Білім күні - әр баланың жүрегінде ерекше із қалдыратын, жаңа оқу жылына жаңа үмітпен қадам басатын айтулы мереке. Бұл күн Тасқала ауданы, Айнабұлақ ауылының тұрғындары үшін биыл тіпті ерекше қуанышпен басталды. Өйткені, ауылда заман талабына сай жабдықталған жаңа мектеп ғимараты ел игілігіне беріліп, білім ордасы өз есігін айқара ашты.

Жаңа оқу жылын жаңа ғимаратта бастау - ауыл балалары үшін ғана емес, ата-ана, ұстаздар мен барша ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Айнабұлақ негізгі орта мектебінің жаңа ғимаратының қолданысқа берілуі - ауылдағы білім беру саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз тапсырмаларында білім саласын дамытуға, әсіресе ауылдық жерлердегі білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға айрықша мән беріп келеді. Осы бағытта Батыс Қазақстан облысында да білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға арналған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Сол игі бастамалардың бірі бүгін Айнабұлақ ауылында пайдалануға беріліп отырған жаңа мектеп ғимараты. Айнабұлақ ауылындағы 60 орынға арналған шағын жинақты мектеп салу жобасы 2025-2026 жылдарға жоспарланып, әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалар аясында «КПО б.в.» компаниясының қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Жобаның тапсырыс берушісі - Батыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасы. Мектептің бас жобалаушысы әрі авторлық қадағалаушысы – «Kaz Service Quality» ЖШС. Жобалау-сметалық құжаттамаға 2024 жылғы 17 маусымда №PROFE-0269/24 сараптаманың оң қорытындысы берілген. Жобаның сараптамасын «PROF-EXPERTISE» ЖШС жүргізген. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2025 жылдың қазан айында басталып, белгіленген талаптарға сай жүргізілді.
Жаңа мектептің ашылуына арналған салтанатты шараға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев, Тасқала ауданының әкімі Талғат Шакиров, облыстық мәслихат депутаты, жерлесіміз Нұртай Жұмашев, «КПО б.в.» компаниясының өкілі Ержан Аубакиров, «Стройорганизация БаКС» ЖШС құрылтайшысы Абылай Нұрмұқанбет, Тасқала аудандық мәслихатының төрағасы Жанар Бисенғалиева, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Саягүл Галиева, ардагер ұстаздар, білім саласының қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Салтанатты шарада алғаш болып сөз алған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев ауыл тұрғындарын айтулы қуанышпен құттықтады.
- Бүгін керемет жерде бас қосып тұрмыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз тапсырмаларында үнемі білім саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Соның нәтижесінде облысымызда бір жылдың ішінде 8 мектеп ашылып жатыр. Бүгіннің өзінде осындай мектептер бес ауылда пайдалануға берілуде. Бұл - үлкен қуаныш. Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының да ауыл тұрғындарына деген үлкен құттықтауын жеткізгім келеді. Еліміздің дамуының арқасында көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Бірнеше жыл бұрын ауылдар мен елді мекендерде 50-ге жуық медициналық орталық ашылған болатын. Қазіргі таңда аудан орталықтарындағы әлеуметтік нысандардың басым бөлігі жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өтіп болды. Енді кезек шағын ауылдарға келіп жатыр.Бұл ауылдың дамуына деген үлкен көңілдің белгісі. Бүгінде еліміздің дамуы, соның ішінде ауылдардың өркендеуі қаламен қатар жүріп келеді. Айнабұлақ ауылында ауыз су, газ мәселесі толық шешілген, кіреберіс тас жол да жөндеуден өтті. Осындай игі жұмыстардың барлығы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Баршаңызға алғысымызды білдіреміз, - деді Мұрат Рахметұлы.
Сонымен қатар Мұрат Рахметұлы мектепке арнайы сый ретінде LED экран тарту етті. Бұл білім ордасының материалдық-техникалық базасын нығайтып, оқу-тәрбие үдерісін заманауи деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік беретін құнды тарту.

Шынында да, соңғы жылдары Айнабұлақ ауылында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Ауыз су мен газ мәселесінің шешілуі, ауылға кіреберіс жолдың жөнделуі тұрғындардың күнделікті өміріне оң өзгеріс әкелсе, жаңа мектептің пайдалануға берілуі ауылдың әлеуметтік әлеуетін одан әрі арттыра түсті. Салтанатты шара барысында ауданның құрметті азаматы, ардагер ұстаз Бақтығұл Тасмағамбетов пен ардагер ұстаз Мұрат Гиметдинов те сөз алып, ақжарма тілектерін білдірді. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен білім саласына арнаған ардагер ұстаздар жаңа мектептің ашылуын ауыл үшін айтулы оқиға деп бағалап, білім алушыларға сәттілік тіледі.Салтанатты сәттің ең маңызды кезеңдерінің бірі - жаңа мектептің кілтін табыстау рәсімі болды.

Мектеп кілтін «Стройорганизация БаКС» ЖШС құрылтайшысы Абылай Нұрмұқанбет Айнабұлақ негізгі мектебінің директоры Қарлығаш Аяпбергеноваға табыстады.
Бұл - құрылыс жұмыстарының аяқталғанын ғана емес, жаңа білім ордасының ендігі жерде ауыл балаларына қызмет ететінін айғақтайтын ерекше сәт болды. Ал жаңа мектептің салтанатты түрде ашылғанын білдіретін лентаны қию құрметі облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев пен ардагер ұстаз Айғаным Исенғалиеваға ұсынылды.

Салтанатты лента қиылып, мектеп есігі ашылған сәтте ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмады. Жаңа білім ордасының табалдырығын аттаған оқушылар үшін бұл күн өмірлеріндегі есте қалар ерекше күндердің біріне айналды. Жаңа мектептің ашылуы - ауыл болашағына салынған инвестиция. Өйткені елдің ертеңі - білімді ұрпақтың қолында. Ал балаға сапалы білім мен қолайлы орта қалыптастыру - мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі.

Осы тұрғыдан алғанда, Айнабұлақ ауылында жаңа мектептің бой көтеруі елді мекеннің болашағына деген сенімнің айқын көрінісі. Мектептің жаңа ғимараты ауыл балаларының сапалы білім алуына кең мүмкіндік беріп қана қоймай, ұстаздардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне, түрлі білім беру жобаларын жүзеге асыруына да қолайлы жағдай жасайды. Оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді өткізуіне, спорттық, шығармашылық және танымдық бағыттағы үйірмелерге қатысуына мүмкіндік молаяды.
Гүлмира Мақанова,
Тасқала ауданы