29.06.2020, 13:54
Оқылды: 268

«Тәртіп сақшысы жан-жақты болуы керек»

Тәртіп сақшыларының кәсіби қызметі зор жауапкершілігімен, тәуекелге бел бууымен ерекше құнды. Иә, қоғамда форма киген полицейлердің мәртебелі қызметі қай уақытта болмасын қажетті әрі жауапты мамандық саналған. Ішкі істер органдарындағы халықпен етене жақын жұмыс істейтін қызметкерлердің бірі – учаскелік полиция инспекторлары. Жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген азаматтардың бірі, жаңақалалық учаскелік полиция инспекторы - Сағат Қабдиев.

04951EA7-5955-4B76-98AC-FD3D0E5C54A7

- Полиция қызметкері болу –  менің бала күнімнен бергі арманым еді. Сол арманым орындалды. Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Жалпы бұл қызметті халыққа көп көмегі тиетін сала деп есептеймін, - дейді кейіпкеріміз.

Қызметін үлкен жауапкершілікпен атқарып жүрген Сағат Қайратұлы 1989 жылы Казталов ауданы, Көктерек ауылында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң, 2007 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-технологиялық университетінде оқып, 2011 жылы агрономия мамандығы бойынша оқуын тәмамдайды. Жоғарғы оқу орнында оқып жүріп университет жанынан әскери кафедраға грантқа түсіп, әскери билет алады. Әскери кафедрада әскери тәртіппен жүрген жылдары оның құқық қорғау саласында қызмет жасауына себепші болды. Жары Бағдагүл Бекқалиевамен 2014 жылы отау құрады. Қазіргі таңда 1 ұл, 1 қыз өсіріп отырған жанұя балаларын турашылдыққа тәрбиелеуде.

С.Қабдиевтың ішкі істер органындағы қызметі 2014 жылы Орал қаласы полиция бөлімінің кезекші бөлімінен басталды. Жұмысына тиянақты тәртіп сақшысы 2018 жылы Жаңақала аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына сержанттық топпен келіп, сол жылы ауданға тұрақты жұмысқа орналасады. 2018 жылдан бері Жаңақала ауылдық округі бойынша учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқарып келеді. Оның атқарған тынымсыз еңбегі еленіп 2019-2020 жылдары аудан әкімінің және БҚО полиция департаменті бастығының алғысхатымен марапатталған. Қоғамдық тәртіптің сақталуына зор үлес қосып, осы салада абыройлы еңбек етіп келе жатқан тәртіп сақшысы Сағат Қайратұлы:

- Қызмет барысында әртүрлі жағдайлар кездеседі. Қылмыскерлердің де барлығы бірдей емес, олардың да арасында әбден тіс қаққан, әккі, қулары болады. Алайда полиция олардан да ақылды, айлакер болуы шарт. Сол себепті тәртіп сақшысы заман ағымына сай өзін-өзі ұдайы жетілдіріп, дамытып тұруы қажет. Біздің қызметте эмоция болмауы керек,- дейді ол.

Елдің тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген жауапты мамандық иелерінің жұмысы оңай емес, әрине. Өз ісінің шебері Сағат Қабдиев сынды кәсіби мамандар қатары толыға берсін демекпіз.

Ақсәуле Сексенбайқызы

Жаңақала ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале