2.06.2020, 17:43
Оқылды: 83

Тасқалада шаруасы шалқыған ауыл бар...

«Ауыл – алтын кеніш» деген қанатты сөздің астары қаймағы бұзылмаған, ынтымағы жарасқан деген негізге саяды. Біз де осындай Тасқаладағы өзге округтерден көш ілгері тұратын Амангелді ауылдық округіне ат басын бұрдық.

AF150691-0BC9-4AE8-BF28-7C41443052B6

Ауылдық округ әкімі Қазбек Меңдібайұлымен жұмыс бөлмесінде сөйлесудің мүмкіндігі болмады. Қоңырау шалғанда, мамандар оның жұмыс бабымен жүргенін айтты. Мамандардың айтуынша, округте 1331 адам тірлік кешуде. Нақтырақ айтар болсақ, Амангелді ауылында – 1146, І Шежінде – 185 тұрғын тіркелген. Округте – 23 шаруа қожалығы, бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 3 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі бар. Ауыл шаруашылығы саласындағы 54 адам дала төсінде еңбек көрігін қыздыруда. Округте «Керей», «Ханшайым», «Сапенов», «Сүндетқалиев», «Еңбек», «Чулаков», «Аслан», «Алтай» сынды 8 шаруа қожалығы және 3 ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің («Ақкүтір», «Нигметола», «Бекет-Аман») ірі қара малды асылдандыру жұмысы көш ілгері. Сондайақ округте 26 шаруа қожалығы есепке алынған. Соның бесеуі мал басын асылдандырумен айналысуда. Атап айтар болсақ, «Сәпенов» (жет: С.Сәпенов), «Еңбек» (жет:Ж.Дүйсенғалиев), «Сүндетқалиев» (А.Сүндетқалиева, «Чулакова» (Н.Чулакова), «Керей» (Қ.Қиясов) шаруа қожалықтарының халықтың малдарын асылдандыру бағытындағы жұмысы ел алдында. Өткен жылы жоғарыда есімдері аталған 8 шаруа қожалығы мен 3 шаруашылық коперативіне 11 млн. 28 мың теңге субсидия аударылған. Бұл көрсеткіш 2018 жылы – 10 млн. 680 мың теңгені құраған. Соның ішінде мал бағытындағы 8 шаруашылық құрылымы 8,981 млн. теңгеге, техника сатып алу үшін 3 шаруа қожалығы 2,047 млн. теңге субсидияға қол жеткізген. Осы жылдың қаңтарында округте ірі қара – 1756 , сиыр – 907 болса, ұсақ малдар – 3669, жылқы – 279, құс – 3012 болған.

Мәдениет үйі жөнделуде

Сондай-ақ ауылда екі наубайхана, дүкен, мал соятын орын бар. Іргетасы 1969 жылы қаланған мәдениет үйіне қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Мердігер – «Дизайн» ЖШС. Жергілікті жұмыс қолы ғимаратты бұзу, ескі шатырларын ауыстыру жұмыстарымен айналысуда. Мамырда басталған құрылыс тамызда аяқталады деп күтілуде. Халықтың басым бөлігі жеке шаруашылықпен айналысқандықтан әрі ауылды көгілдір отынмен қамтитын станция осы жерде орналасқандықтан ер-азаматтар осы мекемеде жұмыс істеп, тұрақты табыс көзін тапқан. Шындығында, сырт көз «дәулетті» деп атайтын мекенде халықтың басым бөлігі жеке шаруашылықтың сарқылмас көзін тауып, қораларындағы малдарын еселеген. Жалпы, ауылдық округтің тамыры сонау соғыс жылдарынан бұрын құрылған «Красный Урал» колхозынан бастау алады екен. Кезінде бұл жерде тірлік кешкен тұрғындардың дені қазақ, татар, орыс ұлтының өкілдері. Олар мал өсіру, егіншілік сынды жұмыстармен айналысқан. Тіпті осы кішкентай, бірақ ынтымақты ауылда кезінде екі қабатты намазхана, шіркеу бой көтерген деседі. 1938 жылы мешітте «Ленин» орденінің иегері Зұлқарнай Мұсаев балаларға бастауыш сыныптан сабақ берген. Мешітте дәріс бергеніне қарағанда, арабша оқытқан да болуы мүмкін. Бірақ деректерде бұл анық көрініс таппаған. Сондай-ақ ауылда перзентхана сынды шағын ғана әйел босандыратын үй де болыпты. Кейін ол орын 7 жылдық мектепке айналған. Колхозда плантация болғанын да айтады ауылдағылар. Оған Салахи Сұлтаев есімді ауыл тұрғыны күтім жасаған. Бірақ сол күндердің бүгінде ізі де жоқ. Сырын ішіне бүгіп, зымырап өтіп жатқан уақыт қана төреші. 1920 жылдардағы дінге қарсылық кезінде ауыл мешітін қаскөйлер өртеп жіберген деген дерек сақталған. Ал 1943 жылы шіркеуді жергілікті халық отынға, тамызыққа бұзып алыпты. Колхозда қазақ-орыстармен бірге 110 татар үйі кейін жан-жаққа тарап, көшіп кеткен. Бертін келе еңбек майталмандары егіс даласындағы қажырлы еңбегі үшін мадақталды. Есімдері ел есінде. Солардың бірі – Ару ағай Ибраев.

«Тракторист болу ол кезде ол кезде космонавт болумен бірдей»

Амангелділік «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордені, «Еңбектегі үздік» медалінің иегері – Ару Ибраевты жасы сексеннің сеңгіріне қадам басты деп әсте айта алмайсыз. Өмірінің 40 жылында далада трактор рөлінде отырып, бел шешпей еңбек еткен майталман ақсақал тың, сергек. Алпыстың ауылынан ұзамаған жандай әсер береді. Сабырлы мінезінен бе екен, жүзінде бір де бір кәрілікті паш етіп тұратын әжім көзге шалынбады. Өмірдің қиындығын бір кісідей көрген ақсақал әдемі әзілін де жоғалтпаған екен. Өткен күндері туралы әңгіме тиегі ағытылғанда: «Ол кезде тракторист болу – космонавт болумен бірдей еді, шынжыр табанды тракторға мінгенде танкіге мінгендей болдық. Ойдан орғытып, қырдан секіртіп» деген сөзі езуге еріксіз күлкі үйірді. «Жер қозғалмаса, қозғалмайды» дейтіндей сабырлы жан әсте әңгімеге жоқ екен. Өткен күннің белгісіндей болған орден, медальдары да сақталмапты. Иә, Ару ағайдың бала кезін соғыс жалмаған. Асқар тау көретін әкесі Қуан Ибраев соғыста (Ұлы Отан соғысы) із-түссіз жоғалған. Бұл әулетте ағасы мен әпкесі ерте бақилық болып, отбасында анасының сүйеніші боп бір өзі ғана қалған. Колхоздың сиырын сауатын анасы Нұрзияға жәрдемдесіп, аяғы тілім-тілім боп жалаң аяқ бұзау да баққан. 17 жасынан дендеп жұмыс істеген. Ал 1957 жылы алғаш рет трактор рөліне отырыпты. 1969 жылға дейін Ару ағай Шежін ауылында жұмыс жасаған. Жастайынан еңбекке әбден төселіп, шынығып өскен. «Ол кезде бос жүріс деген болмайтын, – деп еске алады өткенді. – Көшеде жүргеніңді көрсе, шақырып алып, бір жұмысқа жібереді». Осындай қатаң талаптың арқасы болар, Ару ағай егіс даласындағы жоспарды артығымен орындауға бар күш-жігерін сарп етті. Еңбек майданында алдыңғы саптан көрінді. Қырдағы егін жинау кезіндегі қарбаласты айтсаңызшы. Бұрылуға мұрша болмайтын еді-ау. Күн ұясынан шықпай тұрып, үйге қас қарайғанда бір-ақ оралатын. Партия алдындағы тапсырманы артығымен орындау – парыз еді-ау. Бас тартып көр. Ондайларды партия қатаң жазалайды. Сондықтан ба, ешкім бас тартпайтын. Әр адамға берілген жоспарды артығымен орындап, 10 мың центнерден дән бастырып, қамбаға құятын. Нағыз қайнап жатқан тіршілік ауыл жастарын шынықтырды. Совхоз құралғанда Черняев Павел Николаевич деген азамат Амангелді ауылын басқарды. Еңбекқор тұғын. Той-топыр жасағанды ұнатпайтын. «Той жасамаңдар, еңбек қызып жатқанда» деп рұқсат бермейтін. Айтқаны – заң. Бағынбай көр. Таңертең сағат 5-те тұрып, түнгі 12-де бір-ақ оралатын қырмандағылар. Ол да бір қызық дәурен еді.. Ж.Махметов, Мерекенов, А.Қосаев сынды жолдастарымен дала төсінде еткен еңбегі де қызықты еді. Қызғану, көре алмау деген атымен жоқ. Ол кезде жалынды жастар құлшынып, бір-бірімен таласып жұмыс істейтін. Ойлап отырса, сол уақытта 300 гектар жердің егінін шапқан кезі болып еді. Ару ағайдың айтуынша, сол кездің жастары ақша алмаса да, бар ынта-жігерлерін еңбекке жұмсайтын. Демалыс деген атымен жоқ. Таңның атысы, күннің батысы қырманда жүретін оларға тек жаңбыр жауған кезде ғана демалуға мүмкіндік туады екен. Бірақ Бақыт апайдың айтуынша, Ару ағай ол кезде де үйде бос жатпай, комбайн, трактордың ақауларын тексеремін деп жұмысқа кететін көрінеді. «Осы апайыңа бір көргеннен есім кетіп, ғашық болып қалдым», – деп әзілдеп қойды. Зайыбы Бақыт апамен колхозда жұмыс істеп жүріп танысқан екен. 

58A27C0A-316B-408F-92CB-0C9C4BC4D01F

Аулаларында әдемі гүл, бақша өнімдері жайлап бой көтере бастапты. Зейнет жасында да бос қарап отырмағаны байқалып тұр. Ауылдың әр үйіне көгілдір отын тартылған. Тіпті монша да газбен жанады. Ауланың ортасында әппақ боп тұрған ошақ көзімізге түсті. «Бұл неге керек болды екен?» деген заңды сауал туындайтыны анық. «Ошақты әлі пайдаға асырып жүрсіз бе?», – деп сұрадым. «Жоға, – дейді Бақыт апа. – Бұл – енемнің көзі. Жарықтық немерелеріне жазда ақсары өңі қып-қызыл боп, осы қазан-ошақпен шып-шып терлеп, бидай қуырып жүретін. Ұлыма «мен тірі тұрғанда осы пешке тиіспей-ақ қойшы», – деп сұрап алдым дейді ана.

C2A55A35-C6D8-4543-8817-F1CC104E02BB

Енесіне деген ізеті, сағынышы көңіл елжіретеді екен. 95 жасқа келіп, жалғызының бар жақсылығын көрген кейуана небір заманның қиындығын да қасқая көтере білген адам. Шіркін, бүгінгінің ақсаусақтары сол жандардың қадірін білсе ғой деген ой санамды кезіп кетті. Амангелдінің пейілі кең, қарапайым еңбек адамдарымен танысып, ауданға бет түзедік. Көкейде көп ой...

Гүлнар Қадырова,

Тасқала ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале