Тасқала аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Мен оқыған 30 кітап» жобасы аясында өткен «Оқылған кітап - айтылған ой» аудандық подкаст-видео байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Әли Бердешев, аудандық маслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Касимова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мендібек Лукбанов және білім саласының қызметкерлері қатысты.

Байқау барысында ауданның 7-8 және 9-11 сынып оқушылары өздері оқыған кітаптарды шығармашылық тұрғыда талдап, бейнеподкаст форматында ұсынды. Қатысушылардың ізденісі мен ойлау қабілеті қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Қазылар алқасының шешімімен көптеген қатысушылар «Ынталандыру» номинациясымен марапатталды. Сонымен қатар ІІІ орын иегерлеріне 50 мың теңге, ІІ орын иегерлеріне 70 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар табысталды.

Байқаудың қорытындысы бойынша 7-8 сыныптар арасында І орынды «Сәулет» мектеп-лицейінің оқушысы Артурқызы Айназ иеленіп, 150 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Ал 9-11 сыныптар арасында мектептен тыс жұмыс орталығының оқушысы Жұмабай Арнұр Нұрланұлы жеңімпаз атанып, 150 мың теңге көлеміндегі бас жүлдені жеңіп алды.

Кітап - білімнің, тәрбиенің және рухани дамудың қайнар көзі. Осындай тағылымды жобалар арқылы кітап оқуға құштар жастардың қатары көбейіп, олардың шығармашылық әлеуеті арта беретініне сенім мол.
Бекжан Өтемісов,
Тасқала ауданы