22.02.2024, 19:00
Оқылды: 7

Тасқалада пленум мен кеңес мүшелері бас қосты

Бүгін Тасқала аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Жәрдемғали Балыковтың төрағалығымен ардагерлер ұйымының кезекті пленумы өтті.  Жиынға аудан әкімі Талғат Шакиров пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез, сондай-ақ, пленум мен кеңес мүшелері қатысты. 

IMG_8211

Күн тәртібінде көтерілген бірінші мәселе  аудандық ардагерлер кеңесі мен  пленум мүшелерінің құрамына өзгерістер енгізу жөнінде Жәрдемғали Балыков хабарлама жасаса, екінші мәселе Шежін ауылдық ардагерлер ұйымының жұмысы туралы аталмыш ұйымның төрағасы Оразғали Балмулдиннің есебі тыңдалды. Ауылдық округте ардагерлер ұйымының  әкім аппаратымен бірлесе атқарған жұмыстарын жіпке тізген Оразғали Абылайұлы кезінде өзі де жас болғанда ауылдағы ақсақалдардың «тәйт» деген сөзінен  тәрбие алғанын тілге тиек етті. Және  ақсақалдардан да  бос уақытын текке өткізбей кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, дұрыс жаққа бағыттауға ықпал етуін сұрады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Қазақстан халқына жолдаған Жолдауынан «Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы қоғамдық сана мен азаматтардың ниеті өзгеруі керек деген үзіндіні келтіре отырып адам ең  бастысы санасы мен  ниетін  түзеу керектігін айтты. Одан әрі сөз алған аудан басшысы Талғат Асқарұлы алдымен бар жұмысты тазалықтан бастау керектігін, үлкендер соған бас-көз болу керектігін  алға тартты. Қазіргі таңда ауданымызда жастар жағы  балаларын орыс мектебіне беруі көбейіп жатқанын айта келіп, осы бағытта үлкендеріміздің ақыл-кеңесінің керектігін ескертті. Яғни үгіт насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Шындығында тәуелсіздікке қол жеткізіп, енді ғана етек-жеңімізді жинап, қазақилыққа бет бұрдық деген заманда балаларымыздың орыс тілінде білім алуы кез-келген аудан тұрғынын ойландыратын мәселе. Сондықтан, мұны әр адам өз отбасынан бастап, басқаларының да санасына жеткізу керек.

Жиын барысында жарыссөзге қатысқан аналар кеңесінің төрайымы Майра Нұрмақова ұлттық тәрбиеге тоқталды.

IMG_8199

Тау халықтарында «ақылды қариясы жоқ елде дана ұрпақ өспейді деген тәмсіл бар. Яғни олар қарияларына қатаң талап қояды екен. Ал осы тәрбие мәселесін қозғағанда біздің өзіміздің ұлттық тәрбиеміз әлемге теңдесі жоқ тәрбие дер едім. Себебі, қазақта қанмен келген, ұят пен ибадан тұратын жазылмаған дала заңы бар. Үлкендердің алдын кеспеу, сөзін бөлмеу, оларға жақсылық жасап бата алу бұл қазақи тәрбиенің берік құралы. Бата қазақ үшін қасиетті дұға. «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас»- деген мақалды тыңдап өстік. Ал қазір  сол сөздің құдіреттілігі қай жерде, қандай деңгейде. Үлкендеріміз аталы бата айта алып жүрміз бе? Әлде тілек пен батаның арасын әлі де айыра алмай  келеміз бе? деген ойлар мені мазалайды. Өкінішке орай қазіргі таңда ортамызда  қос-қостан дипломы бар, бірақ адамгершілік қасиеттен жұрдай, рухани дүниесі жұтаң, өзім білем дейтін өркөкірек жастар кездеседі. Ал, соларға біз қаншалықты сын-пікір айтып, оларды тәрбиелей алып жүрміз. Біздің бойымызда қоғам мен ұрпақ алдындағы жауапкершілік болу керек.  Бүгінгі таңда ел болып қолға алатын үлкен мәселенің бірі осы деп ойлаймын. Осындай кемшіліктерді дер кезінде түзете білуміз керек деп жиналғандарға үлкен ой тастады. Шындығында бұл тәрбие мәселесі бір ғана жиынмен тоқтап қалатын дүние емес. Осыған байланысты жиынға  қатысқан әр ақсақал өз ойларын ортаға салып, тәрбие мәселесі төңірегінде жұмыла  жұмыстану керектігін айтты. Жиын соңында пленумның жобасы қабылданды.

Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале