21.07.2026, 16:30
Оқылды: 20

Тасқалада орақ науқаны қарқын алды: Аудан әкімі егіс алқабын аралады

Биылғы жыл аудан еңбеккерлері үшін ерекше әрі  берекелі болды. Көктемде жер-ананы мәпелеп, тұқымын дер кезінде сепкен диқандардың маңдай тері бүгінде ақталып, алқаптар алтын масаққа толды. Табиғаттың да қабағы ашық болды. Көктем мен жаздағы жауын-шашынның мол түсуі егіннің жайқалып өсуіне, мал азығының жеткілікті дайындалуына қолайлы жағдай жасады. Сондықтан, биылғы науқанды шаруалар «ырысты жылдың жемісі» деп бағалап отыр.

егін (2)

Дәл қазір аудан көлемінде егін орағы қызған шақ. Әрбір алқапта комбайндардың гүрілі естіліп, дала төсінде еңбек дүбірі күшейген. Бұл - жыл бойғы еңбектің қорытындысын шығаратын жауапты кезең. Сондықтан егін орағы аудан басшылығының да тұрақты бақылауында.

Тасқала ауданының әкімі Талғат Асқарұлы бірқатар шаруашылықтарды аралап, орақ науқанының барысымен танысты. Аудан басшысы Мерей ауылдық округіне қарасты Айнабұлақ ауылындағы тәжірибелі диқан Санат Габжановтың егіс алқабына арнайы барып, мол өнімнің куәсі болды. Алтын түске боялған алқапты аралаған аудан әкімі шаруаның еңбегіне ризашылығын білдіріп, науқанды сапалы әрі уақытылы аяқтаудың маңызын атап өтті.

егін (6)

Санат Габжанов - табанды еңбектің арқасында кәсібін кеңейтіп, ауыл шаруашылығын дамытуға өзіндік үлес қосып жүрген шаруалардың бірі. Ол 2015 жылы 600 гектар жерден бастаған кәсібін бүгінде 3400 гектарға дейін ұлғайтқан. Шаруашылықта төрт РСМ тракторы, екі заманауи астық жинайтын комбайн және егіс жұмыстарына қажетті заманауи техника толық пайдаланылуда. Сонымен қатар 150 гектарға судан шөбін егіп, мақсар мен күнбағыс өсіруді де жолға қойған. Бүгінде шаруашылық алты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Біз барған сәтте алқап басында жұмыс бір сәтке де тоқтамаған. Комбайндар бірінен соң бірі алтын масақты орып, астық тиеген көліктер тынымсыз қатынауда. Шаруашылық әр гектардан 60 центнерге дейін өнім алып отыр. Бұл - соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

- Биыл мұндай өнім болады деп күткен жоқпын. Өнімділік ойлағаннан да жоғары шықты. Ендігі міндет - осы астықты ысырапсыз жинап алу. Бұған агротехникалық талаптарды толық сақтап жұмыс істеуіміз де, табиғаттың қолайлы болуы да әсер етті, - дейді шаруашылық басшысы Санат Габжанов.

Сапар барысында аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Самиғолла Шукуровты да сөзге тартып, аудан бойынша егіс алқабы мен мал азығының дайындалу барысын сұрап білген едік. « Жалпы аудан бойынша биыл 54 мың 800 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде 7 мың 120 гектары күздік дақылдарға тиесілі. Қазіргі таңда орақ жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Орташа өнімділік гектарына 28 центнерді құраса, агротехнологияны дұрыс қолданып, тыңайтқыштарды уақытылы енгізген шаруашылықтар 65-70 центнерге дейін өнім алып жатыр.

егін (7)

Жаздық дәнді дақылдар 20 мың 100 гектар алқапқа егілген. Оның ішінде 11 мың 100 гектары жаздық бидай, 7 мың 200 гектары арпа, 680 гектары сұлы және 400 гектары жасымық. Ал, майлы дақылдар 11 мың 100 гектар жерге орналастырылып, оның 1 мың 367 гектарына күнбағыс, қалған бөлігіне мақсар егілген.

егін (5)

Ауданда мал шаруашылығының қарқынды дамуы мал азығы алқаптарының да жыл сайын ұлғаюына ықпал етуде. Биыл 16 мың 550 гектар жерге мал азығы дақылдары себілді. Оның ішінде 8 мың 100 гектары біржылдық судан шөбі болс,  1 мың 200 гектары көпжылдық шөп, өткен жылдан қалған 7 мың гектар алқап та тиімді пайдаланылуда. Бүгінде 42 мың тонна мал азығы дайындалған.

Биыл табиғаттың қолайлы болуы мен шаруалардың жауапкершілігінің арқасында егін де, мал азығы да жақсы шықты. Ендігі міндет - науқанды дер кезінде сапалы аяқтап, қысқы жемшөп қорын толық қамтамасыз ету, - дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Самиғолла Рахметоллаұлы.

Ия, мол өнім - маңдай тердің өтеуі. Осы жерде «елде болса, ерінге тиеді»- деген  халық нақылы еріксіз еске түседі.

Биылғы берекелі жыл соның айқын дәлелі. Алқаптағы әрбір алтын масақ  еңбек адамының табандылығы мен төзімінің жемісі. Сондықтан аудан диқандары үшін бүгінгі басты міндет - еселі еңбектің нәтижесін уақытылы жинап, ел қамбасын сапалы астықпен толықтыру.

егін (3)

Егін орағының жоғары ұйымдастырылуы мен аудан әкімінің тұрақты бақылауы бұл маңызды науқанның межелі мерзімде әрі сапалы аяқталуына негіз болмақ.

Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале