4.09.2026, 12:45
Оқылды: 9

Тарихы терең Казталовта рухани дода басталды

 

Топырағын түртсе, тарихы сөйлейтін, әр белесі өткеннің өнегесін өн бойына сіңірген қасиетті Казталов жерінде кітапсүйер ұрпақтың басын қосқан «Мен оқыған 30 кітап» І республикалық байқауы басталды.

image-04-09-26-12-19-2

Кітап пен білімді, ізденіс пен зердені, оқырмандық мәдениет пен ой тереңдігін тоғыстырған рухани доданың ашылу салтанатына аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, байқаудың әділ қазылар алқасының төрайымы, ақын, ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры, ҚР білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» және Ыбырай Алтынсарин медальдарының, «Парасат» орденінің иегері, «Казталов ауданының Құрметті азаматы» Дариға Мұштанова, журналист, ұлттық тәрбие мен шешендік өнерді насихаттаушы, «Электронды қазақ үй» жобасының авторы, «Ділмар» шешендік өнер мектебінің жетекшісі Жарқын Сәленұлы, тілші, диктор, аудиокітап жасаушы Қуат Ахметжанов және меценаттар қатысты.

image-04-09-26-12-19-12

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын ұлт» идеясын қолдау мақсатында аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы Сарқұловтың бастамасымен 2023 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан тағылымды жоба биыл алғаш рет республикалық деңгейге көтерілді.

image-04-09-26-12-19-11

Бастапқыда аудан көлемінде қолға алынған бастама бүгінде ел өңірлерін жалғаған ауқымды рухани алаңға айналып отыр. Байқауға Маңғыстау, Қарағанды, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан 18 жас оқырман қатысып, өзара бақ сынауда.

image-04-09-26-12-19-7

Байқаудың ашылу салтанатында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов жас оқырмандарды айтулы доданың басталуымен құттықтап, білім бәйгесінде сәттілік тіледі.

image-04-09-26-12-19-6

— Біз бұл жобаны баланы кітап оқуға міндеттейтін байқау ретінде емес, кітапты өмірлік серік етуге, оқығанын түсінуге, талдауға, ой түюге және оны өз өмірімен байланыстыра білуге баулитын рухани алаң ретінде қалыптастыруды көздедік. Абай атамыз: «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге», — деген. Бұл сөздің мәні бүгін де өзекті. Қазіргі таңда баланың назарын телефон мен әлеуметтік желі бөліп әкеткен заманда кітапқа деген қызығушылықты қалыптастыру оңай емес. Сондықтан жас ұрпақты кітапқа жақындататын әрбір игі бастаманың қоғамдық маңызы зор. Бүгінгі байқаудың республикалық деңгейге көтерілуі – біз үшін үлкен мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Кеше ғана Казталовта басталған жоба бүгінде еліміздің әр өңірінен келген жас оқырмандардың басын қосып отыр. Бұл – ортақ рухани құндылықтың, ортақ мақсаттың жеңісі, — деді жоба авторы.

image-04-09-26-12-19-1

Дәл қазір байқауға қатысушылар тестілеу кезеңінен өтіп, өздерінің білімі мен біліктілігін, оқығанын саралап, зердесіне тоқып, түйгенін таразылай білу қабілетін сынауда.

image-04-09-26-12-19-13

Кітаптан басталған бұл рухани сапардың әр жас оқырманның жүрегіне сәуле түсіріп, ойына өріс, сөзіне салмақ, болашағына бағыт берері анық.

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы

 image-04-09-26-12-19-8 image-04-09-26-12-19-4 image-04-09-26-12-19-5

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале