14.07.2021, 15:40
Оқылды: 87

Тасқалада көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді

Сәрсенбі күні Тасқала ауданы әкімдігінің ғимаратында «Күміс алқа» мен «Алтын алқа» иегерлерін марапаттау салтанатты шарасы өтті. Қазақ халқы әрқашан отбасылық құндылықтарды жоғары қойған. Соның ішінде алтын құрсақты аналарды батыр халқымыз ерекше қадірлейді. «Алтын алқа» иегері болып көпбалалы ана Айнагүл Хабибуллина атанса, ал «Күміс алқамен» Жайнагүл Ажғалиева марапатталды. Марапат иелерін аудан әкімі Алдияр Халелов қабылдап, Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 2 маусымдағы №558 Жарлығы бойынша Алтын және Күміс алқаны табыстады.

DE3CB810-F9A9-44E7-BEDE-64D798807987

– Бұл марапат отбасылық тұрақтылық пен дәстүрді нығайтуға, жас ұрпақты тәрбиелеудегі ата-ананың сіңірген еңбегіне бағытталған. Бұндай марапат пен мақтаулар балаларына берген мейірімі мен қайырымдылығы үшін тапсырылады. Отбасының алтын діңгегі болып, тағылымды тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғап жүре беріңіздер. Балаларыңыз аман-есен өсе берсін, – деді аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы өзінің құттықтау сөзінде. Сондай-ақ іс-шара барысында бірнеше тілектер айтылып, жылы лебіздер білдірілді. Шараға қатысқан «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері де мемлекет тарапынан ана мен балаға жасалып отырған қамқорлықтарға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты. Барлық санитарлық талаптар сақталып өткен шара барысында естелік суретке түсті. Атап өтсек, өткен жылы аудан көлемінде екеуі «Алтын алқамен», сегізі «Күміс алқамен» марапатталған болатын. Аталған марапаттар 1993 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген. «Алтын алқа» наградасы жыл сайын жеті және одан артық баланы, ал «Күміс алқа» алты баланы тәрбиелеп өсірген аналарға беріледі. Амангелді ауылының тұрғыны Айнагүл Хабибуллина жеті бала тәрбиелеп отырған алтын құрсақты ана. – Төрт ұлым, үш қызым бар. Баланың көп болғаны қандай жақсы! Бір-біріне бауырмалдығы артып, ағайыншыл болады деп ойлаймын. Өмірінің қиын сәттерінде бір-біріне демеу бола біледі. Елбасымыздың қолдауымен қазіргі таңда ата-аналарға, көпбалалы отбасыларға беріліп жатқан көмектерге ризамыз, – дейді «Алтын алқа» иегері Айнагүл Хабибуллина. Қазіргі таңда Оян ауылында тұратын Жайнагүл Ажғалиева да алты бала тәрбиелеп отырған батыр ана. – «Әр баланың өзінің несібесі бар» дейді қазақ халқы. Бүгінгі марапатқа қатты қуанып тұрмын. Бұл мен үшін үлкен сый болды. Бұйырса, жуырда жетінші баланың анасы атанамын. Бала – біздің болашағымыз. Көпбалалы аналарға қолдау көрсетіп отырған елімізге алғыс айтқым келеді. Әр жас отбасының көпбалалы болуына, күміс, алтын алқа алуларына тілектеспін, – дейді «Күміс алқа» иегері Жайнагүл Ажғалиева.

Болат Бек,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале