26.01.2024, 10:45
Оқылды: 72

Тасқала ауданы: такси қызметі талапқа сай ма?

Пенде болған соң жолға шықпай тұра алмайсың. Діттеген жерімізге жету үшін такси қызметіне жүгінетіміз рас. Бірақ кейінгі кезде жиі орын алып жатқан түрлі жол апаты салдарынан қаншама адамның о дүниелік болып кеткенін естігенде көлікке мінгің келмей қалады.

IMG_6500

Сол себептен қажет жерімізге аман-есен барып келгенше уайымдап бітеміз. Ал жол-көлік оқиғасының жиі орын алуына не себеп? Таксистер өз міндетін дұрыс орындап жүр ме? Осындай сауалдардың мазалайтыны да жасырын емес.

Осы мәселе төңірегінде Тасқала аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиеваның төрағалығымен отырыс өтті.

Оның мақсаты – такси қызметін ұсынушы тұлғалардың жауапкершілігін арттыру, қызметін заңдастыру бойынша шаралар қабылдау және профилактикалық жұмыс жүргізу.

Басқосуға аудан әкімінің орынбасары С. Ғалиева, аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Е. Есентаев. аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесі бастығы Ж. Ниталиев, аудандық кірістер басқарамасының басшысы Р. Елеусізов, аудандық тұрғын-үй  коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы. М. Ғұбашев, аудандық «Екпін» газетінің директор-редакторы Т. Тоқмамбетов пен бір топ такси жүргізушісі қатысты.

Жиынды ашқан Жанар Нұрболатқызы БҚО мәслихатының инновациялық даму және кәсіпкерлік мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысының 2024 жылғы 11 қаңтардағы №1 хаттамасында аудандық мәслихаттар жергілікті атқарушы органдар, полиция бөлімдері, салық органдарымен бірлесе күн тәртібінде көрсетілген шараларды қолға алу керектігін тілге тиек етті. Сонымен қатар көлік жүргізушілерін қауіпсіздік шараларын күшейтіп, жол ережесін және көлік жүргізу мәдениетін сақтауға шақырды.

IMG_6508

Өз кезегінде Жасдәурен Ниталиев Тасқала ауданы бойынша тоғыз жол-көлік оқиғасының тіркелгенін, соның салдарынан төрт адам қаза болып, 15 адам әр түрлі дене жарақатын алғанын тілге тиек етті. Жасдәурен Оразғалиұлының берген мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарда 77 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның ішінде 53 адам қайтыс болып, 119 адам жарақат алған. Облыстық және жергілікті маңызды жолдарда 32 факт тіркеліп, оның ішінде 17 адам өмірімен қош айтысса, 37 адам әр түрлі деңгейде жарақат алған. Ал ауыл ішінде темір тұлпар тізгіндегендер арасында 336 жағдай болып, салдарынан 37 адам ажал құшса, 354 адам дене жарақатын алған. Тасқала – Орал республикалық маңызы бар күре жолының бойында бес жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның ішінде үш адам қайтыс болса, 10 адам түрлі дене жарақатын алған. Осыншама жол-көлік оқиғасының себебі неде? Әрине, 58 жағдай дұрыс маневр жасамағандықтан болса, арақашықтықты сақтамау салдарынан 28 оқиға тіркеліп отыр. Ал жылдамдықты асыру салдарынан 65, жолдың қарсы бағытына шығып кетуден 34, жол қиылыстарынан өтуден 99, жаяу жүргінші кесірінен 42, жүргізушінің жауапсыздығынан 403 жағдай тіркелген. Мас күйінде рөлге отырып, көлік жүргізуге қатысты 24 іс тіркеліп, оның ішінде алты адам қайтыс болып, 30 адам жарақат алған.

2023 жылы Тасқала ауданында 24 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін Әкімшілік кодекстің 608-бабымен жазаға тартылып, жеті жылға жүргізуші куәлігімен «қоштасса», екі адам ҚК-тің 346-бабымен бас бостандығынан айырылған. Аудандық полиция бөлімі жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатымен «Қауіпсіз жол», «Құқық тәртібі», «Мас жүргізуші», «Жаяу жүргінші», «Түнгі қаладағы балалар», «Қозғалыс қауіпсіздігі апталығы» профилактикалық іс-шараларын өткізген. Жасдәурен Оразғалиұлы жиын барысында қазіргі таңда шетелдік тіркеуде тұрған автокөліктермен кісі тасымалдауға тыйым салынғанын да айта кетті. Ондай көліктері бар тұлғаларға алдымен қатаң ескерту жасалатынын, ескертуге мән бермеген жағдайда заңды түрде шара қолданылатынын қаперге салды.

Адам тасымалдаумен айналысу үшін заңды түрде құзыретті органдарға тіркелу керектігін де ашып айтты. Алдағы уақытта осы бағытта рейд жүргізілетінін жеткізді. Кейінгі кезде ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдардың жиі жабылуын тілге тиек еткен бөлім басшысы такси жүргізушілерінен осы мәселеге түсіністікпен қарауын сұрады.

Жиында аудандық мемлекеттік кірістер басқарамасының басшысы Ринат Асылбекұлы әр такси жүргізушінің заңды түрде кірістер басқарамасына тіркелуі керектігін ескертті. Басқосу барысында жүргізушілер көкейінде жүрген сауалдарын қойып, жауабын алды.

Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале