Жолдың азабын бір көрсек біз көрген болармыз. Ауыл-аймақ тауқыметін қоса айтқанда Шыңғырлау мен Ақсай бағытына жолға шыққан жолаушылардың табиғаттың тосын мінезі кезінде азап шегіп, көліктері батып, жолаушылар жолда қалған кез әлі есте болар. Араға қанша жыл салынып, Шыңғырлау-Ақсай бағытындағы жолымыз күрделі жөндеуден өткенде бөркімізді аспанға атып айғалайдық, қуандық, жол азабынан құтылдық дестік. Енді міне, елдімекендерге де қатынас жақсарып, асфальт жолдар салынып, халықтың бір көкейтесті мәселесі шешілді. Анау бір жатқан 14 шақырымды жөнге келтіріп алсақ керемет болар еді.

Сурет: архив сайтынан
Біздің айтпағымыз, осы Шыңғырлау-Ақсай бағытындағы тас жолды соңғы кездері ауыр жүк мәшинелерінің «иеленіп» алғандығы. Бұған дейін Шымкент-Самара республикалық маңызы бар үлкен жолмен ағылған ауыр салмақтағы жүк көліктері жолымыздың қолайлылығын қайдан естігендерін бір құдай білсін, бізге қарай бағыттарын өзгертіп алыпты. Жолға шықсаң болды, қарсы келе жатқан, кетіп бара жатқан ауыр көліктерді көресің. Соған орай жол да әр жерден кертіле бастапты. Шын мәнісінде біздің жолмен осы көліктердің жүруіне шектеу қойылуға бір тәртіп бар ма екен? Жылдар бойы жылап жүріп сұрап алған жолымыздан айырылып, баяғы таз қалпымызға түсіп қалмаймыз ба? Әрине, жол болған соң көліктер жүруі тиіс, оны жекешелендіріп алғанымыз жоқ. Әйтсе де осы мәселені аңдап, басын қатырып жатқан тиісті мекемелер, жергілікті басшылық бар ма екен деген сұрақпен аудандық тұрғын үй кешені, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қайырылған болатынбыз. Бізге осы бөлімнің бас маманы Берік Бадьяков былайша жауап қайтарды.
-Иә, республикалық автомобиль жолдарынан ауданымызға тікелей жол салып, Шыңғырлау-Ақсай бағытына бет алып жатқан ауыр жүк көліктерінің қарасы көбейіп отырғанын білеміз. Бұл жолдың сапасының нашарлауына, күн ілгері тозуына өз әсерін тигізбей қоймайды. Негізі біздің жолмен салмағы 8 тоннадан аспайтын ауыр жүк көліктері ғана жүруге тиіс. Осы мәселені біз де назарға алып облыстағы осындай мекемеге арнайы қатынас хат жазып, құлағдар етіп отырмыз. Жол мәселесіне, ауыр көліктердің жолда жүру тәртібіне байланысты бекітілген талаптар назарға алынып, мұндай ауыр көліктердің біздің ауданымыз арқылы қатынас тыйым салынатын оңтайлы шешім шығарылар деп ойлаймыз.
Иә, әрине бәрі де белгілі бір тәртіп, заң аясында болуы тиіс. Бұл тұрғысында аудандық ішкі істер бөлімінің мемлекеттік автомобиль инспекторы Арсен Ғани да өз ойымен бөліскен-тұғын.
- Бізде осы бағыттағы заулаған көліктерді көріп жүрміз, ауыр көліктер жолымызға кесірі тиер ме екен деген ойдамыз. Алайда біз өз тарапымыздан килігіп, ештеңе талап ете алмаймыз. Бұл осы жолдар мәселесін бақылауда ұстайтын арнайы мекемелердің құзырындағы мәселе. Бұл жәйт те көп уақыт өтпей бір шешімі шығарылар деген үміттеміз.
Иә, қара жолда заулаған көлік. Жүргізушілер де өз мәшинелеріне ыңғайлы жолды іздейді-ақ бірақ, нормативті тоннадан жоғары ауыр көліктер асфальтты жаншып, ойықтар мен сызықтар қалдырып жатса, халықтың өзі ілдәлап отырған жол уақытынан бұрын тозып бітетінін біліп отырсақ, мәселенің тез шешім қабылдауына атсалысқан дұрыс. Мысалы республикалық маңызы бар жолдардың өзінде ауыр көліктерге ауа температурасы 25 градустан асқан кезде жүруге тыйым салынады екен. Ал біздің шықпа жаным шықпамен, тесілген жерін жамап-жасқап отырған жолымызға өзіміздің жанымыз ашымаса, өзгелердің ештеңесі кетпесі түсінікті...
Гүлшат Ибрагимқызы,
Шыңғырлау ауданы