебінде келтіре кетуді жөн көрдік.

(Сол қалпында көшіріліп отыр. Автор):

Орда қаласындағы тарихи-революциялық музейді аралап, көрдік. Осындайлық шет аймақта Орал өңірі ғана емес, қазақ тарихына байланысты қызық та құнды деректер жинақтап, соны үгіттеп, насихаттап отырған Шарап Сиранов ағайға, Амантай Хамзинге  көптен көп рахмет айтып, алғыс сезімімізді білдіреміз.

Рақымғали, Амантай Сатаев,

Жанғали Набиуллин.

16 май,1976 ж.

*    *    *

Бұл тарихи-революциялық музейдің маңызы да, орны да аудан көлемінен әлдеқайда асып жатыр. Сондықтан оған басым көңіл бөлу керек. Музей, әрине, қазірдің өзінде көп қызмет атқарып келеді екен, біраз жұмыс істеген. Осы іске ұйытқы болып отырған жергілікті партия, Совет орындарына зор рақмет. Қысқасы, бұл музей үлкен тәрбие орны, тарихи-революциялық деректерді насихаттаушы болуға тиіс. Істеуге тиіс жұмыстар да ұшан-теңіз. Іске, ізгі іске сәт!

Құрметпен Жұбан Молдағалиев.

08.08. 1978 ж.

*    *    *

Музейдегі тарихи документтермен танысып, ғылыми қызметкер Амантай Хамзиннің өте мазмұнды түсініктемелерін тыңдағанда жас кезімдегі өткен өмір кезеңдері еске түседі. Музей директорының міндетін атқарған А. Тәжетдинов пен қазіргі директор Ш. Сиранов жолдастар басқарып келе жатқан музей коллективінің көп еңбек сіңіргендігі көрініп тұр.

ІІІ сайланған Қазақ ССР депутаты,

дербес пенсионер Мұхамедьяр Ғайсин.

26 июнь, 1977 ж.

 

Кейіннен Амантай аға аудан орталығына, яғни Сайқынға қоныс аударып, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде аға инспектор боп он үш жыл мінсіз қызмет атқарды. Зейнеткерлікке де осы мекемеден шықты. Сол-ақ екен, қызығы мен шыжығы мол газет жұмысына тартылып, бұл іске де білек сыбана кірісіп кетті. Аудандық «Орда жұлдызының» бетінде небір тартымды да тағылымды тарихи материалдардың бет-беттеп жарық көргені де осы кез еді.

– Мен үшін әр тұлғаның тағдыры қызықты. Көп әріге бармай, өзіміздің Алма Оразбаеваны ала­йықшы. Бүкілодақтық сиезде сол апамыз одаққа мүше елдердің ұлттық мүддесі ескерілмейтінін мәселе ғып көтерген. Әрі ол кісі қазақ қоғамындағы келеңсіз жайларды қозғаған тамаша журналист, керемет өнерпаз жан болған. Мұның бәрі ол заманда ерлікпен пара-пар жайттар ғой. Бірақ сүйген жардан, жақын бауырдан сатқындық көріп, тірліктен баз кешіп, өмірінің соңы қайғылы аяқталды. Өкініштісі, өлімі жұмбақ, қайтқан жылы да, сүйегінің қайда қалғаны да белгісіз. Орданың оғландарының тағы бірі – академик Асан Таймановты да індете зерттей алмай келеміз. Он тоғыз жасында институтты аяқтаған терең білім иесінің «Тайманов модулі» атты еңбегі АҚШ-тың Принстон университетінде арнайы оқытылады екен. Новосибирскіде жүрген кезінде өзімен хабарласып, ғылыми еңбегінің көшірмесін алдыртқан едім. Шіркін, осы тұлғамыздың шынайы жоқтаушысы табылып жатса, көрген-білгенімді жеткізер едім. Бөкей ордасының тарихы терең ғой, әлі ашылмаған ақтаңдақтар қаншама?! – дейді кеудесі алтын сандық қазыналы қариямыз.

Өзі тарихшы, өлкетанушы һәм журналист жанның әңгімесі өте әсерлі болуы заңдылық қой. Тек соны тыңдар құлақ пен ұғар жүрек табылып, көңіл күнделігінде сақтай білсе игі. Өйткені уақыт дейтін желмая жүйткіп, алға асып барады. Әкесі майданға алынған соң дәл бір айдан кейін жарық дүние есігін ашқан ұл 80 жасқа толып отыр. «Әкемді көрмесем де, оған қатысты құжаттарды таптым. Қай жерден аттанып, қай майданға түскенін де білдім. Соның өзі жетім көңілге бір медет қой. Айтпақшы, әкемнің қос бауыры – Халел мен Жұмақай да соғыс құрбандары...» деп бір сәт терең ойға берілді. Асыл анасы Мәһида апасы Бақыт екеуін бауырына қысып жүріп, тірлік көшіне ілестіріпті. Соғыстан кейін Нарын даласы әскери полигонға беріліп, Бөкей жұрты жаппай өзге аймаққа көшірілгенде, бұлар да соның бел ортасында кеткен. «Жалғыздың жары - құдай» демекші, көресіні көрсе де, дәм-тұздары таусылмағандары қайта елге оралған көрінеді. Ол - өз алдына бөлек тарих.

Бүгінде Амантай аға мен жары Гүлсара апай қаладағы ұрпақтарына бір табан жақындап, Сайқын - Орал күре жолының іргесіндегі Үлкен Шаған ауылына қоныс аударды. Күні кеше Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Дауымов Хамзиндер шаңырағына арнайы соғып, 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жа­уыпты. Мұны да әлеужеліден көріп-біліп жатырмыз. Жасай  беріңіз, жақсы аға!

Бақыт Дәулетова,

мұражай қызметкері,

Ұлпан Жакина,

журналист,

Бөкей ордасы

ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале